Жаңа жыл - әлемдегі ең кең таралған әрі ең көп тойланатын мерекелердің бірі. Дегенмен бұл мереке барлық елде бір күнде атап өтіле бермейді, деп жазады Еl.kz интернет порталы.
Мысалы, Қытайда Жаңа жыл ай күнтізбесіне сәйкес қаңтар мен ақпан айлары аралығында тойланса, Иран мен Орталық Азия халықтарында жыл басы 21 наурыз - Наурыз мейрамымен байланысты. Израильде де жаңа жыл қыркүйек–қазан айларына сәйкес келеді. Бұл әр халықтың тарихи-мәдени ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан.
Тарихшылардың айтуынша, Жаңа жылды тойлау дәстүрі б.з.д. 3000 жылдары ежелгі Месопотамияда пайда болған. Ал 1 қаңтардың ресми түрде жыл басы болып бекітілуі б.з.д. 46 жылы Рим императоры Юлий Цезарьдың реформасымен байланысты. Қаңтар айы римдіктердің екі жүзді Янус құдайының құрметіне аталған, ол өткен мен келешекті байланыстырушы символ ретінде қабылданған.
Жаңа жылды қарсы алу уақыты да географиялық орналасуға байланысты әртүрлі. Әлемде Жаңа жылды ең алғаш болып Тынық мұхитындағы Кирибати мемлекетінің Лайн аралдары қарсы алады. Ал ең соңғы болып АҚШ-тың Гавай аралдары мен Американдық Самоа тұрғындары жаңа жылға қадам басады. Осылайша, Жаңа жыл жер шарында бір тәулікке жуық уақыт бойы тойланады.
Жаңа жылдық шырша безендіру дәстүрі XVI ғасырда Германияда пайда болған. Алғашқы жасанды шыршалар XIX ғасырда қаз қауырсынынан жасалғаны белгілі. Кейін бұл дәстүр бүкіл Еуропаға, одан кейін әлемнің басқа елдеріне кең тарады. Бүгінде шырша жаңа жылдың басты символдарының біріне айналған.
Жаңа жыл мерекесін отшашусыз елестету қиын. Фейерверк алғаш рет Қытайда шамамен мың жыл бұрын пайда болып, жын-шайтанды қуу үшін қолданылған. Сонымен қатар көптеген халықтарда түн ортасында тілек тілеу дәстүрі бар. Сағат 12 соққанда айтылған тілек жаңа жылда орындалады деген сенім кең тараған.
Әр елде жаңа жылды қарсы алудың өзіндік ерекше дәстүрлері бар. Испанияда сағат соққан сайын 12 жүзім жеу керек болса, Данияда ескі ыдыстарды есік алдына сындырады. Жапонияда жаңа жыл түні қоңырау 108 рет соғылады, ал Бразилияда ақ киім киіп, теңізге гүл тастау арқылы жаңа жылды қарсы алады.
Қазақ халқы үшін дәстүрлі жаңа жыл - табиғаттың жаңаруымен астасқан Наурыз мейрамы. Бұл мереке жаңару, бірлік және береке ұғымдарымен тығыз байланысты. Осылайша, Жаңа жыл әр халықта әртүрлі аталып өтсе де, оның негізгі мәні — үміт, жаңару және жарқын болашаққа сенім арту болып қала береді.

