Жаңалықтар

Әлем чемпионы: Әр спортшының өзіндік тактикасы болады

Джиу-джитсудан әлем чемпионы – Самат Сәрсенұлы
Әлем чемпионы: Әр спортшының өзіндік тактикасы болады
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 18.11.2022 18:14 2841

Биыл еліміздің спортшылары әлем чемпионатында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Солардың бірі Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған – Самат Сәрсенұлы. Ол 56 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар арасында үздік атанды. Бұл оның спорт саласындағы ең алғашқы үлкен жүлдесі, бірақ соңғысы еместігін айтады. Жас спортшының болашаққа деген арман-мақсаттары мен спорттағы техникалық әдіс-тәсілдері туралы өзінен сұрап білдік.

– Джиу-джитсудан әлем чемпионы атандыңыз.  Әлем чемпионатына дайындық қалай өтті?

– Әлем чемпионатына өте жоғары деңгейде дайындалдық. Джиу-джитсу қауымдастығынан бас бапкерлер мен жаттықтырушылар жеке оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Күнделікті жаттығу жасап, денемізді шынықтырдық. Аурып, жарақаттанып қалмаудың амал-тәсілдерін жасадық.

Әр спортшының өзіндік тактикасы мен техникасы болады. оны көбісі ашып айта бермейді. Менің айтарлық үлкен тактикам бар деп айта алмаймын. Дегенмен үлкен додаларда жеңіске жету үшін дайындық пен көп еңбекті талап етеді. Ондықтан спортшы тек өзіне сенуі керек.

Менің жаттықтырушымның есімі – Тимур Сыдықов. Жаттығу мен дайындық барасында жеңілінен бастап, күрделі формадағы түріне дейін бірге жасаймыз. Үлкен додаларға жолдама алған кезде әрдайым шәкірттеріне қолдау көрсетіп, біздің денсаулығымызды да қадағалап отырады. Екінші әкеміздей болып кетті.

– Сіз үшін әлем чемпионатында басты қарсылас кім болды?

– Менің басты қарсыласым ол – мен. Әлем чемпионатына дүниежүзінің кіл мықты спортшылары жиналып, бәсекелесті. Әр спортшы өзінше мықты қарсылас. Сондықтан нақты біреуінін есімін атап, баға беру қиын.  

Әлем чемпионы: Әр спортшының өзіндік тактикасы болады

– Джиу-джитсумен қашаннан бастап айналысасыз? Ең алғашқы сіз қатысқан дода есіңізде ме?

– Джиу-джитсумен 2017 жылдан бастап айналысамын. Ол кезде колледждің 1 курс студенті болдым. Джиу-джитсумен қызығып айналыса бастадым, кейін хоббиіме айналды. Хоббиім мені үлкен марапаттар мен жетістіктерге жеткізді. Қазірде мақсатым айқын. 2018 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатыстым. Мен үшін бұл спорт саласындағы алғашқы үлкен додам болды.

Бүгінде спорт саласында көптеген жарыстарға қатысып жүрген спортшы ретінде аз да болса тәжірибе жинадым. Болашағымды да осы спорт бағытында ғана елестете аламын.

– Неге таңдауыңыз осы спорт түріне түсті?

– Джиу-джитсу басқа спорт түрлерінен қарағанда көп салалы спорт түріне жатады. Қазіргі таңда джиу-джитсу әлемдегі танымал спорт түріне айналып, қарқынды дамып келеді. Бүгінде жастар мен балалар, тіпті ересектер арасында джиу-джитсуға қызығушылық танытып жатқандары бар.

Негізінде мен джиу-джитсуға келмей тұрып, 3 жыл еркін күреспен кәсіби түрде айналыстым. Спортқа бала кезімнен жақын болдым. Түрлі үйірмелер мен кружоктарға қатыстым.

Әлем чемпионы: Әр спортшының өзіндік тактикасы болады

– Кумиріңіз кім?

– Менің кумирім – менің ағам. Есімі – Елдос Қабденов. Ол әлемнің 2 дүркін чемпионы атанған. Оны Қазақстанның мықты спортшыларының қатарына жатқызар едім. Ағам мені әлем чемпионатына дайындады. Тәжірибесі бар спортшы ретінде өзінің әдіс-амалдарын үйретіп, қолдау көрсетті.

–  Әлем чемпионы ретінде жас спортшыларға қандай ақыл-кеңес бересіз?  

– Өз басым «Еңбек бәрін жеңбек» дегенді ұстанамын. Сондықтан спортқа енді қадам басып жатқан спортшыларға айтарым, жұмыс істеп, еңбектену керек. Спортшы үшін маңызды дүние – жаттығу. Спорт – жұмыс пен хобби ғана емес, ол салауатты өмір. Әр адамның бойында спортқа аз да болса қызығушылық пен құлшыныс бар деп ойлаймын. Сондықтан спортпен айналысуға шақырамын.  

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға