Әлем халқының 40%-ы неврологиялық аурулардан зардап шегуде – ДДСҰ
Әлемдік қауымдастық неврологиялық аурулардан зардап шегіп отырған 3 миллиардтан астам адамға көбірек назар аударуы тиіс. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жаңа есебінде айтылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ДДСҰ дерегінше, қазіргі таңда әлем елдерінің үштен бірінен азы ғана жыл сайын 11 миллион адамның өмірін жалмайтын неврологиялық дерттермен күресуге бағытталған ұлттық саясат қабылдаған. Ұйым мәліметіне сәйкес, әлем халқының 40 пайыздан астамы, яғни 3 миллиардтан көп адам осындай аурулармен өмір сүріп келеді.
Бүгінде әлем халқының үштен бірі ми қызметіне әсер ететін аурулармен ауырады. Біз олардың медициналық көмекке кеңінен қол жеткізуі үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек, – деді ДДСҰ Бас директорының көмекшісі Джереми Фаррар.
Оның айтуынша, көптеген неврологиялық аурулардың алдын алуға және тиімді емдеуге болады, бірақ әсіресе ауылдық аймақтар мен инфрақұрылымы нашар өңірлерде мұндай медициналық көмек көпшілікке қолжетімсіз.
Есепте өлім мен мүгедектікке жиі әкелетін негізгі неврологиялық аурулар қатарында:
- инсульт,
- неонаталдық энцефалопатия,
- мигрень,
- Альцгеймер ауруы және өзге деменциялар,
- қант диабетіне байланысты нейропатия,
- менингит,
- идиопатиялық эпилепсия,
- шала туған балалардың неврологиялық асқынулары,
- аутизм спектрі бұзылыстары,
- жүйке жүйесінің қатерлі ісіктері аталған.
Бұл аурулар ең ауыр соққыны табыс деңгейі төмен елдерге тигізіп отыр – мұндай мемлекеттер неврологиялық мамандармен қамтамасыз ету жағынан дамыған елдерден 80 есеге дейін артта қалған.
Зерттеу авторларының айтуынша, ДДСҰ құрамындағы елдердің тек 53%-ы (194 елдің 102-сі) ғана бұл есепке қатысқан. Бұл жағдайдың өзі әлемде неврология мәселесіне аз көңіл бөлінетінін айғақтайды.
Қазір әлем елдерінің:
тек 32%-ы неврологиялық аурулардың алдын алу мен емдеу бойынша ұлттық бағдарлама қабылдаған;
бар болғаны 18%-ы осы мақсаттарға арнайы қаржы бөліп отыр.
Салдарынан көптеген елдерде денсаулық сақтау жүйесі үйлесімсіз, ресурстар жетіспейді, ал неврологиялық көмекке мұқтаж адамдар мен олардың отбасылары тиісті қолдаудан қағылып отыр.
ДДСҰ әлемдік қауымдастықты мидың саулығын жаһандық басымдық ретінде қарауға және ғылыми негізделген неврологиялық көмек аясын кеңейтуге бағытталған нақты шараларды тез арада қабылдауға шақырды.

