Жаңалықтар

Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл (ІІІ бөлім)

Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл (ІІІ бөлім)
Фото: © El.kz 18.06.2021 18:50 8938

«Алғашқы орыс революциясы жылдары ұлт зиялылары көзқарастарында халық мүддесін көздейтін екі түрлі жол, екі ағым айқындала бастаған. Сол еміс-еміс аңғарлар ағымдар тек ғасырдың екінші он жылдығында ғана біршама бетперделерін дербестеп, екі айырылғандай болды. Ел-жұртты қоғамдық тұрғыда дамытып өркендетудің ұлттық-діни жолын таңдаған оң қанаттың серкесі – Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев, осы ретте батысшылдық бағыт ұстанған сол қанаттың серкесі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді. Ол Қаратаевтан он жас кіші болатын»,- деп жазады белгілі жазушы-публицист Бейбіт Қойшыбаев «Әлихан Бөкейханов» кітабында.

Алаш көсемі Әлихан бабамыздың саяси қызметі туралы келесідей суреттеледі. «Оралда құрылған конституцияшылдық – демократиялық партияның қазақ филиалы, оның бас дем берушісі Бақытжан Қаратаевтың басшылығымен, жер-су жөнінде қазақы мүдде тұрғысынан жаңа тұжырымдама жасады. Оның мәні – Дала ережесіне, әсіресе Ереженің қазақ жерін мемлекет меншігі деп жариялаған 120-шы бабына өзгерту енгізуге қол жеткізу-тін. Ол шамамен былай айтылды: «жер-су мемлекеттің емес, қазақ халқының меншігі деп танылсын». Бұлай деу – тарихи әділеттілік тұрғысынан әбден орынды, себебі қазір үкімет заңсыздықпен тартып алып жатқан жер-су – қазақтың ата-бабасынан қалған мұра, өткен аға ұрпақтың пәлен буыны осынау кең-байтақ жерін дұшпандардан қасық қаны қалғанша шайқасу арқылы қорғап келді. Демократиялық Россия қайраткерлері, озық ойлы халық бостандығы партиясы осыған – қазақ халқының тарихи хұқын қазіргі өркениет деңгейіне сәйкестіндіріп, қалпына келтіруге есептесуі тиіс деп санасты қазақ кадеттері».

Алайда бұл – мемлекетті конституциялық тәсілмен күшейтуді көздейтін партияның бағытына қиғаштау болғаны айтылады. Сондықтан да, әрине, мұндай бағдарлама кадеттер көсемдеріне ұнамады. Филиалының ұсынысымен бірге Қаратаев 1906 жылғы қаңтарда өткен съезде де, партиялық «Речь» газетінің наурызда шыққан нөмірінде де қатты сынға ұшырады. Сонда ол қазақ мүддесін бұл партиясыз-ақ парламенттік тәсілмен қорғауды мұрат етті.

Революциялық рухтағы алғашқы екі Мемлекеттік Думада жұмыс істеген қазақ депутаттары ішінде белсенді қызметімен айрықша танылған бірден-бір ерек те дара тұлға – Бақытжан Қаратаев болатын. Ол 1907 жылғы 20 ақпаннан «3 маусым төңкерісіне» дейін жұмыс істеген II Мемдуманың төрт бірдей комиссиясына – МД қоржынына түскен түрлі құжат, хат-хабарды сараптау комиссиясына 7 наурызда, сұрау салулар жөніндегі комиссияға 23 наурызда, ождан бостандығын жүзеге асыруға бағытталған заң жобаларын қарайтын комиссияға 29 наурызда, аграрлық комиссияға 3 сәуірде мүше болып сайланды. Думанның 17 сәуірдегі пленарлық мәжілісіне депутаттық сұрау салу мәселесі бойынша екі мәрте сөйледі.

Ал 16 мамыр күні түстен кейін өткен мәжілісте ұлтымыздың жер-су мұқтажын тілге тиек етіп, үкіметтің отарлау саясатын әшкерлеген, қазақ халқының оппозициялық партияларды жақын тұту себебін аян еткен атақты сөзін айтты. Бұған өзінің күллі қоғамдық қызметінің басты мәселесі – қазақ қолынан шығып бара жатқан жер-су жағдайын реттеу жөнінде Жерге орналастыру мен жер өңдеу істерінің Бас басқарушысы князь Васильчиковтің қабылдауына арнайы бірнеше баруын, депутаттық комиссиялардағы сансыз пікірлесулер мен талқылауларға атсалысуын қосыңыз. Және осының бәрін кадеттерге сүйенбестен жүргізді.

Алғашқы кезде конституционалист демократтар партиясы «халық бостандығы партиясы» делінген көпке ұғынықты екінші атына сай, солшыл партия еді. Солшылдығы арқасында ол Бірінші Дума қуылғанда, Ә.Бөкейханов та қол қойған әйгілі «Выборг үндеуін» ұйымдастырған-ды. Алайда, жоғарыда аталған себептерге қоса,албырт жастықты әлдеқашан артқа тастаған Қаратаев, өзіндік кемел иланым-пайымымен ұлттық мүддені зерделегенде, онымен алыстан сыйласқанды қош көрді.

46 жасар Қаратаев Екінші Дума депутаттығына сайланып, Мемдумада жұмыс істеуге Петрборға келгенде мұсылмандар фракциясына тіркелді.

Дума тарқатылып, «бұратаналар» сайлау құқығына айрылғанда – ол социал-демократтар қатарында жүрді. Ақыры, ақпан революциясынан кейін большевиктер жағына шықты.

Петрборда 1914 жылғы 15-25 маусымда өткен мұсылмандар съезінде қазақ депутаттары діни құқық және жер хақында өзара кеңесіп, Орал,Торғай,Семей,Сырдария,Ақмола,Жетісу,Самарқан,Ферғана облыстарының қазақтары Орынбор мен Түркістан өлкесіндегі мұсылмандардың діни басқармаларына қарау керек деп қорқытты.

Бөкейхановтың тіршілігінде мәселелердің әдет-ғұрып құқығымен шешілуін жалғастыра беру керек деген пікірін кеңес мәжілісі теріс деп тапты. «Халық соттарында шынайы әдет құқығы сақталмайды,ықпалдылар,ақшалылар қалағанын істейді, зорлық қылады,одан құтылу үшін шариғат жолын ұстау керек. Бөкейхановтың соттан іс жүзінде әлдеқашан жоғалған әдет құқығын қорғаштауы – қазақты басқа мұсылманнан ажырату, дінінен айыру, орыстандыру саясатына жағдай жасау. Байқамай болса да, ол – миссионерлер саясатын қолдап отыр. Оның пікірін кеңес қазақ халқының тіршілік қалпына зарарлы деп табады»,-дегенге сайды оңшыл ағым қайраткерлерінің ұжымдасқан пікірі.

«Қазақ мұсылман емес, көп болса – жартысы мұсылман. Шариғат қазаққа зиянды,-деп есептеді солшыл серке Бөкейханов. Сол ойын департамент чиновнигі алдында дәлелдемекші болды.

Қаратаев: «...қазақтың мұсылмандығына шүбә айту ылайық емес... айтушылар орыстар еді, һәм ғұрып әдетпен хакім қылуды міндет қылған хұкімет еді. Егер ғұрып әдетт құптасақ, хүкіметпен жолдас болып, қазақ қор бола берсін,һәм діннен айырылсын деген болған шығар», -деді.

Бұл кезде Самарада тұрған масон Бөкейханов батысшылдыққа қатты еліктеп, елдің, қазақы тыныс-тіршіліктің ішкі жанына тереңдемеген-ді.

«Хұқімет переселениені ешбір тоқтататын емес һәм пайдасындағы ыңғайлы жер алудың шегі-шеті көрінбейді. Сол себепті қазақ халқының егінге қолайлы барлық жерінен айырып қалу қаупі бар.

Отырықшылыққа айналғанда көп болып айналу керек, бір болыс елден кем болмасқа керек. Азғантай үйлерге һәм егін, һәм мал шаруашылығын істеуге жер тие қоймайды. Көп болып отырықшылыққа айналғанда қала-қалаларға жан басына берілетұғын он бес десятина қолайлы жерлердің арасында егінге қолайсыз, мал шаруашылығына қолайлы жерлер көп тиеді.

...Әлихан Бөкейханов пен «Қазақ» газетінің отырықшы нормадан көшпелі норманың артықтығы турасындағы пікірлері қазаққа біле-көре тұра болса да, яки аңғармағандықтан болса да, залал келтіріп тұр. Неге десеңіз, көшпелі норма болған уақытта қазақ жері патшалыққа керек болғандай болса - алына береді.

Жерге..дінге...қауіп... қазақ сиязын жасау керек... Сияз бола қалса, бұрын сиязға қарсы болып жүрген Ә.Бөкейханов та болуы керек»,-деп жазды «Айқапта» Бақытжан Қаратаев,Серәлі Лапин, Жиһанша Сейдалиндер.

Күн тәртібіндегі өткір мәселенің байыбына ұлт мүддесі тұрғысынан бара алған оңшыл қайраткерлердің пікірі міне осындай болған...ъ

Көшпелі күйде халқымыздың Қазан төңкерісіне жеткені мәлім. Аштан қырылудан амал қалғандары отырықшы боп ұйысқан ұжымшыларға жер қу тақырлардан тигені тағы белігілі.

Қаратаев болашағы бұлдыр көшпенділіктен бастартуға өзінің жеке басының әсер етуге де әрекет жасады.

Міржақып Дулатов 1911 жылы: «Ішкі Россиядан бұлттай көшіп келе жатқан мұжық алдағыға көз салуды үйреніс қылмаған қазақ халқын да ойға қалдырды,-деп жазды. – Бұрынғыдай көшіп жүру керек пе, 15 десятинадан ер басына жер кестіріп қала болу керек пе?! мәселесі көптің көңілінде һәм тілінде ойнай бастады.

Қазақ халқының келешектегі халін қаңғырушы оқығандар һәм ноғай туғандарымыздың білімділері газеттерде жазып, сонымен қатар тезірек сұранып, жақсы жерге орнығып отыруды пайдалы көрді.

Атақты қазақ адвокаты 2 Дума члені сұлтан Бақытжан мырза Қаратаев өзіне ерген ағайындарымен тиісті жерін кестіріп алып, қала болды. Қаратаев тәжірибиесі деулеттілердің біразына ой салды: малдың біразын сатып, қала болсақ қайтеді? Алайда бұл ұсыныс ықпалдылар тарапынан қабыл алынбайды.

Міржақып айтқандай: «... бірақ халықтың арасынан шыққан бағзы оқыған білімділерімізден қала болу пікіріне жан-тәнімен қарсы тұрушылар бар». Бұл қарсылықты – ұзамай солшыл қанат мінбесіне айналған «Қазақ» газеті де уағыздайды.

Өкінішті жәйт – көп құлақ түрген солшыл қайраткерлер, басы Әлекеңнің өзі болып, алдағы апаттың алдын ала алмады. Озық ұсынысқа лайықты мән бермеді. Көшпенді өмірдің ықтимал келешегін болжауда сергектік танытпады. Мұның ақыры – бар болғаны бір мүшел өтер-өтпестен, большевизмнің «Кіші Қазан» іс-шарасын жүргізуге апарғаны, соның салдарынан халықтың дәстүрлі шаруашылығы еріксіз түрде, зорлықпен, түбегейлі тұралатылғаны мәлім.

Мал ұстап, егін егуге қолайлы жерлерді дер кезінде патша заңына сәйкес-ақ иемденіп,отырықшылыққа күйзеліссіз өту мүмкіндігін пайдаланбаған, коммунистер тарапынан «жартылай феодал» айырым-белгісі тағылған 700 бай 1928 жылы тәркіленеді. Ол – азып-тозудың алды ғана еді.

Бүгінде – бір кезде жер қайысқан мал құралған байлықтан – аңыз ғана қалған..

Ел бастар ұрпақ өкілдері арасындағы көзқарастар қақтығысы барша халыққа, оқу-білімге қол созған жастарға «Айқап» пен «Қазақ» арқылы жетіп тұрғаны белгілі. «Қазақстан» газеті аз уақыт қана шығып тоқтап қалды да, қоғамдық ойды қалыптастыруға осы қос баспасөз тілі қызмет етті.

Журнал негізінен діни-ұлттық оңшыл ой-пікірлерге орын берсе, газет оны сынай отырып, дауысын заман тынысымен үндес шығаруға тырысты. Екі басылым арасындағы көзқарастар үйлеспеушілігі – жанашыр оқырмандар тарапынан ымыраластыруды мұрат еткен тілектер тудырып жатты.

Мәселен, Құлмат Бектұров деген кісі журналға ашық хат жариялады: «... құдай тағала білімділеріміздің көңіліне салып әуелі Троицкіден, екінші Орынбордан басшы шығарды.

... Білімді мырзалар арасында тағы партиялық намысы кіріп, бірі: «-Ау, алаштың азаматы, біздің қазақтың жерін өлшеп, артығын мұжыққа алып беруге ұйғарылды. Енді көшпенділік қалады. Жақсы жерлеріңізге жиылып, учаске болып,өзіңізге һәм мешіт-медресеңізге де жер жырттырып алып қалыңыз,-деп кеңес берсе, екінші мырза: «..Ойбай, қазақ, жерді жиылып ала көрмеңдер, қалайда болса, бұрынғы көшпелі болып, жер алып қалуға іздене көріңіз. Учаске болып алсаңыздар малдан айрыласыздар,- деп әуелгі кеңес-мәслихаттың терісіне сілтейді».

Ашық хат авторы осы сөздермен қоғамдық пікір ахуалын жүйелей келіп, былай түйеді: «..басшы болған һәм қаламымен қызмет еткен білімділеріміздің көрсетіп жатқан өнерлері бұрыннан миы ашып, басы қаңғырған надан халқымыздың одан сайын жаман басын қаңғыртып тұр. Істің алдына, келешегіне түсінбеген соң, қай жағына, ауысуға білмей дағдарып тұрған жаны бар.

Енді уақыт таянды, білім таластырмай, сөз жарастырмай, ұлт пайдасын ойлап біз пақырға бір тура жол көрсетсеңші,бауырларым. «Қазақ» пен «Айқаптың» келген нөмірлері сайын екі түрлі сөз, екі түрлі кеңес келеді..» -Қой, ақша беріп, бірталай егес,уайым сатып алар халіміз жоқ, газет-журнал сатып алмай-ақ та дау-жанжал,сөз күрестіруден құры емеспіз..»-дегенді тәуір, көзі қарақты, дәулеті бар мырзалардан өз құлағыммен естідім. 

...Төменшілікпен өтінемін, ала араздықты қоя тұрып,бізді бір жарыққа шығара көріңдер»

Дүйсенбайұлы дейтін оқырманның пікіріне назар салайық: « ... Айқаптың» бірнеше нөміріне қазақтың ру-аталарын жазыпсыз һәм үміт етіпсіз – білген кісілер толық қылып жазар деп..

Әпендем. Біздің қазақ-өзбек халқына бірлік кіріп, басы қосылмай, «алты ауызды алаш» аталғалы сол ұру-ұруға бөлініп, ұран шақырып партия болғаннан еді. Сіз журналыңызға жазып оны не қыласыз? Ұмытқан кісілер бола қалса есіне түсіп,қайтадан бір елді, бір ауыл бір ауылды шауып, бірлігі кете түссін деген жұмыс па? Мұны газет-журналменен көрсетпей-ақ,қазір өзі де ұмытар емес. Етігін шешіп бақайын санайды ол турада жолаушы жүруге әуелі жолды білуге керек»

Бұған және сол секілді пікірдегілер мен батысқа көзсіз табынатындарға журнал редакторы 1912 жылы былай жауап берді: «Сол ұру-ұрудан қазақ қанша залал көрген, асылында ұру деген не нәрсе,.. ата-бабаларымыздың қалпын, жайын біліп естіген, білмей жаңылып істеген нәрселерге жазып, айтып, халыққа түсіндіру керек дейміз.

Тарих жазу, оқуда мақсат осы емес пе?!

Аталардың үлгі боларлық ісі болса,қолға ұстап, залалды істері болса,ол істі енді істемей тастау үшін тарих керек емес пе?!
...Қазақ халқы үшін тарихты білу керек.

...Біздің нәсіліміз – түрік. Тарихтардың айтуына қарағанда – ешбір атадан кем болмаған. Бір заманда бүкіл дүниені тітіретіп тұрған сол.. жиһангерлер, ..мәшһүр ғалымдар шығарған сол түрік халқы емес пе? Осындай аталардың балалары бола тұрып та – түркіліктен қашудың себебі не,біз түсіне алмаймыз».

Мойындау ләзім, 20 ғасырдың алғашқы он жылдықтарындағы сонау қоғами ахуал соңғы жүзжылдық тамамдалар тұста да жаңаша сипатпен көрініс беретіндей.. Сондықтан да аға ұрпақ өткен жолды жақсылап танып-білген жөн.

1915 жылдың «Айқап» жабылған төртінші тоқсанынан бастап, ұлт намысын жыртатын қоғамдық пікір жалғыз «Қазақ» газетінің беттерінде қалыптастырып жатты.

Ал «Қазақ» газетінің рухани көсемі, қаламы жүрдек серкесөзшісі – Ә.Нұрмұхамедұлы болды.

Бес жылдан артық жарық көріп тұрған газеттің барлығы 265 саны шықты. Тиражы алғашқы жылы 3 мың болса, ұзамай 8 мыңға дейін барды. Газет Дала өлкесіндегі алты облысқа, Ішкі Ордаға, Ферғанаға, Самарқанға, Каспий сыртына, Петрборға, Мәскеуге, Орынбордың өзіне,Уфаға, Қазанға,Қытайға,Түркияға,Томға және басқа да қалаларға тарайтын. Күллі көзі қарақты оқырман «Қазақты» асыға тосып жүретін болды.

Император Николай II-нің теперіші 

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен қазақ даласы жаңа сынға душар болды. Император Николай II өзінің мұрагер кезіндегі саяхаты үстінде қазақ даласында көрген бай көріністерді еске түсірді. Сөйтіп әскерін материалдық тұрғыдан жабдықтау жөнінде үкіметіне қырдағы мыңғырған малды ескерген тиісті тапсырмасын берді.

Содан майдан мұқтажына әуелі қазақтың үйір-үйір жылқысы айдалды. Атты әскер тек бұратаналар табынынан жетпіс мыңдай тұлпар мінді. Отар-отар қой, ұзын саны үш жүз мың бастай ұсаз тұяқ соғыстағы жауынгерлер асханалары үшін етке салынды. Майдан далаларында көшпелі баспана етуге он үш жарым мыңдай киіз үй апарылды. Соғыс жүктерін тасымалдау үшін батысқа он үш мыңдай түйе жөнелтілді.

Елде түрлі салық мөлшері артты. Азық-түлік көпшілік тұтынатын ең қажет тауарлар құны өсті. Құнарлы жерлерден қазақтарды күштеп айыру жұмысы жалғасып жатты. Осының бәріне қосымша, жұрт арасында қорқынышты ұзынқұлақ – қазақтан солдат алынатын болыпты деген сыбыстар тарай бастайды.

Соғыс ахуалында тұрғанда – Ресей отаны саналатын қазақтың да әскер қатарына шақырылуы ықтимал екендігі зиялыларға күмәнсіз көрінді. Сондықтан олар бұл мәселе жөнінде баспасөз бетінде пікір қозғады.

Жалпы, империя үкіметі қазақ арасына шексіз билігін тереңдетіп енгізе түскен сайын қазақты үрей билейтін. Осы біз де татар мен башқұрт кебін киіп солдатқа алынып кетпес пе екенбіз десетін. Егер әскерге алмаймыз десе болды, жергілікті әкімдердің бар шартына мойынсұна беретін. Алайда,бұл мәселе тек заңмен шешілуге тиіс, оны жалпы жұрт білмейтін. Сол орайда,Ә.Нұрмұхамедұлы мұның егжей-тегжейін халыққа осы соғыстан көп бұрын-ақ әңгімелеп берген-тін.

«Біздің Россия – Европа патшалығы,-деп ұғындырған ол,-яғни біздің патшалық сияқты патшалыққа ие болса – закон арқылы болады, законсыз жалғыз қылшық түспейді». Өстіп Әлекен Ресейдің құқықтық мемлекет екеніне қалаусыз сенетінін айтқан. Сөйтіп баяғы «бостандық күндерін» сыйлаған. Жоғары мәртебелі құжаттың маңызын да еске алған: «1905-ші жылғы 17-нің октябрьден беру, бұрынғының үстіне – Европа болдық. Енді законнан тысқары тышқан мұрнын қанатуға болмайды». Яғни, оязнаи губернаторлар азаматыңды солдатқа алам деп өз беттерінше қоқандауға хақысыз.

Қазақтан осы уақытқа дейін неге солдат алмай келеді? Себебі – заң бар.

Мәселен, Ресей империясы заңдарының жинағындағы әскери жарғының қырық екінші бабында қазақтардың солдаттықтан азат екені атап айтылған. Ал Заңдардың толық жинағында келтірілген 1834 жылғы заңда – қазақтардан, олар осы қалпымен көшіп жүрсе де, немесе егін егіп, сауда жасаса да, өз еркімен кент қалыбына түссе де – солдат алынбайтыны атап айтылған.

Ол қазақтың әлі де қадірі бар кез. Ресей қарамағында болуды қалаған қазақ хандарына берген уәделерін орыс билеушілері ұмыта қоймаған уақыт. Сол себепті де қазақтың әскер заңдарында әрдайым атап көрсетіп отырған.

Сондай-ақ, Заңдар жинағындағы Бөтен тектілер жөніндегі заңда, соның жиырма алтыншы бабының қосымшасында – көшпенді бұратаналардың егін салған күнде де, өздері ықтиярлық көрсетпесе, село тұрғыны санатына кірмейтіні, өзі сұрамаса – орыс сословиелеріне қосылмайтыны айтылған.

Міне осылай, қазақтың хұқы заңмен қорғалып, межеленген. Солдатқа алу, яки өз келісімінсіз басқа сословиеге жазып жіберу – «... құдайға шүкір, болмас: біз законмен билейтін европа патшалығының қолтығында емеспіз бе?»

Елдерін заңға бағындырған Еуропа өркениеті – астанасы еуропаға орналасқан орыс патшалығына да тән деген ойда Әлекен. Қазақ жері – Орыс Азиясының бір пұшпағы, демек европалық патшалық құрамында деп есептейді ол. Сол себепті, осынау өздеріне отан болып отырған «Патшалық қазақтан солдат аламын десе, әуелі бұл туралы өз алдына закон шығарады, осы күнгі солдат алмайтын законды жояды».

Ал заң парламентте қабылдануға тиіс. Оған 1905 жылғы 17 қазан манифесімен күллі жаһанға жария болған пәрмен кепіл. Соғысқа дейін Бөкейханов та, басқа зиялылар да осындай пайымға иланды.

Енді, соғыс боп жатқанда, ондай заңның жағдайға орафй жедел өмірге келе салуы ғажап еместігін көзі ашық әркім-ақ ойлады. Ресейдің басына туған күнді Ресей азаматы ретінде қазақ та көтеруге тиіс.

1915 жылдың соңына қарай «Қазақ» газеті қыр баласы басында бұрын болмағанмен, енді келуі ықтимал әскери қызмет жайын сөз ете бастады. 1916 жылдың ақпанында Әлихан Бөкейханов пен «Қазақ» газетінің бас редакторы Ахмет Байтұрсынов Петроградқа аттанады. Соғыс министріне, басқа да ресми орындарға кіріп, қазақтарды әскерге шақыру мәселесінің кейінгі қалдырылғанын анықтап қайтады. Содан жазға дейін «Қазақ» газетінің беттерінде пікір алмасу жалғаса береді.

Көпшілік қазақ жігіттері үшін – атты әскерде қызмет етудің қолайлы болмағын айтып жатты. Жаяу әскерге баруды жақтағандар да болды. Пікір таластырысты. Сонда Әлекең де ой бөлісті.

Бірде газетте «біздің қазақ жаяу солдат болған жұртқа ыңғайлы» деген ойды таратқан мақала басылды. Одан бұрынырақ «қазаққа қазақ болған ыңғайлы» деп жазылған-ды. «Қазақ жұрты бұл екі пікірді ойлап, толғап сынға салған оң. Қай жақтың дәлелі іргелі, қай жақ жұрт пайдасы, сол жаққа ауғаны жөн,-деді өз пікірінде Әлихан Нұрмұхамедұлы. « А Б- ны жық, «Қ» - ны жық, дәлелмен жық. ...Әскерлік мәселесі қара күшке көнбейді. Жалғыз дәлелге бүктеледі. Саясат көзімен қарасақ, үкімет бізді тым-тырыс отырысқанда, жаяу солдат көрінеді. Жұрт мұны ыңғайлы көрсе, арамтер болмай, тыныш шаруасында жүре бергені жөн. Қазақ боламын десе, айтысқаны жөн.

Өз көзқарасын бірден ашып айтады. «Мен әскерлік мәселе туралы «Қазақ» басқармасының қолындамын. Менің білгенім, қазақ әскерге алына қалса, біздің жұрт қазақ кебін киюі мақұл».

Өзгеше, көзқарастағы автордың: ... «қазақ өз қару-жарағымен, атымен әскерлікке шақырылады, бұл көп шығын, шаруа мұны көтермейді, жұрт кедей болады», - дегенімен келіспейді. Мұжықтар мен қазақ – орыстардың әскери борышын өтеуінің заңдағы көрінісін қарастырады. «Законда қазақ һәм солдат қызметі қандай, соған келейік» деп, олардың әскери қызметттерінің әдіс-түрлері мен мерзімдерін салыстырады. Сөйтіп: «Қазақ законда право жолында мұжықтан ілгері, - деген қорытындыға келеді, - бұған себеп болған тарих жолы: мұжық күл болған,қазақ бостандық, құрдастық жолында болған, ...қазақ жер жағынан мұжықтан ілгері,ерке. Бізге мұны бермес, берсе ұтылмаспыз».

Міне біздің алты алаш қамын ойлаған ағаларымыздың орындалмаған көп армандарының бірі. Олар «бостандық, құрдастық жолында болған» қазақ-орыс тәрізді әскери борышты ету ретімен де, қазақ баласын тең құқықты Ресей азаматы қатарына шығарғысы келді. Алайда ақ патша қазаққа қазақ-орыс кебі түгіл, мұжықтың солдаттығын да бермейді.

1916 жылдың 25 маусымында патша ағзамның әйгілі жарлығы шығады. Ақ патша аса мәртебелі пәрменімен – «бөтен текті» бұратана бодандарын соғыстың қара жұмысын істеуге шақырады.

Пәрмен ел ішінде бірден қарсылыққа ұшырасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға