Теннис федерациясы

Александр Бублик ATP 250 турнирінің финалына шықты

22.09.2025 21:07

Теннистен Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Александр Бублик Ханчжоудағы ATP 250 турнирінің финалына өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик жартылай финалда қытайлық У Ибинді (№196) 6:3, 6:3 есебімен жеңді. Матч 1 сағатқа созылды. Отандасымыз 17 эйс жасап, үш қос қате жіберді және 5 брейк-пойнттің үшеуін тиімді пайдаланды.

Енді финалда қазақстандық теннисші француз Валентен Ройемен кездеседі. 

Бұған дейін Александр Бублик Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ATP 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.