Жаңалықтар

«Алаш» атауы туралы не білеміз?

«Алаш» атауы туралы не білеміз?
22.09.2015 10:05 37653

«Алаш» этнонимі біздің халқымыздың ежелгі этникалық тарихымен тығыз байланысты атау екендігін қолда бар деректер дәлелдеп отыр. Сондықтанда этникалық тарихты жазғанда бұл мәселені айналып өте алмаймыз. Тарихымызда тіптен белгілі бір кезеңдерде «алаш» атауының кейінгі «қазақ» атауы қолданылатын мағына арнасында әрекет жасағанын байқауға болады. «Қазақстан ұлттық энциклопедиясында» «алаш» ұғымына мынадай түсініктемелер берілген: «Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған  қауым  кезінде  дүниеге  келген  ұғым.  Ортағасырлық және одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы. Алаш аты тарихта кездесетін ең көне атаулардың қатарына жатады. Монғол-татар – қазақ шежірелерінде Алаш (Алашы) хан туралы айтылады». Бұл айтылғандар тым жалпылама және «Алаш» этнонимінің мән-мағынасын нақты ашып бере алмайды. Мұнда «Алаш» деген не сөз? – деген басты сауалға нақты жауап жоқ.

«Алаш» атауы туралы не білеміз?

«Алаш» атауы көбіне «Алты Алаш» ұғымымен қатар қолданылды. Осы ұғымдардың тарихи тамырларын ежелгі түркі дәуірінен іздестіріп жүрген зерттеушілеріміз де баршылық. Мәселенің мән- мағынасын ежелгі Орхон жазуындағы Білге қағанның кешеніндегі «Алты тақ иегерлері» деген сөздің мағынасынан іздестірген белгілі түркітанушылар М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы кезінде Алты ұлыстық  бірлестіктер:  қыпшақты, тоғыз-оғызды, басмылды, қарлұқты, түргешті, отыз-оғызды атап көрсете келе, былай деп жазған еді: «Түріктер қағанат орталығын Орда деп атаса,  хандықтардың  орталығын  «алачу»  (алаш)  деп атаған. Олай болса байырғы түріктердің осы алты тайпасы кейін «Алты Алаш» атанып, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып қалған. Бұл атау еуразия құрлығындағы ұлы дала көшпелілерінің ұранына айналған, бүтін оғыз, қыпшақ, қарлұқ, басмыл, он-оқ түргештердің кейінгі ұрпағы – қазақ халқының ұранына айналған.

«Алты Алачу» көк түріктердің ұраны болуы да мүмкін. Ол заманда «Алты Алачу» деп ұран салып, ту көтергенде, бүкіл түрік бір тудың астына жиналған да болар. Олай болса алты есірдің (тақ) Алты Алашы көк Түріктің аналогы болмақ. Біздің бұл ойымыз әлі де тереңірек зерттей түсуді, зерделей түсуді қажет етеді».

Мұндай пікірдің туындауына себеп «есір» атауының мән- мағынасына   байланысты.   Түркітанушы Н.Базылхан   «Тұнық- ұқ бітіктасының мәтінін талдағанда бұл мәселеге мынадай түсініктеме берген еді: «Көне моңғол тілінде «eseri//esiri>исер» - аласа, арқасыз орындық деген мағына білдіреді. Осы орындықта отырған моңғол дәуірінің бекзаттарына қатысты бәдіздер жайында моңғол  археологі  Д.Баяр  кеңінен  зерттеу  жүргізіп  (қытайша «хучуан» деп аталады және оны қытайлықтар хұннұлардан үйренген – Г.Сүхбаатардың пікірі) моңғол хандарының сиволы – барыс терісін жапқан орындық ерекше қастерленген деп көптеген тарихи деректер келтіреді. Д.Баяр «моңғол дәуірінің бәдіздеріндегі орындықты көшпелілердің «исер» орындығы деп қарастырған орынды және кереге сияқты жиналатын бүктемелі, көшіп-қонуға қолайлы орындық...» дейді.

Аталмыш пікірлердің ішінде «езир // бүркіт, есир // тапалша, арқасыз бүктемелі орындық, хан тағы» деген болжам орынды. Қайсысы дұрыс екені егжей-тегжейлі зерттеудің барысында жан- жақты дәлелденері сөзсіз».

Бұл айтылғандар «есір» атауының шынында да «тақ» немесе «орындық» деген мағынада қолданылғанын дәлелдей түсетіндей. Алайда әңгіме хан тағы туралы емес, ханға бағынышты ұлыстарды билеуші  туралы  болып  отыр.  Сондықтанда  жоғарыда  айтылған «алты тақ» иелері аласа орындыққа отырған мемлекетті билейтін ханнан кейінгі ұлыс билеушілері деп қабылдағанымыз жөн сияқты. Дегенменде  келтірілген  деректер  ежелгі  түрік-моңғол  тіліндегі «есір» сөзіменен «алаша» немесе «аласа» ұғымдарының арасында байланыс бар екенін көрсететіндей.

Әрине бұл айтылғандар ғылыми болжамдар ғана. Мұны зерттеушілердің өздері де ішінара мойындап отырғандай. Біздің ойымызша бұл жерде «Алты тақ иегерлері» деген түсінікті «Алты Алаш» ұғымы ретінде қабылдауға дәлел әлі де жеткіліксіз.

Түрік қағанаттары тұсында «Алты Алаш» атауының жазба деректерде кездесе қоймайтыны белгілі. «Алты есір (тақ)» деген ұғымның Білге қаған мәтінінде бар екені рас. Бірақ бұл, «Алты Алаш» дегенді аңғарта қоймайды деп ойлаймыз. «Алаш» атауының Орхон жазуларында кездеспеуіне қарағанда бұл ұғым VІІІ ғасырға дейін әлі де қолданысқа кеңінен ене қоймаған. Тіптен М.Қашғари өмір сүрген кезеңнің (ХІ ғ.) өзінде де «Алаш» әлі хандық немесе «есір (тақ иегері)» деген саяси мағынаға ие бола қоймаған.

Солай бола тұрса да аталған зерттеушілер «алачу» атауының Махмұд Қашқари еңбегінде де «кіші ордалар» деген мағынаны білдіргенін дәлелдеуге тырысып, бұл тарихи дерек алты кіші хандық құрып тұрған алты үлкен түркі тайпалары одағына қатысты болар деген болжамға жүгінеді. Шынында да М.Қашқари өзінің әйгілі еңбегінде бұл мәселеге «АЛАШҰ – баспана, кепе» деген нақты түсініктеме берген еді. Дәл осыған ұқсас мағынаны В.В.Радловтан  да  кездестіреміз.  Ол  Алаша  деген  сөзді  «аласа, яғни кіші» деп түсіндіреді. Бұдан аңғаратынымыз, ХІ ғасырдағы Алашұ  диалект  түрінде  біртіндеп  азғана  өзгерістерге  ұшырап, кейініректе «аласа» деген қазақ сөзіне айналған. Кезінде хан емес екінші қатардағы тұлғаларға түркілер «Алаша» (кіші, аласа) деген есімді берсе, шағындау ұлыстарды да осылай атаған.

Мұнан байқайтынымыз, «алаш» атауы үлкен орданың емес, шағын «аласа (алаша)» баспананың, ал этникалық тілмен айтар болсақ, үлкен қағанаттың емес, жеке ұлыстың атауын байқататын тәрізді. Алайда тарихи деректер ешқашанда VІІІ ғасырға дейін тайпалық  одақтарды  (Түргештен  басқаларын)  Алаш  атамаған.

«Алаш» алғаш рет Түргеш ұлысының жанама атауы ретінде белгілі болды. Мұның себебі іргелі Батыс түрік қағанатының ішінен құрылған Түргеш шынында да шағын ұлыс еді. Ол Бес түріктің бірі болатын.

