Әлем чемпионаты: Оразбек Асылқұлов тұңғыш рет алтынға таласады
Қазақстандық боксшы Оразбек Асылқұлов Дубайда өтіп жатқан әлем чемпионатында финалға шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз жартылай финалда ресейлік Андрей Пегливанянды айқын басымдықпен жеңді.
Бұған дейін Оразбек ширек финал үшін өткен жекпе-жекте испаниялық Карлос Мартинес Бернардомен кездесіп, үш раунд бойы қарсыласын толық үстемдікпен ұтып шыққан еді. Ал 1/8 финалда Эсватини боксшысы Мукело Дламинді жекпе-жектің небәрі 22 секундында нокаутқа түсіріп, сенсациялық жеңіске қол жеткізген.
Ресей боксшысымен тартысты жекпе-жек болды. Ресей 13 боксшысын әкеліп, соның барлығы жартылай финалға шыққан. Менің қарсыласым - ұтылған алғашқы ресейлік боксшы. Алдағы финалдық айқасқа тыңғылықты даярланамыз. Бапкерлер кеңесін айтып отырды. Асықпай, салқынқанды бокстасу керектігін тапсырды, орындадық, - деді Асылқұлов жекпе-жектен соң.
Асылқұлов - 2024 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
IBA ұйымдастырған әлем біріншілігі 3 желтоқсанда Дубайда басталған. 8,32 миллион долларды құрайтын жүлде қоры бар бұл жарысқа әлемнің 118 елінен спортшылар қатысып жатыр. Финалдық кездесулер 13 желтоқсанда өтеді.

