Әлеуметтік желі

Албанияның ЖИ-министрі 83 баланың «анасы» атанады

Албания тарихындағы алғашқы жасанды интеллект министрі ерекше жаңалығымен бөлісті. Ол 83 «цифрлық баланың» анасы атанбақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы ел премьер-министрі Эди Рама Berlin Global Dialogue форумында жариялады. Форум аясында цифрлық істер жөніндегі жасанды интеллект министрі Диелла алғаш рет сұхбат беріп, көпшілікке таныстырылды. Ол — дәстүрлі албан киіміндегі әйел бейнесінде ұсынылған виртуалды тұлға, бейнесі толықтай нейрожелілер арқылы жасалған.

Эди Раманың айтуынша, ЖИ-министрдің «83 баласы» парламент депутаттарына бөлініп беріледі:

Әрбір осындай “бала” депутаттың жеке цифрлық көмекшісі болады. Ол парламент отырыстарына қатысып, жазбалар жүргізіп, кеңес беріп отырады. Еуропалық заңнаманы да анасындай жақсы меңгерген болады, - деді премьер-министр.

Айта кетейік, Диелла қыркүйек айында цифрландыру министрі қызметіне тағайындалған. Оның басты міндеті - Албаниядағы мемлекеттік сатып алу жүйесін барынша ашық әрі жемқорлықтан таза ету. Бұған дейін ол e-Albania платформасында азаматтар мен компанияларға құжат рәсімдеуде виртуалды көмекші ретінде жұмыс істеген.