Жаңалықтар

Алғашқы қоңырау

Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейінде де сыңғырлаған күміс қоңыраудың үні естіліп, білім күніне арналған салтанатты мереке өтті.
07.09.2015 13:27 19224

Бүгін еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиындар өтті. Бұл күн – білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алатын күн. Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейінде де сыңғырлаған күміс қоңыраудың үні естіліп, білім күніне арналған салтанатты мереке өтті.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда республикамызда 7563 мектепке 2,6 млн-нан астам бала оқуға қабалданды. Биыл 157 жаңа мектеп ашылып, шәкірттерін қабылдады. Күміс қоңырау соғылған  №66 мектеп-лицейінің табалдырығын бүгін 1-сыныпқа қабылданған 300 оқушы аттады.

Алғашқы қоңырау 

Алғашқы қоңырау 

Айтжан Шаяхметова, №66 мектеп-лицейінің директоры:

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектебімізге 300 бірінші сынып оқушылары келді. Төрт 11 сынып оқушылары бар, мектепте оқитын оқушылардың жалпы саны 2600-ді құрайды. 2014-2015 оқу жылы мектебіміз үшін табысты жыл болды. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша елордадағы озат үш мектептің қатарына кірдік. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша 11 сынып бітірген түлектердің арасында 10 бала «Алтын белгіге» үміткер болса, олардың барлығы үмітімізді ақтап, «Алтын белгіні» иемденді. Бәрі де мемлекеттік грант бойынша ЖОО оқу орындарына оқуға қабылданды. Аталмыш озат оқушылардың үшеуі Назарбаев Университетінің студенті атанса, 51 түлегіміз еліміздің өзге де ЖОО-на грант жеңіп алды. 14 түлек шет елдік алдыңғы қатарлы университтердің студенті атанды. Оқу жылының қорытындысында мектебімізден жалпы саны 117 түлек түлеп ұшқан еді.

Алғашқы қоңырау

Бұл мектеп-лицей 2011 жылы Елбасының қатысуымен ашылған болатын.

Алғашқы қоңырау 

Алғашқы қоңырау

Бүгін Досжан Нупбаев ата немересі Әмірді салтанатты жиынға өзі ертіп әкелді. Атамыз мектеп табалдырығын алғаш аттаған немересінің болашағынан үлкен үміт күтеді.

–Бүгін Немерем Уәлиханұлы Әмірдің өміріндегі маңызды сәт, – дейді ол. –  Баламның талабы таудай. Мектепке дайындығы жақсы. Әмір өте талапты бала, отбасымыз оның болашағынан үлкен үміт күтеді. Ол 1 жылдан астам тай мектебіне қатысып, арифметиканы меңгерді. Оқушылар сарайында сурет салу, вокал, шахмат үйірмелеріне қатысады. Спорт бағыты бойынша каратэ, ал сенбі жексенбі күндері бассейінде жүзуден  дайындалады.

Алғашқы қоңырау

Рауа Ахметова, ата-ана:

Менің қызым Абдалиева Диана бірінші сыныпқа қабылданды. Диана менің екінші қызым, әпкесі де осында оқиды. Баламның дәл осы мектепке оқуға барғанына өте қуаныштымын. Біз жаңа оқу жылына жақсы дайындалдық. Қызымынң мектеп формасын «Ырысты» сауда үйінен сатып алдық. Мұнда бәрі біркелкі форма киеді, комплект бізге 30 мыңның теңгенің айналасында бұйырды. Ал, мектеп тарапынан қажетті оқу құралдардың барлығы берілді.

Алғашқы қоңырау

Білім күніне арналған салтанатты жиында ҚР Білім және ғылым министрлігінен келген құрметті меймандар мен ұстаздар құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға табыс тіледі. Мектептің «Асылай-ай» би тобы түрлі ұлттардың биін билеп, биден шашу шашса «Жетігеншілер» ансамблі шалқытып ән шырқады. «Боталар» хоры «Аспанда бір қала бар» атты әнін тамылжыта орындады.

Алғашқы қоңырау

Алғашқы қоңырау

Бірінші сынып оқушыларына Елбасының «Менің Отаным – Қазақстан» атты оқулығы сыйға табыс етілді. Баланың балғын санасына Қазақ елі жайында сауат сыйлап, жүрегіне патриоттық сезімді ұялататын кітапта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келесідей сөздері келтірілген: 

«Қымбатты жас дос!

Сен жаңа белеске қадам бастың – мектепке келдің, оқушы болдың!

Бұл сен үшін үлкен мереке. Ал мерекеде сыйлық беріледі. Бұл кітап – менің саған жасаған сыйлығым! Мектепте сені қызықты жаңалықтар мен ғажайып уақиғалар күтіп отыр.

Қазақстан – біздің Отанымыз. Өз Отаныңның тарихы мен мәдениеті, ана тіліңді білуің керек. Бұған алғашқы ұстазың мен оқулықтарың, осы кітабың көмектеседі.

Қазақстанның болашағы жарқын. Елімізде татулық, береке болады. Бұған достарыңмен бірге сен де өз үлесіңді қосасың. Білім әлеміне саяхатың сәтті болсын!».  

Алғашқы қоңырау

Алғашқы қоңырау

Ерлік сабағы

Бүгін Қазақстан Республикасының барлық мектептері мен колледжерінде Қорғаныс министрлігі Білім министрлігімен бірлесіп «Ерлік сабақтарын» өткізді. Ол Қазақ хандығының 550 жылдығы мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 70жылдығын мерекелеу шеңберінде халықаралық Білім күніне орайластырылды. №66 мектеп-лицейіне ҚР қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров келді.

Алғашқы қоңырау

«Әскери-патриоттық тәрбиені кешенді жүргізіп, оны мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттау және жас ұрпақтың бойына сіңіру бүгінгі күннің талабы болып отыр. Осы орайда, «Ерлік сабақтарын» сапалы ұйымдастыру үшін әдістемелік кешені әзірленді» - деді генерал-майор Талғат Мұхтаров.

Алғашқы қоңырау

№66 мектеп-лицейінде  физика математика және жаратылыстану пәндері тереңдетіліп оқытылады.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға