Әлем елдері климаттық жоспарларын жеделдетіп тапсыруы қажет – БҰҰ
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) әлем елдерін, соның ішінде Еуроодаққа мүше мемлекеттерді, өздерінің жаңартылған ұлттық климаттық жоспарларын мүмкіндігінше тезірек тапсыруға шақырды. Бұл туралы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі рамалық конвенциясының атқарушы хатшысы Саймон Стиэлл хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Париж келісіміне сәйкес, әрбір мемлекет зиянды шығарындыларды 2035 жылға дейін қалай қысқартатынын көрсететін ұлттық деңгейде айқындалған үлестерін (ҰДАҮ) ұсынуға міндетті. Алайда көптеген елдер биылғы ақпандағы соңғы мерзімді өткізіп алды. Тіпті, арада алты ай өтсе де, әлі де әлемдегі ірі ластаушы мемлекеттердің бір бөлігі жаңа жоспарларын жолдамаған.
Олардың қатарында ЕО-ға мүше елдер де бар. Брюссель жоспарды кешіктіруді 2040 жылға арналған ортақ климаттық мақсаттар бойынша келіссөздердің әлі аяқталмауымен түсіндірді. Франция мен Польша секілді елдер заңдық міндеттемелерді бекітуді кейінге қалдыруды талап етіп отыр.
Стиэлл елдерге қыркүйек айының соңына дейін өз жоспарларын тапсыру қажеттігін ескертті. Себебі қарашада Бразилияда өтетін COP30 климаттық саммитінде осы құжаттар негізінде жаңа жаһандық есеп дайындалады.
Бұл жоспарлар жай ғана қағаз жүзіндегі мәлімдеме емес. Олар – XXI ғасырдағы экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігі, әрі климаттық дағдарыспен күрестегі басты құрал, – деді Стиэлл.
БҰҰ басшысы елдерге 24 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін Бас Ассамблеяны климат саласындағы жаңа қадамдарын жариялайтын алаң ретінде пайдалануға кеңес берді.

