Жаңалықтар

Александр Речинский: Қазақты жақсы көргендіктен ислам дінін қабылдадым

Александр Речинский: Қазақты жақсы көргендіктен ислам дінін қабылдадым
Фото: коллаж El.kz 13.03.2024 18:00 936

Ұлты орыс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын Александр Речинский бүгінде қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі. Ол ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында тергеуші мамандығы бойынша 3 курста білім алады. Кейіпкеріміз Шымкент қаласы Сайрам ауданындағы №4 балалар үйінің түлегі.

Александрдың 4 қарындасы бар.

2017 жылы әкеміз қайтыс болғаннан кейін бізді балалар үйіне өткізді. Онда 16 жастағы үлкен қарындасым Владлена, 12 жастағы София мен Ангелина есімді егіз қыздар, 8 жастағы кішкентай қарындасым Ольга тұрып жатыр. Олар да мен сияқты екі тілде еркін сөйлесе алады. Тіпті қарындастарым қазақ тілін менен жақсы біледі десем болады. Сондықтан да қазақ тілінің біз үшін алар орны ерекше, – дейді ол.   

Кейіпкеріміз үшін қазақ тілін үйрену мүлде қиынға соқпаған. Себебі оған тілді кішкентай кезінен бері жанында жүрген достары үйреткен.

Кішкентай кезімде достарымның басым бөлігінің ұлты қазақ болды. Олармен бірге ойнап жүріп, тілді еркін үйреніп алдым. Қазіргі таңда жақындарыммен екі тілде сөйлесе беремін. Сол кезде қазақ тілін үйренуге атсалысқан жандарға алғысым шексіз. Тіл арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас құрады. Қазақтілді ортаға барғанда қиналмай, еркін сөйлесе аламын. Мұның өзі бір бақыт, – деді Алексанр Речинский.

Ол тіпті қазақтың тілін меңгеріп қана қоймай, ислам дінін де қабылдаған.

Маған қазақтың салт-дәстүрлері ұнайды, қазақ ұлты өзімнің жаныма жақын. Осыдан 2 жыл бұрын әбден ойлана келе ислам дінін қабылдау туралы шешімге келдім. Офицер, мұсылман достарым мені мешітке апарды. Сол кезден бері намаз оқуды да бастап кеттім. Ислам дінін қабылдағалы бері өмірге деген көзқарасым өзгерді. Қазір Рамазан айы. Бізге парыз етілген оразаны биыл ниет етіп, 3-ші рет ұстап жатырмын. Ислам дінінің үйретері көп. Жалпы оразаның өзін алар болсақ, ол адам ағзасының тазаруына көмектеседі. Күніне бірнеше рет темекі шегетін адам ораза ұстайтын болса, ол кешке тек бір рет қана шегумен шектеледі. Сол себепті де ислам дінінің адамға тек оң жағынан әсер етеді деп айтқым келеді, – деді ол.

Алексанр Речинский оқуын аяқтағаннан кейін Шымкент қаласына қайтып, сол жерде жұмыс істеуді жоспарлап жүргенін де айтты.

Төртінші курсты аяқтағаннан кейін дипломымды алып, туған жерім Шымкентке барып, қазақ еліне адал еңбек етуге дайынмын. Өзінің еліне, жеріне қызмет ету – әр азаматтың парызы деген ойдамын. Осы елде тудым, осы елде отбасын құрып бір тірегіне айналғым келеді. Болашақ жарымның да қандай ұлттан екені емес, оның ислам дінін ұстанған, мәдениетті, ибалы, инабатты қыз болғанын қалар едім, - деп сөзін қорытындылады Алексанр Речинский.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға