Алаяқтар танымал профессордың үйінің ақшасын шетелге аударған
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Белгілі журналист әрі профессор Кәкен Қамзин Алматыда интернет-алаяқтардың құрбаны болып, жалғыз баспанасынан айырылып қалды. Қазір аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ішкі істер министрлігінің Киберқылмыспен күрес департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай істің мән-жайын айтты.
Қазіргі таңда күдіктіні анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді. Бұл азаматтың баспанасы – өз атына тіркелген жылжымайтын мүлік. Менің ойымша, ол баспанасыз қалмайды. Алаяқтық дерегіне құқықтық баға беріледі, – деді ІІМ өкілі Жандос Сүйінбай.
Профессор Кәкен Қамзиннің үйінің ақшасын алаяқтар шетелге аударған болып шықты.
Қазір заңға сәйкес ашып ештеңе айта алмаймын. Бұл қылмыс бойынша біз тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз. Мұндай қылмыстардың қайдан және қалай жасалып жатқанын білеміз. Қазір қылмыскерлердің ақшаны қалай алғаны туралы, қалай шетелге транзакциялармен кеткен туралы тексеріс жүргізіліп жатыр, – деді ІІМ өкілі.
Оған қоса пәтерді сатып алған адамдардың да бұл іске қатысы тексеріледі.
Тексеру аяқталған соң, құқықтық тұрғыда нақты шешім қабылданады, – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстар жазушылар одағының мүшесі Какен Қамзин алаяқтарға алданып, үйін сатып жібергені туралы ақпарат таралған еді.
Алаяқтар ардагер журналист, профессордың сенгіштігін пайдаланып кинодагыдай әрекет еткен. Алдымен Энергосбыт адамдары ретінде хабарласып, мекен-жайы, ЖСН, пәтері туралы ақпаратты біліп алған. Артынан Ұлттык қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, біреулердің, үйін тартып алайын деп тұрганын айтып, тез үйін сатуга көндірген. Ал ақшаны Ұлттык банктің арнайы шотында сақтайсыз деп алдаған. Профессор нотариус арқылы үйін сатып, ақшаны алаяқтар жіберген
курьерге бере салган, - деп жазылған хабарламада.