Қытай деректерінде Кертау тұтықтығына Түргеш Алаш ұлысының құрылғандығы айтылады. Сонымен бірге бұл атау кейде Түргеш-Алаш ұлысы деп те беріледі. Бұл мәліметтерден аңғаратынымыз, біріншіден, Түргеш ұлысы (қағанаты емес) кезінде Алаш ұлысы деп те аталған. Және бұл атауды қытай да мойындап отыр.

Мұндайда мынандай заңды сауал туындайды: Неге Түргеш ғана «Алаш ұлысы» атанған? Онымен бір одақтағы Бес түрік ұлысы неге түгелдей Алаш аталмаған?

Мәселенің байыбына тереңдеп барар болсақ Түргештің Алаш аталуы осы ұлысты басқарған Алаш чор атты әскери қолбасының билік жасауымен де тікелей байланысты екенін байқаймыз. Ол бірде Қалаш чор аталса, бірде Алаш чор аталады. Бұл тұлғаның өзі де қаған емес, әскери қолбасы – «чор» деңгейіндегі, екінші қатардағы, «аласа» бейне.

Осы «чор» атауына байланысты мәселені айқындамай, ежелгі «алаш» атауын түсіндіріп беру қиын тәрізді. Қытай жылнамасында осыған қатысты мынадай жолдар бар: «(Қағанның) ұлдары мен інілері тегін, өзге ұлыстардың әскербасылары шад деп аталды. Олардың ең ірі ұлығы – құтлы чор (бөліп көрсеткен біз – авт..), одан кейінгісі – аба, одан кейінгісі – елтебер, одан кейінгісі – тұдын, одан кейінгісі - іркін». Бұдан байқайтынымыз, құтлы чор мәртебесі қағанның қызметінен кейінгі тегін және шад дәрежелерінен соң тұр. Жеке тұлғаның атының Алаш қойылуына таңданудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Түркі тілінде бұл атау кіші «баспана» немесе кіші, аласа қамқоршы деген мағынаны аңғартып отыр емес пе?

Сондықтан «алаш» атауы алғаш жеке адамға қолданылып, кейініректе ұлысқа таңылуы да мүмкін. Түркеш ұлысына байланысты айтар болсақ, дәл осылай болып тұр. Тегінде «Алаш» («баспана») деген ұғымды қолданған түргештер оны өздерінің ұлысына қамқоршы тарихи тұлғаға есім ретінде беріп, ал бұл кейінірек ұлыс атына ұласса керек.

Дегенмен де бұл тұста, яғни көшпелі түріктерге монғолдар үстемдігі  орныққанға  дейін  «Алаш»  атауы  кең  өрістей  қойған жоқ. Біртіндеп ол түркі дүниесінде Түргеш ұлысының жойылуына байланысты тарих сахнасынан ысырылды. ХІ-ХІІ ғғ. ғасырға қарай

«Алаш» түркіше тек тұрмыстық мәселеде, «баспана, кепе» деген мағынада ғана қолданылды. Ал монғол билігі тұсында ол тіптен ұмытылды. Енді біртіндеп ойрат-қалмақ тілдеріндегі «Алаш» атауы орныға бастады. Бірақ бұл этноним енді мүлде басқа мағына беретін болды.

Дегенменде «Алаш» этнонимінің қолданылуының кейінгі тарихы да бұл этнонимнің әрі жеке тарихи тұлғаның, әрі ұлыс атауының мән-мағынасын беретіндігін дәлелдей түсті. Бұл жерде әңгіме кейініректе көптеген ғасырлар өткен соң қазақ атанған халықтың арғы бабалары туралы болып отырғаны түсінікті.

Тағы бір басын ашып алуды қажет ететін маңызды мәселе – «Алаш» атауының қазаққа жауынгерлік ұран болуы туралы. Этнограф В.В. Радлов (Ф.В.) (1837-1918) «Алаш» ұғымына бірнеше түсінік бере келе, оны «бүкіл қырғыз (қазақ) халқының жауынгерлік ұраны» деп атап көрсеткен еді. Бұл рас. Тарихи деректерге сүйенсек, аты «Алаш» ұранына айналуы мүмкін бірнеше Алаш немесе Алаша деген тарихи тұлғаларға кездесеміз.

Тарих дүрбелеңдерінде Алаш атанған қайраткер біртіндеп ұмытылып, аңызға айналса керек. Дегенменде халық жадында ол жауынгерлік ұран ретінде аңыз тұлға түрінде сақталып қалған. Алайда тарихи зерттеулер «Алаш» есімін «Алаша» атанған тарихи тұлғамен де қатар береді. Кейде бұл атаулар бірін бірі ауыстырып та қолданылады.

Түркі тіліндегі «Алаш» атауының ұмытылып, оны біртіндеп қалмақ тіліндегі «Алаш» түсінігінің ығыстырғанының нақты көрінісі Сұлтан Ахмед хан. Оның бізге белгілі қысқаша өмірбаяны төмендегідей: «Сұлтан Ахмет хан, Алачэ хан (1465/66 – 1503/04) – Моғолстан ханы. Жүніс ханның баласы. Әкесінің саясатына қарсы шыққан ол 1484 ж. моғолдың бірнеше руын басқарып, Мауереннахрдан Жетісуға қоныс аударды. Бірақ жергілікті халық – қазақтар мен қырғыздарды бағындыру оған оңайға түскен жоқ. Мұхаммед Хайдар Дулаттың жазбасына қарағанда, Сұлтан Ахмед хан арлат, жарас, калучи, т.б. жергілікті тайпаларды бағындырып, Моғолстанның шығыс бөлігінде билік құрды. Ол 1490 – 1503 ж. біртұтас мемлекет құру үшін қазақ хандарымен бірігіп, Қашқар мен Жаркентті бағындыру ниетімен Дулат әмірі Мырза Әбу Бәкірмен соғысып, жеңіске жете алмады. 1503 ж. Мұхаммед Шайбаниден жеңіліп, Ақсуда қайтыс болды».

Ә.Бөкейхановтың Шаһкерім шежіресінде назар аударған мәселесі «Алаш» ұғымының шығуының осы Ахметхан есімімен байланыстылығы туралы. Ол шежіредегі мына жолдарды өз еңбегінде келтіреді: «...қалмақты шаба берген соң, қалмақтар Ахметханды Алашы қойыпты. Мағынасы «жан алғыш» дегені, оны есіткен соң Ахметхан қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар деген соң, қазақтар алашы деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты. «Алаш- алаш болғанда, Алашы хан болғанда, қалмаққа не қылмады», - деп қазақтың мақтанатұғыны сол.

Осы үзіндіні келтіре отырып Ә.Бөкейханов қалмақтың қазақты «Алаш»  атағанына  күдік  білдіріп:  «Бұл  қалай?  Алаш  деген  – біздің қазақ сөзі. Алаш қалмақ қойған ат болса, қалмақ өз тілімен қоятын жөні бар емес пе? ...Қалмақша Алаш не сөз? Мұны біздің «Қазаққа» жазатын аға-іні табылар ма?» - деп «Қазақ» газетінің оқырмандарына сауал тастайды.

Айта кеткен жөн, Ә.Бөкейхановтың бұл сауалы аяқсыз қалған жоқ. Оған «Қазақ» газеті арқылы Халел Досмұхамедов жауап қайтарды: «Орал облысында, - деп жазды ол, «Уральски казачи воинскаға қараған қалмақтар бар. «Қыр баласының» өтініші бойынша, «Алаш» деген қалмақ тілінде сөз бар ма? Мағынасы қазақша не болады?» - дегенімде қалмақтар айтты: «Қалмақ тілінде

«Алаш» деген сөз бар, қазақша мағынасы «өлтіргіш, аямаушы, жаугер» деп.

Алаш  деп  қалмақтар  жақтырмаған  орында  айтады.  Жаны ашымай хайуанатты көп өлтіре беретін аңшыларды да қалмақтар «Алаш»  деп  атайды.  Х.Досмұхамедовтың  осы  пікірін  өзінің

«Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы» деп аталатын көлемді зерттеу еңбегінде Міржақып Дулатов қайталап келтіріп, мынадай пікір айтады: «Жоғарыда айтылғандай: «алаш» қазаққа ұран болып қалған мәнісі ақылға қонып тұр. Қазақ «алаш», яки «алашы» деген сөздің мағынасы қазақтың бұрыннан ұғынып жүргеніне дәл келуі – бұл ертегінің қисыны барлығын көрсетеді.

Дегенмен де ғылыми зерттеулер қалмақтар «Алаш» атаған Сұлтан  Ахмед  ханды,  қазаққа  ұран  болған  тарихи  тұлға  деп айтуға мәжбүрлей қоймайды. Мұның себебі, Ахметханды түркі тайпалары  емес,  қалмақ  тайпалары  «Алаш»  атаған.  Мұндайда ол қазаққа қалай жауынгерлік ұран бола алады? Өзінің Сұлтан Ахметхан деген тәп-тәуір мұсылманша есімі тұрғанда ол неге «кісі өлтіруші – Алаш» атанады. Бұл бір. Екіншіден, Сұлтан Ахметхан – Моғолстан ханы, оның іс-әрекеті қазақты құраған түркі тайпалары аймағынан шалғайлау жерлерде көрінген. Өзі де қазақ даласынан тыс Ақсуда қайтыс болған. Сондықтан да қазақты құраған түркі тайпалары мұндай тарихи тұлғаны ұран етіп ұстанды деу тарихи шындыққа қайшы келеді деген ойдамыз.

“Алаш” ұғымының қасиетті де, қуатты болғандығы сондай, оның мәнін, шығу себептерін түсіндірумен қазақ тарихшыларынан бұрын ХІХ ғасырдағы орыстың шығыстанушылары айналысқан болатын.

ХІХ ғасырдағы орыс тарихшылары, ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихшыларының кейбіреуі “Алаш” сөзінің мәнін ХV ғасырдың ІІ жартысы – ХVІ ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстік- шығыс бөлігіндегі Моғолстан атты мемлекеттің бір бөлігін билеген шағатайлық Сұлтан Ахмет ханның лақап есімімен байланыстырады. Мысалы Ш.Құдайбердиев қазақтардың Алаш атануын осылай дәлелдейді. Ш.Құдайбердиевке Алаш туралы мұндай пікір айтуға негіз болған Захир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың “Бабырнамасындағы” мәліметтер еді. Бұл пікірдің қисынсыз екендігін дәлелдеу үшін, Бабырдың және басқа да ортағасырлық тарихи шығармалардың мәліметтеріне сүйене отырып, Моғолстан ханы Сұлтан Ахмет ханның – Алаша ханның кім екендігіне және қазақ халқына қандай дәрежеде қатысы бар екендігіне тоқталып өтелік.

1452-1487 жж. Моғолстанда билік еткен Сұлтан Жүніс ханның артында 2 ұл, 3 қыз қалады. Ұлдың үлкені – Сұлтан Махмұт хан да, кішісі – Сұлтан Ахмет хан. Үш қыздың бірі – Бабырдың туған шешесі, екіншісі қазақ сұлтаны, Жәнібек ханның ұлы Әдіктің, ол қайтыс болғаннан кейін Қасым ханның әйелі болған. Ал үшінші қыз – “Тарих-и Рашиди” атты кітап жазған Мұхаммед Хайдар Мырза Дулатидың туған шешесі, 1487 жылы Сұлтан Жүніс хан қайтыс болғаннан кейін, оның екі ұлы Моғолстанды екіге бөліп билейді. Бабыр өз кітабында бұл екі ханды жастарына қарай – үлкен Хан аға, Кіші Хан аға деп атайды. Кіші Хан аға – Сұлтан Ахмет хан Моғолстанның көшпелі бөлігінде, яғни солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде 1487-1504 жж. хан болады. Оның тірі кезінде-ақ оған Алашы деген лақаб есім беріліп, замандастары оны Алашы хан деп және сол ғасырлардағы тарихи шығармаларда осылай жазылған. Мұхаммед Хайдар Мырза Дулати ол туралы: “...Ол бірнеше рет қалмақтарға қарсы бірнеше сәтті жорықтар жасады. Олардың көбін қырды. Исан тайшымен 2 рет ұрысқа түсіп, екеуінде де жеңіске жетті. Оның кесірінен қалмақтар азайып кетті. Сондықтан қалмақтар оны “Алашы хан” деп атайды. Монғолша “алашы”  сөзі  “өлтіруші”  деген  мағына  береді,  яғни  “Алашы хан” - “өлтіруші хан” деген сөз. Бұл лақаб ханға ғана таңылды. Адамдар оны “Алашы хан” дейді. Қазір моғолдар оны Сұлтан Ахмет хан десе де, басқалар “Алашы хан” деп атайды. Мирхонд пен Хондемирдің, басқа да авт.орлардың тарихи шығармаларында “Алашы хан” деп жазылған”, - дейді43. Және де осы шығармада ХV ғасырдың 90-шы жылдары Сұлтан Ахмет ханның қазақтарды үш рет шайқаста жеңгендігі туралы айтылады. Бұдан шығатын қорытынды – Сұлтан Ахмет ханның тұсында қазақ халық болып қалыптасып болған және Моғолстан ханы Сұлтан Ахмет ханның лақаб есімін өздеріне этникалық атау ретінде қолданып, “бір алаштың еліміз”, “бір алаштың ұлымыз” деп айтатындай Сұлтан Ахмет хан қазақтарға ешбір жақсылық жасаған емес.

Сұлтан Ахмет хан ХV ғасырдың соңында Моғолстанда хан болса, Қазақ хандығында 1480-1511 жылдары Керей ханның ұлы Бұрындық хан болды. Бұрындық ханның билік құрған жылдары Қазақ хандығының нығаюы мен күшеюіне сай келеді, яғни қазаққа Сұлтан Ахмет ханнан гөрі өз ханы Бұрындық жақын. Ешқашан да Сұлтан Ахмет хан қазақтарға өз билігін жүргізген емес. Басқаша айтқанда, Сұлтан Ахмет ханның лақаб есімі - “Алашы” қазақтарға жат, ешбір қатысы жоқ. Сондықтан да қазақтардың алаш аталуын Моғолстан ханы Алашы ханның есімімен байланыстыру ешбір қисынға жатпайды. Сондай-ақ Шыңғыс хан ұрпақтары арасында ХV-ХVІІІ ғасырларда Қазақ хандығында хан болған адам Алаш есімді адам кездеспейді.

«Алаш» атауын жеке тарихи тұлғамен байланыстыру кейініректегі (ХІV ғасырдың соңындағы) аңыздарға да жатады. Мысалы, бізге мынадай аңыз белгілі: «... хижраның 780-790 жылдары шамасында (ХІV ғасырдың соңы) түрікше сөйлейтін 32 тайпаның қол астында 500 немесе 600 отбасы болған бір ханның тұтқын  әйелінен  «ала»  аталған  бала  туады.  Хан  бәйбішесінің

айдап салуымен баладан құтылмақ болып, оны Сырдарияның арғы бетіне апарып тастайды. Мұнда оны бір кедей бала етіп асырап алады. Кейіннен жігіттің батырлық ерліктерімен аты шығып, оның жеңістері туралы хабар ханға жетеді». Бұл аңызға сенер болсақ, қазаққа ұран болған «алаш» атауы Қазақ хандығы құрылардың қарсаңында тарих сахнасына шыққан болып табылады. Бұл ауызша шежірелік деректерге де жақын тұр. 


“Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде”, 2008 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға