Жаңалықтар

Әлем біріншілігі, бізді күт!

Қазақстан футзалдан әлемдік додаға тікелей жолдама алды
Әлем біріншілігі, бізді күт!
06.02.2020 11:49 3785

Футзалдан Әлем біріншілігіне берілетін жолдамалар сарапқа салынып, Қазақстан қатарынан екінші рет айтулы турнирде бақ сынауға мүмкіндік алды. 

Күтпеген жеңіліс

Қазақстан — Румыния 1:3 (0:1)
Гол салғандар: 
Стойка 2 (0:1), Савио 33 (0:2), Тоница 34 (0:3), Игита 39 (1:3)
Соғылмаған пенальти: Сеч 38 (қақпашы). 

Қазақстан Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуінде Румыниядан жеңіліс тапқан еді. Чехияның Брно қаласында D тобының төрт командасы әлем біріншілігіне берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салған-тын. Осы элитті топқа түсу үшін ойнатылған іріктеу кезеңінде Қазақстан румын құрамасын өз жерінде 4:2 есебімен ұтып кеткен болатын. Бұл жолы олар ескі қарсыластан қарымта қайтара алды. Ойынның екінші минутында Румыния құрамасының капитаны Думитру Стойка Игита қақпасының кілтін тапты. Отандық аяқдопшылар бесінші ойыншы ретінде қақпашыны жиі-жиі ойынға араластырғанымен, еш нәтиже шығара алмады. Керісінше Игитаның қателігінен румындықтар есепті еселеп кетті. Голдың авторы – Савио. Арада бір минут өтер-өтпестен қарсылас кипері Тони Тоница қақпашыны ойыншыға алмастырған қазақстандықтарды тағы да жазалап үлгерді. Ол үшінші голдың авторы атанып, жерлестерімізді өте қиын жағдайда қалдырып қойды. Кака шәкірттері қанша тырысқанымен, румындардың қорғанысын бұзып-жара алмай әбден әбігерге түсті. Оның үстіне пенальти орын алып, Игита кеткен қателігінің орнын толтырып, 4-ші доптың тордан табылуына тосқауыл болды. Әлемнің экс-үздік кипері келесі минутта мергендігімен көзге түсіп, есепті 3:1-ге қысқартқан. Бұл матчтан кейін Қазақстан турнир кестесінің соңғы орнына жайғасып, мундиальға қатысу мүмкіндігін кәдімгідей қиындатып қойған болатын. Өз кезегінде алаң қожайындары Чехия құрамасы Словенияны тізе бүктіріп, әлем біріншілігіне баруға бір қадам жасаған-тын.

Сенсациялы жеңілістен соң, Қазақстан құрамасының бас бапкері Кака өз шәкірттеріне толық сенім білдіретінін жасырмады. Ұтылысқа қарамай, ойыншылары жақсы өнер көрсеткенін мақтанышпен жеткізген.

Соңғы минуттағы сәттілік

Словения — Қазақстан 3:4 (0:1)
Гол салғандар: 
Ақбалықов 18 (0:1), Фидершек 27 (1:1), Фетич 31 (2:1), Дуглас Жуниор 32 (2:2), Чуец 34 (3:2), Лео 38 (3:3), Тұрсағұлов 40 (3:4).

Алғашқы кездесуде тапқан жеңілістен соң, қазақстандықтарға үш ұпай ауадай қажет еді. Жай ұтыс емес, көп гол соғып, доп айырмашылығындағы жағдайды дұрыстау керек-тін. Топтың анық аутсайдері боп есептелген словендіктер біздің ойыншыларға айтарлықтай қарсылық көрсетті. Ойынның 18-минутында Ақбалықов жерлестерімізді алға шығарды. Бірақ араға он минут салар-салмас Фидершек таразы басын теңестіріп, паркеттегі ойынды одан сайын қыздыра түскен. Қарсыластар мұнымен қоймай, Ален Фетичтің күшімен есепте алға шықты. Кака шәкірттері барын салып, Дугластың арқасында 2-ші допты соға білді. Алайда, қарсыластар қазақстандықтардың еркінсуіне еш мүмкіндік қалдырмай, үшінші допқа көрімдік сұрады. Гол Кристан Чуецтің атына жазылды. Ойынның аяқталуына екі минут қалғанда Лео сол бұрыштан қақпашының осал тұсын тауып, таблодағы көрсеткішті 3:3 етті. Ал матч аяқталуына 30 секунд қалғанда Дәурен Тұрсағұлов жеңіс добын соғып, Әлем біріншілігіне берілетін жолдамаға деген үмітті сақтап қалғандай.

Көпті шешкен кездесу

Қазақстан — Чехия 5:2 (3:0)
Гол салғандар: 
Дуглас Жуниор 3 (1:0), Дуглас Жуниор 4 (2:0), Тайнан 4 (3:0), Дуглас Жуниор 23 (4:0), Голы 36 (4:1), Тайнан 38 (5:1), Вокоун 40 (5:2). 

D тобында Қазақстан есе жіберген румындар Словения құрамасымен тең ойнаған соң, жерлестеріміз үшін алғашқы орынға шығу мүмкіндігі жақсара түсті. Олай болмаған жағдайда, біздің құрама ойыншылары чехтардан басым түскеннің өзінде, доп айырмашылығына үлкен мән беру керек еді. Ендігі, Кака баптайтын жігіттерге шешуші ойында үш ұпайды қалайда қоржынға салу міндеттелді.

Сондықтан болар, ойынның алғашқы бес минуттығында бір Дугластың өзі дубль авторы атанып, қазақстандықтарға айтарлықтай басымдық сыйлады. Алғашында бразил-қазақстандық шабуылшы қорғаушы мен қақпашыны қапы қалдырып, допты торда тулатқан. Келесі гол стандарттан орын алды. Ал үшінші голды Тайнан соқты. Алғашқы минуттардан мұндай қарсылық күтпеген чех аяқдопшылары тайлы-тұяғымен алға ұмтылып, қазақстандықтардың қарымта шабуылға шығуына мүмкіндік беріп қойды. Қорғаушылар мен қақпашы Вагаладан айласын асырған Тайнан жанкүйерлерді тағы бір қуантты. Брно таблосында 4:0 есебі жарқырағанда, әлі ойнайтын 15 минут уақыт бар еді. Футзал үшін, әсіресе өз алаңында өткізіп жатқан кездесу үшін бұл счет сусымалы екені бәріне аян. Сондықтан да болар, Чехия фтузалшылары қақпашының орнын ойыншымен алмастырып, тәуекелге жиі барды. Онысы өз нәтижесін берді де... Ойынның 36-минутында Голы спорт кешеніне жиналған жергілікті жанкүйерлерді бір серпілтті. Осы гол біршама қуат сыйлаған алаң иелері шабуылдауын тоқтатқан жоқ. Алайда, ашық қалған қақпаны 38-минутта Тайнан дәл көздеп, қазақстандықтардың бесінші голын салған еді.

Ендігі, қалған уақытта қорғаныста жата берсе, істің насырға шабатынын ұғынған Кака ойыншылары Игитаны іске араластырып, алға ұмтылмақ болған. Бірақ, орта алаңдағы қателік чехтардың екінші гол соғуына әкеп соқты. Сонымен, ойынға нүкте қойылды. Турнирді жеңіліспен бастаған отандастарымыз екінші ойында да сәтсіздіктің сәл-ақ алдында қалған. Соңғы кездесуде Еуропаның үздік бестігіне кіретін құрама екенін анық көрсеткендей. Қазақстан бақ сынағын бұл топта екінші орын Чехияға бұйырып, олар сәуір айында әлем біріншілігіне жолдаманы қосалқы ойындар арқылы алуға тырысады. Басқа топтарда әлемдік мундиальға Испания, Португалия, Ресей құрамалары тікелей жолдамаға қол жеткізді. Оның қатарында Қазақстан да болғаны көңіл қуантады.

Осылайша ел құрамасы қатарынан екінші рет әлемдік доданың финалдық кездесулеріне қатысқалы отыр. 2016 жылы Колумбияда өткен біріншілікте отандастарымыз өз тобынан екінші орынмен 1/8 финалға дейін жетіп, Испания ойыншыларынан 5:2 есебімен ұтылып қалған.

Еске сала кетсек, Әлем біріншілігі Литвада осы жылдың 12 қыркүйек –  4 қазан аралығында өтеді. Қазақстан бұл айтулы доданы өткізуге кандидат болған еді.

(Суреттер kff.kz сайтынан алынды)


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға