Жаңалықтар

«Алдымен мен ғашық болдым»: Назгүл Қарабалина танымал актермен отбасын қалай құрғанын айтты

«Алдымен мен ғашық болдым»: Назгүл Қарабалина танымал актермен отбасын қалай құрғанын айтты
Фото: instagram.com/azamatc 11.10.2023 16:18 1194

Отандық актриса Назгүл Қарабалина күйеуі Азамат Сатыбалдымен қалай танысқанын айтып берді. Бұл туралы Назгүл Қарабалина «Дастархан” бағдарламасында тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мен Азаматпен академиядан бері таныспын. Бір курста, бір топта оқыдық, бір ұстаздан білім алдық. Ең алғаш Азаматты емтихан залында көрдім. Мен оқуға қабылданбай жүрдім. Төртінші рет келіп фортепиано ойнап беремін, бірақ оқуға қабылдамайды. Сөйтіп анамның жанында күңіреніп отырсам, залға бес жігіт кіріп келді. Көзім бірден Азаматқа түсті. Бірақ «мына жігіт сүйкімді екен» деп ойлайтындай жағдайда болмадым. Ол кезде Азамат қазіргідей сүйкімді емес еді. Толықтау, көзі сығырайған. Десе де оған бір қарап тоқталдым. Олар келіп сахнаға шығып, бірден оқуға қабылданды. Менің одан сайын ашуым келді. Кейін бірге оқыдық, Азамат топтың старостасы болды. Мен батыстың қызы болғандықтан мінезім тік. Бір-бірімізді жақтырмай жүрген сәттер де болды. Кейін жақсы көріп кеттік, – дейді актриса.

Актрисаның сөзіне қарағанда, ол болашақ жарына қойын дәптер арнап, екеуінің отбасы болуын Құдайдан тілеген.

Шыны керек, академияда оқып жүрген кезде Азамат мені ұната қойған жоқ еді. Азаматқа алғаш ғашық болған мен болатынмын. Жасыратыны жоқ, Азаматтың маған көңілі ауса екен, мені көрсе екен, байқаса екен деген сәттер болды. Оған қойын дәптер арнаған болатынмын. Оның ішінде де бұл өлеңдер бар. Ол кезде Азамат басқа бір қызды ұнатып жүретін. Сол қойын дәптерде мынадай жазба болатын. «О, Алла Тағала, егер Азамат маған назар аударса, екеуіміз үйленсек… Оның көпбалалалы отбасыдан екенін білемін, олар 9 ағайынды, оны сен де білесің. Әке-шешесі зейнеткерлер. Соған қарамастан мен оның ата-анасына қарайласып, аға-әпкелерімен жақсы қарым-қатынаста болатын едім. Маған тек екеуіміздің қосылуымызды нәсіп етші» деп жазатынмын. Соны бір күні Азамат оқып қойыпты. Енді ондай адам керек қой. Өзі «әке-шешеме қараймын» деп тұрса. Содан кейін ойланған болуы керек. Азамат бастапқыда есеппен үйленді, менде шынайы сезім болды. Қазір мені жақсы көретін сияқты, – дейді Назгүл Қарабалина.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға