«Alatau City»: Қазақстан жаһандық жаңа қаланың жүйесін құрып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Қытайдың жасанды интеллект саласындағы жаһандық ынтымақтастық бастамасын қолдайтынын атап өтіп, Қазақстанның оңтүстігінде бой көтеретін «Alatau City» жобасына айрықша мән берді.
El.kz интернет порталының тілшісіне берген пікірінде саясаттанушы, Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы Қазбек Майгельдинов жаңа қала смарт қала үлгісінде дамып, 2050 жылға қарай екі миллион тұрғыны бар өңірлік хабқа айналуы мүмкін екенін айтты.
Президенттің айтуынша, бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталыққа айналуы тиіс.
Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов «Alatau City» былтыр Президент жарлығымен Алматы облысында құрылған жаңа қала екенін айтты. Яғни, сол кезде Алматы облысының фрагмент ретінде Жетіген ауылы оның айналасындағы аумақтармен біріктіріліп, осындай жаңа қала пайда болды. Алматы облысында құрылған жаңа қала ретінде Алматы агломерациясының бір бөлігі болып қалыптасты. Бұл шешім Алматы қаласындағы халықтың шоғырлануын азайтып, серіктес қала құру мақсатында қабылданған.
Сарапшының пікірінше, жаңа қала заманауи инфрақұрылымға ие смарт қала ретінде жобаланған. Үкімет бекіткен даму жоспары бірнеше кезеңге бөлініп, 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарламаға негізделген. Болжам бойынша, сол уақытқа қарай қала халқы екі миллионға жетпек. Жобаның бас жоспарын сингапурлық компания әзірлеуде.
«Alatau City» болашақта әлемдік деңгейдегі білім және инновация орталығы ретінде дамиды деп күтілуде. Бұл мақсатта 40 мың студентке арналған кампус, академиялық қала, ғылыми-медициналық кластер салу жоспарланып отыр, – дейді.
Саясаттанушы қаланы дамытуға шетелдік инвесторлар белсенді тартылуда екенін атап өтті. Әсіресе, Қытай компанияларының қызығушылығы жоғары көрінеді.
Қытайлық алпауыт корпорациялар көлік, логистика және өнеркәсіп инфрақұрылымына инвестиция құюға ниетті. Президент атап өткендей, қытайлық серіктестермен ынтымақтастық жобаға жаңа қарқын бермек, – деді.
Дегенмен, сарапшы Қытай инвестициясының екі қырлы әсері бар екенін де ескертеді. Бір жағынан, мұндай қаржы құю өндіріс пен инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға септігін тигізеді. Екінші жағынан, ұзақ мерзімді тәуелділіктің алдын алу үшін Қазақстан өз мүддесін сақтап, жобаны теңгерімді жүргізуі қажет деп есептейді.
«Alatau City» жобасы аясында Қытайдың машина жасау және электроника саласындағы кәсіпорындарымен бірқатар келісімдер жасалған. Дегенмен, сарапшы мұндай жобаларда белгілі бір тәуекел де барын айтты.
Мәселен Қытай капиталына тікелей тәуелділік күшейетін болса, елдің экономикалық дербестігіне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үкіметі инвесторларды әртараптандыруға баса мән беруде. Бұл ретте жобаға Сингапур, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің капиталын тарту көзделіп отыр. Сарапшының айтуынша, ұлттық мүддені қорғау үшін реттеуші тетіктерді енгізу аса маңызды екенін айтады.
Саясаттанушының сөзінше, «Alatau City» Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Жоба Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының өңірлік буыны ретінде қарастырылып, Орталық Азиядағы экономикалық бастамаларында маңызды орын алады.
Қазақстан үшін бұл қала Қытайдың технологиялық және қаржылық қолдауына сүйене отырып, өңірдегі халықаралық экономикалық орталыққа айналуы ықтимал екенін жеткізді.
Айта кетейік, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің былтырғы мемлекеттік сапары барысында екіжақты сауда көлемі рекордтық деңгейге жеткен болатын. Жақын арада бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қытай үшін Қазақстан аймақтағы сенімді әріптес әрі транзиттік-өндірістік база екені белгілі. Сондықтан да инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салу Қытай тарапынан жалғасатыны сөзсіз. Бұл ретте Алатау қаласының орта дәліз бойында, яғни Президент атап жүрген Транскаспий халықаралық көлік бағытының торабында орналасуы ерекше мәнге ие. Бұл фактор Еуропа мен Азия арасындағы тасымалдауда екі елдің ынтымақтастығын күшейтеді, – деді Қазбек Майгельдинов.
«Alatau City» жобасы екіжақты байланыстарды жаңа мазмұнмен толықтырып, аймақтағы инновация мен смарт қала бағытындағы әріптестікті нығайтуға жол ашпақ.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қытайдың жасанды интеллект пен технология саласында жаһандық орталық құру бастамасын қолдай отырып, Қазақстан аумағында да Astana Hub аясында аймақтық технологиялық хаб құру туралы ұсынысынын білдірді.
Сарапшы Үкіметтің негізгі жоспарына сәйкес, 2050 жылға қарай бір миллионға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отырғанын жеткізді. Бұдан өзге қазірдің өзінде қаланың мәртебесі берілгеннен кейін оң өзгерістер байқалғанын айтты. Яғни, Жетіген ауылында жаңа сауда орталықтары, жаңағы жұма сервистік жаңағы тамақтану орындары саны артқан.
Одан бөлек мектеп, аурухана сияқты нысандар жоспарланып отыр. Алатау жобасы іске асқан кезде жергілікті халық үшін экономикалық мүмкіндіктер айтарлықтай артады деп күтілуде. Жобада бір миллионнан астам адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Қалада өнеркәсіп және логистикалық орталықтар қалыптасып, жаңа зауыттар мен фабрикалар ашылады. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындармен қатар көршілес облыстардан мамандар тартуға мүмкіндік береді.
Сарапшының болжамынша, Алатау жобасы тек Алматы өңірінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады. Қытай капиталына қатысты қоғамдық пікірдің де назардан тыс қалмауы тиіс.
Қазақстан қоғамында Қытай инвестициясы тақырыбы жиі қызу талқыланатынын айтады. Сарапшы мұндай әлеуметтік кернеуді бәсеңдету үшін үкімет пен бизнес тарапынан бірлескен жобалар туралы дер кезінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет екенін айтады.
Қазақстан қоғамында Қытай инвестициясы тақырыбы жиі қызу талқыланатынын жеткізді. Сарапшы мұндай әлеуметтік кернеуді бәсеңдету үшін үкімет пен бизнес тарапынан бірлескен жобалар туралы дер кезінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет екенін айтады.
Саясаттанушының сөзінше, бұл жоба географиялық тұрғыда өте қолайлы аймақта орналасқан. Қала Алматы мен Қонаев арасындағы күре жол бойында, сондай-ақ Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізіне тікелей қатысты. Сондықтан жоба толық жүзеге асқан жағдайда, ол Орталық Азиядағы жаңа экономикалық торапқа айналуға әбден лайық.
Жаңа қала инвесторларды, туристерді, студенттерді тартып, өңірлік хабқа айналуы мүмкін. Бұл Қазақстанның аймақтағы экономикалық әрі технологиялық көшбасшылығын нығайтуға үлкен мүмкіндік береді, – дейді Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.
Болашақта индустриялық аймақ аясында экспортқа бағытталған өндірістер ашылып, Қазақстанның сыртқы нарықтағы әлеуеті күшейеді деп күтілуде. Осылайша, смарт қала концепциясы елдің цифрландыру және тұрақты даму саясатының маңызды бөлігіне айналады.
Сарапшылардың айтуынша, экономикалық, интеграциялық және логистикалық тұрғыдан жоба Қазақстанның аймақтағы экономикалық әрі технологиялық көшбасшы ретіндегі рөлін нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.

