Теннис федерациясы

Александр Бублик Швейцариядағы турнирдің финалына өтті

Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің финалына өтті6 деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Теннис федерациясының мәліметінше, жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 116-орында тұрған франциялық Артур Казомен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Бублик екі рет брейк жасап, айқын басымдылық танытты – 6:1. Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 7:5. Бір сағат 12 минутқа созылған бәсекеде Бублик 12 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ.

Александр Бублик финалда әлемнің 109-ракеткасы, аргентиналық Хуан-Мануэль Серундоломен чемпиондық атақты сарапқа салады. 

Біз бұған дейін Александр Бублик Швейцарияның Гштаад қаласында өтіп жатқан ATP 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алғаны туралы жаздық.