Жаңалықтар

«Алаңдаушылық тудырып отыр». Аймағамбетов жекеменшік мектептер мәселесін көтерді

«Алаңдаушылық тудырып отыр». Аймағамбетов жекеменшік мектептер мәселесін көтерді
Фото: facebook.com/askhat.aimagambetov 06.01.2025 11:20 545

Қазақстанда жыл санап саны артып келе жатқан жекеменшік мектептерде де бірқатар мәселе бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік мектептердің саны небәрі 25-30 ғана болса, бүгінгі күні олардың саны 800-ден асқан. Мұның бәрі мектептердегі үш ауысымдық мәселені шешуде зор рөл атқарғанын айтады.

Жеке мектептер желісі тез дамып, мемлекет мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін, әсіресе оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда, шешуге мүмкіндік алды. Жүздеген мың жаңа оқушы орны құрылып, жүздеген мемлекеттік мектеп үш ауысымдылықтан құтылды. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Жеке мектептерге әртүрлі көзқарастар болуы мүмкін, олардың сапаға қатысты проблемалары да бар, бірақ мектептер арасында альтернатива мен бәсекелестіктің болуы жалпы жүйе үшін пайдалы, - дейді ол.

Дегенмен мәжілісмен жеке мектептерге қатысты мәселелер де бар екенін жасырмады. Ол мұндай білім ордалары банкрот болудың алдында тұр деп санайды.

Қазір жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отыр. Көптеген мектептер, әсіресе ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері, банкрот болудың аз-ақ алдында тұр.

Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес – бұл мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектептер 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады, - деп қосты Аймағамбетов.

Мәжілісмен бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілгенін, өйткені тұрақты қаржыландырусыз мектептердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін еместігін алға тартты.

Биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал. Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдіктер бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлген жоқ. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін, - деп қорытындылады сөзін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға