Мурод Юсуф / Gazeta

Әлем чемпионатына шыққан Өзбекстан құрамасына айыппұл салынды

Азия футбол конфедерациясы (АФК) Өзбекстан футбол қауымдастығына Катарға қарсы өткен матчтағы ереже бұзушылықтар үшін 340 мың доллар көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы gazeta.uz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Бұл шешім 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында 10 маусым күні Ташкентте өткен Өзбекстан – Катар кездесуінде тіркелген тәртіп бұзушылықтармен байланысты. Матч соңында Өзбекстан футбол қауымдастығы АФК-мен келісімсіз жабылу рәсімін ұйымдастырған және BYD көліктерін табыстау арқылы рұқсатсыз жарнамалық акция («эмбуш-маркетинг») өткізген.

АФК-ның тәртіптік комитеті атап өткендей, Өзбекстан футбол қауымдастығы халықаралық жарыстарды ұйымдастыру ережелерін бірнеше мәрте бұзған. Атап айтқанда, ұйым:

  • жабылу рәсімін АФК-ның алдын ала рұқсатынсыз өткізген;
  • АФК мен оның коммерциялық серіктестерінің маркетингтік құқықтарын қорғауға тиісті қолдау көрсетпеген;
  • рұқсат етілмеген жарнамалық іс-шаралардың алдын алмаған.

Бұл – қауымдастықтың қайталама тәртіп бұзушылығы болып саналады. Сондай-ақ қауымдастық АФК-ның ресми іс-шараларын, соның ішінде баспасөз мәслихаттары мен сұхбаттарды ұйымдастыруда қажетті көмек көрсете алмаған, - деп жазады басылым.

Осыған байланысты Тәртіптік комитет Өзбекстан футбол қауымдастығына жалпы сомасы 340 мың доллар айыппұл салды (екі бұзушылық үшін – 300 мың және 40 мың доллар).

Айта кетейік, Катарға қарсы матч Өзбекстан құрамасы үшін әлем чемпионатына іріктеудегі соңғы кездесу болған. Сол сәтте ел құрамасы финалдық кезеңге жолдаманы қамтамасыз етіп қойған еді. Ойынға Өзбекстан президенті отбасы мүшелерімен және өзге елдердің жетекшілерімен бірге қатысып, матч соңында алаңға шығып, футболшыларды марапаттаған.

«Газета» басылымының мәліметінше, АФК шешімінде айтылған «эмбуш-маркетинг» BYD маркалы көліктерді стадион алаңына шығарып, сол жерде футболшыларды автокөліктермен марапаттау рәсімін білдіреді.