Жаңалықтар

Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл (ІІ бөлім)

Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл (ІІ бөлім)
Фото: © El.kz 30.04.2021 12:37 4450

 

Ғылыми-публицистік еңбек жолы (жалғасы)

 

«Осылайша бостандық күндері туды. Ескі режимнің заманы өтті, конституциялық құрылысқа жол ашылды – Патшаның 17 қазан манифесін алғашқы орыс революциясына қатысушылар осылай қабылдады»,- деп жазады автор «Әлихан» кітабында. Сөйтіп, манифест мәтіні әйгілі болысымен, демократ-күрескерлер халықты жер-жерде үлкен жиындарға, минитингілерге бастап шықты. Мұндай жиындарда Аса Жоғары Дәрежелі құжат пен ел басқару жүйесін жаңарту жолдары қызу талқыланды.

 

Жазушы-публицист Бейбіт Орынбекұлы Әлихан Бөкейхановтың ғылыми-публицистік еңбек жолындағы қиын-қыстау белестерді суреттей отырып, манифес арқылы уақытша бостандыққа қол жеткізген сол кездегі қазақ қоғамын келесідей баяндайды. «Жергілікті үкімет органдары халықтың бұл толқуынан қауіптенді. Айтыс-тартысты жиналыстарды – көпшілік бүлігі деп санады. Ұйымдастырушылар мен белсенділерге түрлі жазалау шараларын қолдануға кірісті. Алайда, көрсетілген қысым мен қуғындар қайраткерлерді мойыта алмады. Бұлары – кертартпа шенеуніктер мен ескірген полиция аппаратының қылмысты істерінің жалғасы, 17 қазан манифесі дүниеге әкелген бостандық күндеріне қастандық жасауы... ондайларды әшкерелей беру ләзім. Сыйға тартылған бостандық құндылықтарын баянды ету үшін күресу керек. Ол үшін халықты ояту жөн. Мәселен, Әлиханның пікірлес, жерлес інілерінің бірі Жақып Ақпаевқа әкімшілік митингіге қатысқаны үшін сыни ескерту жасайды. Сонда Жақып өзінің қаражүздікшілермен бірге жұмыс істегісі келмейтінін мәлім етеді де, Омбы сот палатасының қызметкері жұмысын тастап жүре береді. Ол үгітшілік саяхатқа шығады».

 

Әлихан мен оның омбылық үзеңгілес серіктері манифесті қазақшалайды. Цензордың рұқсат-батасын алады. Сосын Ақмола облысының баспаханасында он мың дана етіп басып шығарады да, сол қазан айының соңғы күндерінде, ел ішіне таратады.

 

«Қазақтардың шапшаң қозғалатын көшпелілік қасиетінің арқасында манифест аз уақытта күллі қыр төсіне әйгілі болды»,- деді Бөкейханов өзінің «Дала өлкесіндегі сайлау» дейтін естелігінде. Естелік 1916 жылы Санк-Петербургтен шыққан «Бірінші Мемлекеттік Думаның 10 жылдығына» атты жинаққа енген.

 

Қазақ даласын шарлаған манифесте жазылған патша ағзам пәрменімен қазақтар қызыға танысты. Үлкенді-кішілі басқосуларға қатысады. Ең алыс болыстардан да топ-тобымен өз аймақтарындағы қалаларға аттанады. Сондағы таңғажайыцп, қызу жиындарға куә болады. Мемлекеттік Думаға өкіл сайлау мәселесінің қыр-сырын, мәнін талқыласады. «Орыс, татар, өзбек пен қазақ туысқан бір отбасы болып құйылысып-бауырласып кетті. Жақсы уақыт болатын, ешқашан ешкім көрмеген ғажап мезгіл еді!» Дәл сол кездегі осы бір оқиғаны Әлихан Нұрмұхаммедұлы араға он жыл салып, осындай сүйінішті сөздермен еске алған-ды,- деп жазады автор.

 

Әлихан Бөкейханов көктемгі петициялардан басталған бұқаралық саяси жұмыстарды жаңа ахуалмен сабақтастыра жалғастыруға өзінің серіктерімен бірге білек сыбана кіріседі. Халықты саяси тұрғыда оятып, мемлекеттік думаға саналы түрде депутат сайлау науқанына атсалысуын әзірлеу қажет еді.

 

Ал әзірге, жергілікті үкімет мұндай жұмыстарға кедергі келтірумен болды. Бөкейханов туып-өскен Қарқаралы уезінде де солай болды. Мұнда 17 қазан Манифесі жұртшылықтан бір ай бойы жасырылып, өзінің шағын үгітшілік тобымен Жақып Ақпаев жеткенше, жария етілмеді.

 

1905 жылғы қарашаның ортасында уез халықтарының осы мәселеге арналған митингісі болды. Қала ортасындағы жалғыз алаңға қала айналасындағы болыстардан арнайы келген атты қазақтар мен қала тұрғындары иін тіресе жиналды. Әкімшілік тығып ұстаған құжаттың мазмұнымен барша жұрт айрықша қызығушылықпен танысты. Соған байланысты айтылған түсіндірмелер мен билік басындағыларды сынаған өткір сөздерді қанағаттана тыңдады.

 

Қарқаралы уездік әкімі Оссовский жоғарыға Семей облыстық губернаторына үрейлі ақпарат жолдады. Қазақтардың үкіметке қарсы көтерілуі ықтимал деп шошытты. Анау ізінше Омбыдағы өлке әкімін – Дала генерал-губернаторының өзін хабардар етіп жатты.

 

Дала генерал-губернаторы қырға жазалаушы жасақ шығаруды ойластыра бастады. Сонда Әлихан Бөкейханов бұл әрекетке тоқтау салу ісін ұйымдастырды. Қарқаралы қаласынан өзіне әр ұлт өкілдері қол қойған жеделхат келді, ол уез бастығы ақпарының жалған екенін дәлелдейтін. Әлихан бабамыз соны газетке жариялады. Көрсоқыр долбарларын жалғыз да дара шындық етіп көрсетуге әуес үкімет адамдарының жәдігөйлігі мен көлгірлігін әшкерелейтін мақала жазды.

 

Ол: «Степной край» газеті бетінен: «Қазақ халқын білмейтін, оның, өкінішке қарай, сатрапияға айналдырылған даласын білмейтін қылмыскер адамдар ғана осынша жеңілтек ой пішеді»,- деп қаламын қаһарлана сілтеді.

 

«Оссовскийдің әлдеқандай «бүлік» жөніндегі донесениесі – шып-шылғи өтірік».

 

«Қазақтар әзірге Россияның бостандығы үшін алысқан күрескерлердің ұлы есімдерін білмейді, сол себепті оларды құрметтей де бермейді, бірақ олар Пестельден бастап, Шлиссельбургтің қазіргі тұтқындарына шейінгі Россия азаткерлерін танып алады және білетін болады».

 

«Әміршіл құрылымның қабіршілері, қылмыстарыңды көбейте бермеңдер! Сендердің күндерің таусылып келеді. Біз сендермен орыстың өкілетті жиналысында есеп айырысамыз».

 

Революционер Бөкейханов осы тектес ойларын сол кезгі орыс газеттері беттерінен түйдек-түйдек төкті. Әкімшіл-әміршіл жүйеге, оның билік буындарындағы полицейлік тәсілмен жұмыс істеп жүрген қиянатшылдарға жан-тәнімен қарсы тұрды. Бұйрыққа негізделген қоғамдық құрылыстың қабірін сол қылмыстық құрылымды қимылға келтірушілердің өздері қазып жатқанына күманданбады.

 

Бар жаңалық Ресейдің бас астанасынан басталатыны түсінікті. Империя халқына ұйым құру бостандығын тарту еткен Манифест серпінімен түрлі одақ, партиялар жауыннан кейін жыпырлап шығатын саңырауқұлақша көбейіп жатты. Екінші астана да қарап қалмады. 1905 жылғы қарашаның соңғы күндеріне Мәскеу земстволық және қалалық қайраткерлер сьезін шақырды. Селолық жерлердегі құқы шектеулі жергілікті басқару жүйесін патшалық земство деп атайтын-ды. Осы сьезге Әлихан Бөкейханов сайланды.

 

Сьезге Дала өлкесіне қарайтын қазақ облыстарының бесеуінен де делегаттар қатысты. Солардың орталарынан сөз сөйлеу құрметі Әлиханға тиді. Сөйтіп ол, төрт миллиондық қазақ халқының өкілі ретінде, империя ауқымындағы шартараптан жиналған делегаттар алдында, халықының мұң-мұқтажын тұңғыш рет биік мінберден жария етеді.

 

«Бізде де сабақтар қазақ тілінде оқытылатын мектептер қуғындалуда, бізді де цензура қысып-тұншықтыруда».

 

«Қырдағы жалғыз газетті, өзінің қарарларын халыққа қазақша жеткізіп отыруға арналғанына қарамастан, үкімет жауып тастады. Мұндағы мақсат – адамдарды мүлдем өз тілінде сауаттандыруға тыйым салуға дайындық жасау болса керек. Қазір қазақша кітап шығару – қияметтің қиыны. Мен мәселен, міне он үш ай болды, Иван Крыловтың 46 мысалының қазақша аудармасын бастыруға цензурадан рұқсат ала алмай жүрмін».

 

Ауызекі сөйлесуде де қазақша тіл – қолданыстан мүлдем шығарылу алдындағы күйде. «шаруа бастықтары – олар негізінен бұрынғы ротмистерлер – істерді қарауда қазақ тіліне жол бермейді. Яғни орысша білмейтін қазақтардың күні қараң».

 

«Қазақтардың ең тақау күндерде жүзеге асырылуға тиіс мұқтаждығы – ана тілін қолдануға ерік берілуі болып табылады»,- деп түйді делегат Бөкейханов сьездегі сөзін. – Бұл алдағы сайлауға байланысты үгіт жұмыстарын жүргізуге қажет болып тұр. Сондықтан да мен жергілікті тілдердің құқықтарына қойылған барлық шектеулерді шұғыл түрде алып тастау мәселесіне орай сьезд ой қорытсын деген жолдастардың пікіріне қосыламын.

 

Ол Мәскеуден қайтар жолда 1905 жылғы желтоқсанның алғашқы күндерінде, Теке қаласына – Оралға соғады. Осында Мәскеу сьезінен оралған қазақ қайраткерлерінің – бес облыс делегаттарының мәжілісіне қатысады. Оны Грузиядан еліне қайтқалы, бірнеше жылдан бері Оралда заң қызметін атқарып жүрген Бақытжан Қаратаев шақырған еді.

 

Ол Омбыға қайтып барысымен қызу аралысып кеткен саяси жұмыстарында партияның қысқаша тұжырымдамасын – катехизисін ел ішіне кең таратуға көңіл бөлді. Сайлау алды насихаттарда негізінен осы партия бағдарламасының халық өнерпаздары шығармашылығымен де дәріптеліп, түсіндірілу жайын мән бере қадағалады. Үгітшілік іс-қимылдарын соларға бағыт беріп отыруға да құрды. Біртіндеп, аймақтағы көзі ашық, бас көтерер азаматтарды кадет тұғырына ұйыстыруды сөз жоқ ойластырды. Алайда, оған ә дегенде кәдімгі полиция – облыстағы тым еркін ойлы, сондықтан да қоғам тынышытығына ерекше қауіпті адамды қайткенде залалсыздандыру мақсатымен, басқан ізін аңдып жүрген полиция, өлке астанасы түгілі сонау империя астанасынан тікелей, арнайы нұсқау алып отырған полиция кедергі жасады...

 

Жандармерия «Бостандық күндері» оқиғаларының серпілісті көріністерін «үкіметке, үкімет адамдарына тіл тигізген бүлікшіл жиындар» деп бағалайтындықтан, ондай тәртіпсіздіктердің алдын алу шараларын астыртын әзірлеп, мұқият жүзеге асыратын. Бөкейхановты сондай іс-шара ауқымында ұстады. Оны 1906 жылғы 8 қаңтарда қазақтар Тұзқала деп атайтын Ямышево поселкесінде тұтқынға алды. Ол Семей қаласында қаңтар айында өткізу белгіленген облыстық сьезге бара жатқан еді. Қоғамдық тыныштықты «сақтаушылар» оны Семей бағытынан кері қайтарып, Павлодарға әкелді де түрмеге жапты.

 

Мұнда оны не тергеу жүргізбей, не ісін сотқа бермей, тіпті қылмыстық заңға сәйкес айып та тақпай үш жарым ай бойы жатқызып қойды. Ондағы мақсат – ел арасында танымал қайраткерді Мемлекеттік Дума сайлауына қатыстырмау болатын. Алайда ұзынқұлақ үкіметтің астарлы қысастығын қырға әлдеқашан жайып жіберген-ді.

 

Серіктері түрме надзирательдері арасынан сенімді адам тапқан. Содан газеттер беріп, хат жазып тұрды. Осылай тұтқын Әлихан үзеңгілестерімен байланысын үзбей, қоғамның саяси өмірі тамырының бүлкілін дер кезінде сезіп-біліп отырды. Дала сайлауға дайындалып жатқан еді.

 

Ол саяси тұтқын ретінде түрменің ең жақсы, бір ксілік камерасына қамалған-ды. Үкімет оны абақтысына қоғамдық тыныштықты сақтау ретімен алса да, жеме-жемге келгенде, қазақ саяси қозғалысының жетекшісін сотқа тартарлықтай кінә тауып тұжырымдай алмады. Әншейін күштің құқымен жабады да тастайды.

 

Ол жәй ғана саяси тұрғыдан қауіпті адам емес-ті, ол саясаткерлігімен қатар үлкен білімдар, әдебиетші еді. Оны тұтқындағанда жолсандығынан Абай өлеңдерінің қолжазбасы шығады. Полицейден оның жоғалмай, жыртылмай сақталуын қамтамасыз етуді сұрайды, қолжазба құны бес мың сом екенін айтады. Ол ұлы ақын қайтыс болғанда азанама мақала беріп, оның шығармашылық өмірбаянымен орыс қауымын «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы қарашадағы үш санында таныстырған еді.

 

Алғашқы бес-алты күндік тосырқаудан кейін еті үйреніп, яғни есігіндегі сығалайтын терезе алдына кешкі күзетшілер жиі жиналатын болды. Әлихан түрме қарауылы құүрамындағы солдаттарға әр кеш сайын ұзақ уақыт әдебиеттен сыр шертетін. Пушкинді, Лермонтовты, Шекспирді олар үшін сағаттап оқитын. Қыр халқы бұдан жарты-ақ жыл бұрын айырылып қалған ұлы Абай туралы әңгімелер тыңдаушыларының санасына ағымдағы жәйт хақында да шым-шымдап, елеусіз түрде, ағартқыш та танытқыш ой құйып жататын.

 

Көкектің ортасында жандармандар оны Омбы түрмесіне аударып апарып, ақыры, айдың аяғында, соты болмаған қалпы, біржола босатты. Еріксіз шығарды. Үкімет қапасына зорлықпен тыққан қайраткерге азамттық беруге мәжбүр болды. Өйткені халық Мемлекеттік Дума сайлауы қарсаңында әкімшілік ісіне керағар әрекет етіп, оны выборщик яғни таңдап дауыс беруші етіп сайлап жіберді. Соған байлангысты абақты Әлиханды одан әрі ұстай алмаған еді.

 

Семей облысының выборщиктері, олардың ішінде Әлихан Бөкейханов та бар. 1906 жылғы маусымның басында Семей қаласына жиналды. Ол мүмкіндік туған алғашқы сәтте-ақ халық бостандығы партиясына ену мәселесін көтерді. Думаға сайланардан бес күн бұрын, выборщиктердің үлкен тобының алғашқы басқосуында, оларды осынау орыс партиясының бағдарламасымен таныстырады. Талқылау ұйымдастырады. Жиын кадеттер партиясына қосылу жайында қаулы қабылдайды. Бұл – әрі кадет партиясының облыстық бөлімін ұйымдастыру, әрі өзінің Думаға сайланудан үміткерлігін дәйектейтін пәрменді насихат еді.

 

Сайлау алдындағы қызу пікірталастар, басқа да үміткерлермен кездесулер... губернатордың Мемлекеттік Думаға депутат етіп түрмеге түскендерді емес, тек сенімді адамдарды сайлау керектігі туралы выборщиктерге ақыл айтыу... ақыры – выборщиктердің шешуші жиыны болды.

 

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов жасырын дауыс берген барлық 176 выборщиктен өз пайдасына 175 шар алып, Мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтарынан депутат болып сайланады.

 

Семейдің орысы, қазағы аралас тату қауымы 21 маусымда айлаққа жиналады. Мемдума депутаты Әлихан Бөкейхановты орыстың алғашқы парламенті жұмыс істеп жатқан империя астанасына шығарып салуға келеді. Ең ыстық, жүрекжарды тілектерін білдіріп, өз өкілдерімен зор салтанатпен қоштасады. Сөйтіп ол кемемен Омбыға жол тартады. 3 шілдеде Омбыдан Петерборға шығады. Алайда ол Таврия сарайының табалдырығын аттаған күннің ертеңінде Дума тарқатылды. Әлихан Бөкейханов парламент отырысында Мемлекеттік Дума мүшесі ретінде бекітіліп те үлгермеді.

 

Халыққа демократияны тарту еткен ақ патшаның өзі сол демократияның саяси өмірге шындап енуіне кесе-көлденең тұрған-ды. Думада жер мәселесі қатты сөз болды, терең талдаулар жасалып, батыл ұсыныстар айтылды. Үкіметке жағымсыз заң жобаларының талқылана бастауы және Таврия сарайы мінбесінен шыққан қызу айтыстарды нақтылай, қуаттай түскендей, әр түкпірде шаруалар қозғалысының үдеуі шошытқандықтан, императордың 1906 жылғы 8 шілдедегі пәрменімен осынау өкілдер жиыны жұмысын тоқтатты.

 

Ал ол, әрине Мемлекеттік Дума мүшелерінің жартысына жуығының   наразылығын туғызды. Негізінен – конституцияшыл-демократтардың 478 Мемдума депутатының екі жүздейі өздерін халық сайлағанын еске ұстап, жосықсыз пәрменге патша қолын қойғызған үкіметтің айдауына жүре қоймайтынын көрсеткен. Елінде өткен айда ғана кадеттер партиясына қосылу жайында қабылданған қаулыға ұйытқы болған Әлихан да сол қатардан табылды.

 

Таврия сарайының есігі тұмсықтары алдынан сарт жабылғандықтан, жиналыс жасауға Питер сарайларынан орын берілмейтіндіктен, олар Финляндияға аттанады. Ағымдағы оқыс жәйтті талқылау үшін. Сонда, Выборг қаласында, екі күн бойы мәжіліс құрып, «Халыққа халық өкілдерінен» деп аталатын үндеу қабылдайды. Тарихта «Выборг үндеуі» деп аталатын бұл құжатқа Әлихан Бөкейханов та қол қояды.

 

Соған байланысты, осы оқиғаға қатысқан барлық Бірінші Мемдума мүшелері секілді, Әлихан бабамыз да үш ай түрмеде жату жазасына кесіледі. Ол түрме парызын өтеуге 1908 жылғы қаңтарда міндеттеледі де, босаған соң, Омбыдан Самара қаласына жер аударылады.

 

Самарада Бөкейханов 1908-1915 жылдар аралығында тұрды. Сонда банк қызметкері болып жүріп, ол саяси күресін батыл жалғастыра берді. Сондағы революциялық топтар арасында дәйекті күрескерлігімен көзге түсіп, беделді болады. Баспасөзде Ресей империясының жерге орналастыру саясатын айыптайтын зәру де өткір мақалаларын жариялайды. 1913 жылдан Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетінің рухани жетекшісіне айналады.

 

1914 жылы социалист-революционерлер сьезіне қатысып, «Россиядағы қазақтардың жай-күйі» деген баяндама жасайды. Осы сьезде Самара губерниясының Мемдумадағы депутаты, болашақтағы Ресей Республикасы уақытша үкіметінің премьері Александр Александр Федорович Керенскиймен танысады. 1915 жылы кадет партиясының губерниялық комитетінің құрамына кіреді. Осы кезде ол тағы да Самараға келген Керенскиймен кездеседі. Кейін, кадеттер партиясының VI сьезінде, Самара тобының көрнекті жетекшілерінің бірі ретінде ұсынылып, орталық комитет мүшелігіне сайланады.

 

Әлихан Бөкейхановтың Самарада қызмет еткен жылдарында үзеңгілестері арасында ашып айтылмаған бір белес болғаны жазылады. Ол – Әлиханның масон ложасына мүшелікке қабылдануы еді.

 

Ал, енді масондар деген кім өзі? Соны анықтап алайықшы.

 

Оның түп-тамыры француздың франкмасондық – ерікті тас қалаушы деген сөзінен шыққан көрінеді. Ол – XVIII ғасырдың бас кезінде Англияда пайда болып, көптеген елдің ақсүйектері арасына тараған діни-этикалық қозғалыс. Ұйымның аты мен дәстүрлері орта ғасырдағы құрылысшы-тас қалаушылар бауырластығынан көшіріп алыныпты. Масондар дүниежүзілік құпия ұйым құруға тырысқан. Ресейге де келген. Мақсаттары қияли, утопиялық сипатта – адамдарды бейбіт жолмен бір діни ағайындық ұйымға – бауырластық одаққа біріктіру. Сол орайда әр елде құпия масондық ложалар ұйыстырылған. Ложа деп ұйымдарын атайды. Ал ложа мүшелері өздерін бауырлар дейді. Санкт-Петербургте ұйымдастырушылардың бірі және «Полярная звезда» деп аталған сол масон ложасының жетекшісі Керенский болған-ды. Осы ложаның белсенді жүргізушілерінің бірі, кадет партиясының қайраткері князь Давид Бебутов ложаға 1908 жыл қабылданғандар ішінде Әлихан Бөкейхановты да атайды. Әлихан бабамыз «Полярная звезда» масон ложасының самаралық тобындағы белсенді қайраткер болған деседі.

 

Алғашқы орыс революциясы жылдары оның күрескерлік қабілеті айқын ашылып, көсемдікке ұштаса бастағаны кәміл. Сондықтан да оның ғылыми-зерттеу жұмыстары әрдайым публицистикалық рухпен тоқылып жатады. Әлиханның саяси көзқарасы 1910 жылы «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» атпен Санкт-Петербургте шыққан үлкен жинаққа енген «Қазақтар» деген ғылыми очеркінен терең танылды. Еңбегінде ол Дала (Қазақ) және Түркістан өлкелері мен Астрахан губерниясының ұлттық құрамына талдау жасай отырып: «Қазақтардың ішкі тұрмысын баяндар алдында мынаны ескертуге тиіспін,- дейді, - қазақтардың шаруашылық тіршілігі – малына жаятын жер мен суаратын өзен-көл іздеу жолында үнемі қоныс аударып, бір орында тұрақтамайтын жартылай жабайы көшпендінің қарабайыр экономикасын көрсететін қарапайым формулаға сыймайды».

 

Ол таза көшпелі мал шаруашылығының орнын – аралас, егіншілік-малшылық шаруашылықтың алмастыра бастағанын нақты цифрлармен көрсетеді. Қазақ және крестьян бюджеттерін, олардың табыстарының түрлерін талдайды. Осы ғылыми очерктің екі үлкен бөлімі қазақ даласындағы саяси құрылыстың мән-жайын, қазақтар арасындағы саяси-мәдени ахуалды таныстыруға арналған. Мұнда ол патша үкіметінің әрі езіп, әрі ұлт араздығын қоздыратын отаршылдық және орыстандыру саясатын, неше түрлі материалды пайдалана отырып, қанын ағыза әшкерелейді. Ал төртінші бөлімде қазақтардың шындап ояна бастағынын, саяси белсенділігінің арта бастағанын көрсететін маңызды мағлұматтар келтіреді.

 

Мемлекеттік Дума сайлауы қазақтар арасында белгілі бір дәрежеде саяси өрлеу туғызды. қырға қолмен жазылған парақшалар тасылды. Елеулі бағыттың көшбасшысы – өзі. Ол Омбыда қалған серіктерінің, орталықтағы жоғары оқуда жүрген жас қазақтардың сеніміне ие, бәрінің көздейтіні – батыстың мәдениетіне, оның ішінде өздерінің көзін ашқан орыс мәдениетіне иек арту, соны саналы түрде қазақтар арасына енгізу мәселесі. Алғашқы Дума жылдарынан бері олар кадет партиясын қолдайды.

 

Интеллигенттер патшаға наразылықтарын ішке бүгіп, сыпайы түрде үкімет тарапынан наз айтумен ғана шектелді. «1907 жылдың 3 маусымындағы заң төрт жарым миллиондық қазақ халқын сайлау хұқынан айырды,- деді Әлихан Бөкейханов. – осынша зорлықпен жер-суынан айырған халықтың өкілдері мемлекеттік думада отыруын үкімет артық көрсе керек».

 

Оның мұндай жұмсақ ескертпесінің астары түсінікті, ол – парламенттік жолмен қазақ халқына пайда тигізе беруден күдер үзбеу, кадеттер мен мұсылмандар фракциялары арқылы өзекті мәселелерді көтере жүріп, біртіндеп, қазақтардың сайлау хұқын қайтарып алуға тырысу. Өз заманы үшін тиімді саяси ұстам. Көкжалдар арасында бекерге талауға түспеудің, оп-оңай жем болмаудың жалғыз жолы.

 

(Жалғасы бар).

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға