Жаңалықтар

Ақкөл өңірінің қонысталуы тарихынан деректер

Жер тарихы, адам тарихы, адам тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты.
Ақкөл өңірінің қонысталуы тарихынан деректер
13.12.2017 14:55 6732

Жер тарихы, адам тарихы, адам тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты. Жалпы қазақтың басынан кешкен сан алуан қайғы-қасірет, ру, аралас жанжал, сырттан келген жаушылық, Ресейдің отаршылық саясаты, ұлт-азаттық көтеріліс, совет дәуірі кезеңіндегі үстемшілдік өз ісін Қазақстанның барлық өңірінде қалдырды. Ақмола уезі Моншақты, Қызылтопырақ болысына жатқан Ақкөл өңірі елінің, жерінің тарихы да осымен байланысты.

Ескі қалыптасқан дәстүр бойынша аталас ағайындар ауыл-ауыл болып жеке өздері меншіктенген жерлерінде қыста қыстап, жазда жайлап күндерін көре берген.
Түрік тайпалары Балхаш маңында Ресей христиан дінін қабылдағаннан екі ғасырдай бұрын келген. Нұра өзенінің оңтүстік-шығысында 14 ғасырға жақын арғындар, наймандар болған. 1465 жылы қарамағындағы халықтарды зорлықпен мұсылман дініне енгізген Өзбек ханды мойындап, Түркістан асқан түрік, қырғыз тайпалары кейін солтүстік-шығысқа, қытайдан солтүстік-батысқа беттейді. Қалмақтардың 16-17 ғ.ғ. шабуылдары Есіл, Тобыл, Сарысу өзендерінің жоғарғы беткейін мекендеген қазақтарды Оралға дейін ығыстырады. 1723 жылы Орта жүз Орыс Империясын мойындаған соң Ертісті қазақ поселкаларымен қоныстандырып алған орыстар жоңғарлардан қорқып, қазақтарды ығыстыра бастайды. Шекараны «десятиверстная полоса –нейтральная полоса» деп бөліп тастайды.
Басында қазақтар І Петрмен келісімге келуге бет бұрса да, орыс патшасы оған мән бере қоймаған. Егер келіскенде, зерттеушілердің жазуынша, «Ақтабан шұбырынды» уақиғасы болмаған болар еді. Шығыста Қытай «темір ноқта» болса, Ресей терістікте «қайыс ноқта» болды. Қазақ жерін Ресей өз қазына меншігі етіп тану саясатын ертеден көздеген. Алты алаш ұрпағының ата-мұрасын тонау І Петр патшадан басталған. Әдейі жасақталған әскери экспедициялар ата-баба әруағын тербеп, ежелгі обалар мен кеніштерімізді астан-кестенін шығарған жоқ па! Кеніш тонау арқылы Петр эрмитаждағы Сібір алтыны қорының негізін жасаған, оның дені қазақ жерінен қазылып алынған. 1756 ж. Жоңғар мемлекеті құлаған соң шығысқа Ертіске қарай қозғалады. Енді қазақ жеріне солтүстік-шығыстан Қытай, оңтүстік- батыстан қоқандықтар, солтүстік-шығыстан орыстар көздерін алайта бастады. 18 ғ.бірінші жартысында Ақкөл өңіріне Керей руынан бірінші болып Абыздар қоныстанған. Осы кезден бастап Моншақты маңындағы әдемі сұлу жерлерді Керей руы Ақсары, Құрсары ұрпақтары мекендейді. 19 ғ. Жиырмасыншы жылдарында әр жерден рулас керей ұрпақтары аталас керейлерге келіп қоныстана бастайды. Осы кезде уезде Керейлер көбейіп, күшейе бастайды. Олар солтүстік жақтағы кілең ағашты жерлерді, Сілеті өзені бойындағы  тау, тасты жерлерді иемденіп алады. Олар Ертіс бойынан орыстар ығыстыра берген соң келген.
Кейін келген керейлер Павлодар қазақтарының, әсіресе арғын сүйіндік руының жайлауларын қыстау қылып алған. Сілеті өзенінің төменгі жағына керейлермен көршілес болып қуандық, қанжығалы, қыпшақтар орналасады.

1837-1847 ж.ж. Кенесары төңкерілісі қазақтардың Ақмола уезін мекендеуін күшейте түседі. Кенесарыны қолдағандар өз жерлерін тастап Түркістанға, Қаратауға, Шу бойына кеткен. Жақтамағандар солтүстікке орыс шекараларына немесе жан сауғалап кісі көп бара қоймайтын Қорғалжын көлі маңына қашқан. Ақмола уезін мекендеген орта жүз қазақтары осы кезде барған жерлеріне орныққан. Бүгінде оңтүстік, Түркістан, Қызылорда, Шу бойындағы орта жүз ұрпақтары 18-19 ғ.ғ. «іщкі араласудың» әсерінің болғандығынан. Кенесары көтерілісінен кейін кейбір аталар қонысына қайтып келгенде, басқалар жерлерін алып қойғандықтан бос жерлерді иемденген. Бүгін әр рудың бытырап, араласып жүргені осының салдары. Тыныштықты пайдаланған қазақтар Ақмола уезіне дүрбелеңнен кейін топтап жыйнала бастайды. «Сібір қазақтары Уставы» жойылғанға дейін Ақмола уезінде 181 қауымдастық болса, оның үштен бірі – 35 % керейлер болған. Әсіресе 1848-1868 ж.ж. жыйырма жылдық керейлер кезеңі деуге болады. Ақмола уезіне келген 81 общинаның 32-сі керейлер. Керейлер уезге Омбы, Павлодар, Қарқаралы уездерінен келген. Бұған себепкер болғандар Күрсары керей Тұрлыбек пен оның үлкен ұлы Нөгербек Көшеновтер. Олар басқалардан ертерек Моншақты, Қызылтопырақ болыстарының жусалы, ағашты, таулы жерлеріне, Итемген көлі, Шілікпайға орныққан. Осы кезде қыпшақтар да көбейе бастайды. Моншақты болысынан ығыстырылған қанжығалы өз туыстарына көшеді. Жаңа орныққандардың тең жартысы Нұра бойының жоғарғы бетін, Нұра бойын, Ақмола маңайын мекендеген қуандықтар. Олар Қарқаралы, Сары-Өзен болыстарынан келген.

Ақмоланың батысын Есіл бойын, Дамса, Қалқұтан жағаларын 25 қауымдастық қыпшақтар жайлаған. Олардың бәрі Ертіс жағынан Омбы, Павлодар уезінен Ақмола уезіне олар Кенесары төңкерілісінен кейін құлан қыпшақ Ыбрай Жайықбаевтың нұсқауымен келген. Керейлердің көш тоқтатып орналасуы үдейе бастайды. Сілеті бойын ертістен келген 29 община керей мекендеген. Кейбір бөліктері Павлодар уезінің Баянаул, Қызылтау тауларынан, кейбіреулері Көкшетау уезінен, Черубай-Нұра облысының оңтүстігінен, Сарысу өзенінің жоғарғы ағысынан келген. Осы кезде Керейлер Көшеновтердің беделін пайдаланып, оңтүстікке, оңтүстік-батысқа Нұра, Қорғалжын, Көне-Қорғалжын болыстарына көшіп кеткендердің жайлауларын мекендеп алған. Керейлермен бірге уақтар да қоныстана бастайды. Олар Қорған, Қоржынкөл болыстарынан, Баянауылдан келген. Ертіс бойынан келген қанжығалылар Ереймен жотасы маңына қоныстанған, Сілеті өзенінің екі жағын 24 община қанжығалы құрған. Моншақты болысының оңтүстік батысы, солтүстік батысында Боқсу, Қалқұтан бассейніне жататын Төлеп қарасуы, Талқора, Жыланды өзендер; Солтүстік Шығыста Итемген, Мамай, Шошқалы, Барап, Кіндік сияқты үлкен көлдер болған. Төбешік жерлерде шөп ете аласа, етек жақтарында ойпаттау жерлерде шөп қалың, тобылғы кездеседі. Таулардың басына қарай арша өседі. Моншақты бауырында бұлақтар көп. Қызылтопырақ болысы Дамса мен Сілеті өзендерінің су айырығында. Ащылы айырық, Олжабай Мыңшұңқырының оңтүстік батысындағы Шүрек өзендері – осы Қызылтопырақ болысы қазақтарының жайлауы. Ащылы айырық – Сілеті өзенінің ұзын саласы, батыстан шығысқа қарай аққан. Оған солтүстік, солтүстік – батыстан Қыздың қарасуы құйған, төменірек ол Қысрақ қарасу деп аталған. Оң жағынан Қысрақ қарасуымен өзек Шолақ қарасуы жалғасқан. Шүрек өзенінен солтүстікке қарай Жаманшұбар.

Қыздың қарасуы картада Шілікпай-Салқынтау маңында орналасқан. Қарасу деп ертеде су жиналатын ой жерді айтқан. Мұндай қарасулардың жаз бойы суы тартылмаған, ащылау болған, тек мал ғана ішкен. Көктемде өзектердің суы молайып, бір-бірімен қосылып жатқан. Қыздың қарасуы Шілікпайдан Ерадырды, Азаттан Бөженнің оңтүстік жағымен Молақты басып Ащылы айырыққа құйған. Бүгінде қарасулар құрғап қалған. Жері қырат, түгел төбелі, жоталы. Тау кенінің түсі қарақұба, ұсақ тастар төбелерде көп кездеседі. Тау жынысында темірдің көптігінен жерлікті топырақ қызыл түсті. Тегіс жерлерде топырақ қарая бастайды. Шабындық: көлдер, шілік, ағаш бауыры, ойпаттар. Жиі өскен қау, ақселеу, өлең шөп көп, әсіресе көлдер маңында. Барап, Горняк, Шілікпай өңірі бұлаққа бай. 1975 жылдары «Ақ бұлақ» операциясы аудандық газетте жарияланып жүрді. Ақмола уезі солтүстіктен оңтүстікке Көкшетау тауларынан Шу өзеніне дейін созылып жатқан алқап. Солтүстік жағы Есіл өзені су алабы, Ортасы Қорғалжын су алабы, Оңтүстігі Шу өзені су алабы мен Сарысу өзенінің сол жақ жағасы.

Ақмола уезіне 17 болыс қараған. Екі топқа бөлінген. Ақмола, Ереймен, Ишимская, Қоржынкөл, Қызылтопырақ, Моншақты, Нұра болыстары солтүстік топқа; Ақтау, Атасу, Жыланды, Қарағаш, Мұңлы, Нілді, Ортау, Саранская, Спасская, Черубайская, Нуринская оңтүстік топқа жатқан. Солтүстік болыстардың жерлері қазіргі Ақкөл, Астрахан, Ерейментау, Макинка, Нұра, Целиноград аудандарының жерлерін қамтиды. Уездің зерттелген аймағы 53/0 және 48/0 солтүстік кеңдікпен 35/0 15 мин және 44/0 батыс бойлықтың арасында орналасқан. Моншақты тау жүйесі шығыстан, солтүстік-шығыстан, оңтүстік-батысқа дейін созылып жатыр. Ең биік тау – Домбыралы 238 сажень. Моншақты – 234 сажень, Қыземшек – 217 сажень. Қыземшектен әрі қарай төбешік таулар басталады: Үйсін, Жартышоқы, Қоңыршоқы – 182 сажень, Ақшоқы – 83 сажень, Ерадыр – 182 сажень. Солтүстіктегі тау жүйелері ірі Көкшетау үстіртімен жалғасып кетеді. Оңтүстік шығысында Ерадыр, Шұбар таулары Ешкіөлмес, Қарағайлы төбелерімен жалғасады да, соңғылары Ереймен тауларына дейін созылады. Ерейментау тау жүйесі Моншақты тауларынан әлдеқайда биігірек: Жуанадыр – 364 сажень, Көкшалғын – 335 сажень, Обалы – 350 сажень. Солтүстікке қарай Ереймен таулары тез төмендеп, өте жартасты Қойтас таулары басталады. Ерейменнен оңтүстікке қарай Жаманияз, Жақсынияз таулары. Ең биік шыңы 380 сажень. Есіл, Нұра, Шідерті су алабы Нұра өзеніне келіп тіреледі. Нұрадан әрі тағы төбелер кетеді. Олар бірте-бірте тауға айналады. Ең биігі Наршөккен – 440 сажень. Әрі қарай Қосағаш, Семізқыз таулары. Наршөккеннің оңтүстігінде – биік Бұғылы таулары, биіктігі өлшенбеген. Тұрғылықты адамдардың айтуынша, сол маңдағы ең биік таудың бірі Жаманбас тауы. Ол Шалмалы деп те аталады. Оңтүстікке қарай аласалау Жақсытоғалы, Жамантоғалы және Ортау таулары. Бұғылы, Тоғалы тауларынан шоқы төбелер созылып, солтүстігінде Наршөккен тау жүйесіне айналады. Олар батысқа қарай Атбасар уезінің Ұлытауға қарай созылатын төбелеріне қосылады.

Уездің батыс жағында орналасқан биік таулар шығысқа қарай төмендейді. Есіл, Нұра Сарысу өзендері сол себептен батыстан шығысқа қарай ағады. Оңтүстігіндегі таулар солтүстікке төмендегендіктен Нұраның салалары, Құланөтпес өзені солтүстікке қарай ағады. Моншақты тауының солтүстік тау жүйелері Есіл өзеніне, оңтүстікке қарай сәл төмендейді. Қалқұтан, Дамса өзендері осы бағытта ағады. Моншақты тауы жүйесінің шығыс жағындағы Ереймен таулары уездің солтүстігінде орналасқан. Солтүстік шығысқа қарай тез төмендейді. Сондықтан Сілеті, Өлеңті өзеңдері осы бағытта солтүстік шығысқа қарай ағады. Ақмола уезінің рельефінде аралас-құралас өзен, қарасулар, көлдер өте көп. Есіл өзені, Қорғалжын, Сілеті, Шұғаға құятын Сарысу өзені бассейндері. Қорғалжын бассейніне сулы, ағысы қатты Нұра өзені, Құланөтпес, оның салалары Көне, Соналы өзендері жатады. Сілеті өзені солтүстік шығысқа қарай ағады. Жазда суалып қалатын Байғана өзені Сілетінің Ақжар деп аталатын саласына жалғасады да, осы жерден Сілеті өзені басталады. Сілеті су бассейні уездің солтүстік шығыс жағында Омбы, Павлодар тұзды көлдеріне құяды. Сілетінің сол жақ салаларының суы аз, құрғап қалады. Ағысы тоқталмайтын оң жақ салалары Ақмырза, Кедей өзендері, Өлеңті Павлодар облысымен шекарада. Өлеңті мен Сілеті арасындағы Тыныке өзені Павлодар облысындағы Ащы Шолақ көліне құяды.

Қыздың Қарасуы – орыс губернаторы Омбыдан келіп, Сағынайұлы Нұрмағамбетті пайдаланып қазақтарды «солдатқа окоп қазуға аламыз» деп үгіттеген жер. Ақсай өзені батыстан шығысқа қарай ағады. Шүрек өзенінен оңтүстікке қарай Жаманшұбар. Итемген көліне Ақсуат құяды, төменірек Ақсуат Итемген қарасуы деп аталады, суы тұщы. Осы көлге жазда суалып қалатын Атан Қарасуы құяды. Солтүстік жақтан бұлақ – өзенше Қарашат қарасуы ағыны тоқтамайтын су ащы Бөгембай өзеніне айналады. Бөгембай өзені әрі қарай Алтай сорына құяды. Осы маңда бұлақтан аққан су Боқтықарағай өзенімен жалғасады.
Моншақты тау жүйесінен Төлеп қарасуы, Талқора, Жыланды, толып жатқан тағы да аты белгісіз өзендер тұщы Қалқұтанға құяды да, бірте-бірте Астрахан ауданы маңында үлкен сулы салаға айналады. Қазақ атамыз көшіп-қонып жүріп мекендеген жерлеріне салт – дәстүрге, табиғат құбылысына байланысты қоршаған ортадағы жәндік, аң, құс, т.б. тірі атауларға қатысты жер-судың ерекшелігіне сай ат қойып отырған. Қазақ тілі сөз қоры жағынан әлемдегі ең көлемді тілге жатады. Білмейтін атауларды оқығанда таң қаласың! Осы атаулар арқылы ата-бабаларымыздың өмірін елестетесін!
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға