Жаңалықтар

Алаяқ тұрғындардан 86 млн теңге жинап алып, бәске тігіп жіберген

Алаяқ тұрғындардан 86 млн теңге жинап алып, бәске тігіп жіберген
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 24.11.2023 16:44 1096

Алаяқ тұрғындардан 86 млн теңгеге жуық қаражатты иемденіп, бәс тігіп ұтылып қалды, – деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарағанды облыстық полиция департаментіне қала тұрғынынан арыз түскен. Жәбірленуші компьютер құралдары үшін тиімді бағаға тендер болып жатқанын біліп, алаяқтың есепшотына 41 миллион 500 мың теңге ақша аударған. Ақшаны алғаннан кейін, серіктес боламын деген адам байланысқа шықпай, барлық байланыс нөмірлерін өшіріп тастаған. Алданғанын түсінген, жәбірленуші бірден полицияға хабарласқан. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті алаяқтың жеке басын анықтады.

Ол 23 жастағы Қарағандыдағы мекемелердің бірінің заңгері екені белгілі болды. Ол жәбірленушіні алдағаны туралы толық мойындады. Жәбірленушіден алған ақшаларды күдікті букмекерлік кеңседе ақша тігуге салып жіберген, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің осыған ұқсас 12 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 86 миллион 400 мың теңгені құрап отыр.

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға