Жаңалықтар

Алакөлге саяхат

Демалыс маусымы ашық!
Алакөлге саяхат
12.07.2018 11:50 15177

Алакөл – Қазақстандағы ең ерекше көлдердің бірі. Тұзды ағынсыз, минералдарға бай көлге жыл сайын мыңдаған туристер арнайы барады. Еліміздің оңтүстік-шығысын мекен еткен көлге қалай жетуге болады?

Көл Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан. Тур агенттіктердің айтуынша, Алматы облысындағы бөлігіне (көпшілік «талдықорғандық» деп те атайды) келушілер әлдеқайда көп. Олар Ақши мен Көктұма демалыс орындарына баруға құмар. ШҚО бетіндегі солтүстік жағалауда орын тепкен Қабанбай (Жарбұлақ) курорты да көпшілікті қызықтырып отыр.

Астанадан Алакөлге дейін

Елордамыздан Алакөлдің солтүстік жағалауына жету үшін Астана – Үржар бағытындағы ұшаққа отырсаңыз болады. Үржардан Қабанбайға дейін такси көмекке келеді. Бірақ, оның бағасы шамамен 10 мың теңгеге дейін шығуы мүмкін. Сол сияқты Астана – Үрімші бағытындағы пойыз да (Жалаңашкөл станциясынан түсіп қалу қажет) сізді көлдің оңтүстігіне жеткізіп салады. Ары қарай Алакөлге дейінгі 50 шақырым жолды таксимен өткеруге болады. Сол секілді жеңіл көлікпен Теміртау арқылы аттануға мүмкіндік бар. Қарақаралы – Аягөз – Ақши/Көктұма елді-мекеніне дейінгі жолдың ұзақтығы 1200 шақырымға созылып жатыр. Бұл сіздің 20 сағат уақытыңызды алуы ықтимал.

Алматыдан Алакөлге дейін

Ілгеріде аталған жерге пойызбен баруды жоспарласаңыз №022 Алматы –Достық бағытына билет алыңыз. Плацкарттың бағасы – 2590 тг., ал купе – 3990 тг. құрайды. Ал көлікпен шықсаңыз, 650 шақырым жолды басып өтуге дайын болыңыз. Сол сияқты Алматыдан Ақши мен Көктұмаға жеткізіп салатын автобустар бар. Оның бағасы шамамен 5-10 мың тг. аралығында. Ойлы-шұңқырлы жолдар сіздің демалуға деген ниетіңізге кері әсер етпесе жарар!

Алакөлге аттанбас бұрын шомылу маусымына (2018 ж) бір көз жүгіртіп өтіңіз:

22.05 – 18.06 – маусымның ашылуы;

19.06 – 02.07 – маусымның басталуы;

03.07 – 13.08 – нағыз ыстық уақыт;

14.08 – 27.08 – барқыт маусымы;

28.08 – 24.09 – маусымның ақталуы.

Демалыс орындары

Бір ескере кететін жайт, Алакөлдегі қонақ үйлер мен отельдердің бағасы жоғарыда айтылған маусымдарға байланысты құбылып тұрады. Егер сіз ШҚО жерінде жатқан солтүстік жағалаудан жатын орындар іздесеңіз, 2000 теңгеден басталатын «Ақсай», «Әйгерім», «Чикаго» демалыс орындарымен байланысыңыз. Сол секілді мұнда бір күнге 30 мың тг. дейін жететін люкс отельдер де бар.

Ал Алакөлдің оң жағалауындағы демалыс орындарының бағасы Қабанбай кентінінен әлдеқайда қымбатырақ. Мұнда 3000 тг. басталатын «Пеликанды», 5000 тг. басталатын «Жетісу», «Көктұма», «Оазис» секілді орындарды да қарап көріңіз. Қалтаңыз көтерсе, бағасы 20 мыңға жетіп жығылатын пансионаттарға ("Комфорт", "Черный камень") тоқталыңыз.

Тамақтану

Кей отельдер мен пансиондар үш мезгіл тамақтанумен қамтамасыз етеді. Ол үшін демалыс орнын таңдағанда сол артықшылығын басты назарда ұстаңыз. Сондай-ақ, Алакөл аймағында түрлі дәмді тағамдар ұсынатын кафелерді көруге болады. Кейбір отельдерде азық-түлек дүкені кездеседі. Мұнда ұзақ уақытқа демалуға келсеңіз, тамақтануы бар жатын орындарын алған жөн.

Шипалы су

Алакөл – емдік қасиеті мол көлдің бірі. Судың құрамында йод, тұз, Менделев кестесінде кездесетін бірнеше элементтер бар. Оның адам денсаулығына пайдасы орасан екені медицинада дәлелденген. Алакөл суы тыныс алу жолдарындағы, сүйек-бұлшықет пен жүйке жүйесі ауруларына, сол секілді тері дерттеріне шипасын тигізеді. Құрамы жағынан Қара мен Өлі теңізден кем түспейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға