Жаңалықтар

Әлем түрмелерінде әйелдер саны артқан: олар қандай қылмыс жасаған?

Әлем түрмелерінде әйелдер саны артқан: олар қандай қылмыс жасаған?
Фото: Pixabay.com 13.03.2025 16:46 377

Соңғы деректерге сәйкес, әлем түрмелерінде әйелдер саны артты. Олардың басым көпшілігін қылмыс жасауға кедейлік пен патриархалдық қоғамның кемсітушілігі итермелеген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша түрмелерде отырған әйелдер саны – 733 мың. Соңғы 25 жыл ішінде сотталған ер адамдар саны 22% артса, әйелдер саны 57%-ға өскен. Guardian басылымы бұған кедейлік, кемсітушілік заңдары және зорлық-зомбылық себеп деген.

Әйелдер көбіне ұсақ қылмыс үшін сотталған: балаларына тамақ ұрлау және қайыр сұрау. Тағы бір тобы өз отбасыларын асырау үшін есірткі сатқан немесе жезөкшелікпен айналысқан. Өкінішке қарай, әйелдердің басым бөлігі ескірген заңдар негізінде айыпталған. Африканың батысындағы Сьерра-Леонеде бұрын тәртіп сақшысы болып қызмет атқарған ер адамның сөзінше, бұл елдегі көптеген әйел отаршылдық дәуірінің заңдары бойынша сотталған.

Сонымен қатар түсік жасатқаны, суицид әрекеттері және бір жынысты қарым-қатынас үшін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған әйелдер саны аз емес. Кейбір елдерде әйелдер бақсылық үшін темір торға қамалады, мұндай әйелдер қатарына негізінен тұрмыс құрмаған, жесірлер немесе балалары жоқ жандар кірген.

Бұдан бөлек киімге байланысты сотталған әйелдер де бар. Себебі кей елдерде хиджаб кимеу ауыр қылмыс саналады және 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесу көзделген.

Баяндама авторлары сотталған әйелдердің саны негізі миллионнан асуы мүмкін екенін ескертеді.

Қазақстанда да сотталған әйелдер саны артқан. 2025 жылғы ақпандағы деректер бойынша, қазақстандық түрмелерде 6 399 әйел қамауда отыр, оның 2 692-сі қамау орындарында және 3 707-сі пробациялық бақылауда. Шағын және орташа ауыр қылмыс үшін сотталған 1 220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға