©El.kz/Артем Чурсинов

Әлемде алғаш рет В гепатитін анықтайтын жедел тест жасалды

Әлем ғалымдары В гепатитін анықтауға арналған алғашқы жылдам тест әзірледі. Ол сезімталдығы бойынша ПТР (полимеразды тізбекті реакция) әдісімен бірдеу, бірақ нәтижені бар-жоғы 25-30 минутта көрсетеді. Бұл туралы Ресейдің Роспотребнадзор мекемесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Мекеме жанындағы Эпидемиологияның орталық ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары вирусқа арналған әлемдегі алғашқы жылдам диагностикалық тестіні тіркеген. Ол изотермиялық амплификация (Loop mediated isothermal amplification, LAMP) әдісіне негізделген.

Мамандардың айтуынша, бұл тест ПТР әдісіндей дәл нәтиже береді, бірақ дәстүрлі зерттеу тәсілдеріне қарағанда диагноз қою уақытын бірнеше есе қысқартады.

Жаңа әдіс В гепатитін жылдам әрі нақты анықтауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде науқастарды ерте кезеңде анықтап, қажетті ем тағайындау мен эпидемияның таралуының алдын алу шараларын жеделдетуге жол ашады.

Айта кетсек, В гепатиті – бауырды зақымдайтын жұқпалы ауру. Ол цирроз немесе бауыр обыры сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Инфекция көбіне қан және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғады. Ең осал топқа балалар мен иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жатады.