Теннис федерациясы

Александр Бублик қатарынан екінші рет ATP 250 турнирінің финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Александр Бублик Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды Теннис федерациясына сілтеме жасап El.kz интернет порталы.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингіде 103-орында тұрған нидерландылық Ботик ван де Зандсхулппен шеберлік байқасты. 

Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Бублик брейк жасап, сосын өз мүмкіндігін жібермеді – 6:3. Есесіне екінші сетте Зандсхулп 3:0 есебімен алға шықты. Дегенмен Бублик қайыра екі брейк жасап, ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4. 
Осылайша қазақстандық теннисші қатарынан екінші рет топырақ төсенішіндегі турнирдің финалына өтті. Бұдан бір апта бұрын ол Гштаад (Швейцария) ATP 250 жарысында жеңімпаз атанған еді.

Александр Бублик финалда рейтингіде 100-сатыдағы франциялық Артур Казомен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Бұған дейін Александр Бублик ATP 250 турнирінің жартылай финалына өткені туралы жаздық.