Жаңалықтар

Ақын шаңырағындағы әз Наурыз

Дәстүрге берік отбасы
Ақын шаңырағындағы әз Наурыз
Фото: Нұрбек Әлманбетов 18.03.2017 08:00 47483

Ұлыстың ұлы күні біз үшін биыл ерекше басталды. «Айтыстың анасы» атанған ақын апамыз Егеухан Мұхамәдиқызының шаңырағынан татқан Наурыз көженің дәмі де өзгеше, айтылған әңгіменің ауаны да бөлек болды...

Айтыстың ақтаңгері Дәулеткерейдей ұлды өмірге әкелген алтын құрсақты ана бізді ағынан жарыла қарсы алды. Көктемнің жайма шуақ күні киелі шаңыраққа өзгеден бөлек нұр шашып тұрғандай. Бұл – ел тәуелсіздігінен кейін қазақ айтыс өнерінің қайта жандануына үлкен үлес қосқан, төл өнеріміздің шоқтығы биік шыңында тұрған қос ақын Кәп атамыз бен Егеухан апамыздың өнер тұнған ордасы.

Бір ақындықтың өзі айтыстың абыздарынан тараған он баланың бесеуіне біткен болса, ал, бойына ұлттық дәстүрдің дәні егілген басқа бесеуінің бірі – саятшы, бірі – қолөнер шебері, бірі – сөз сүлейі...Бізді ақ дастарханға отырғанша қуантқан Ақыт пен Айзере болды. Оюлы сырмақта асықтарын атып ойнап отырған Егеухан апамыздың сүт кенжесі Дәулеткерейден сүйіп отырған немерелерімен біз де асық ойнауға кірістік.  

– Ақыт, қарындасың екеуіңде қанша асық бар?

Асық дорбасының аузын мақтана ағытқан Айзере ағасынан бұрын жауап берді.

– 150 асық бар.

Ақыт болса:

«Құлдыр-құлдыр, құлыншақ,

Құлдырайсың шабасың.

Күлдір-күлдір кісінеп,

Қайда кетіп барасың»,-деп атасы Кәп Құмарұлының «Құлыншақ» деген өлеңін оқып берді.

«Балалар асықтарын Наурыз мерекесі болған соң ғана алып шығып ойнап отыр ма? Бұлар да басқа үйдің балаларындай телефон мен теледидарға телмірмей ме екен»,-деген көкейге келген сұрақты ас қамын жасап жүрген Дәулеткерей Кәпұлының жары Айгүл жеңгемізге қойып үлгердік.

«Балалардың балабақшадан келгеннен кейінгі ермектері осы асық пен шахмат. Одан қалса әжелерін әлекке салып ертегі естиді. Ал, планшетке тек қазақ мультфильмдерін ғана таңдап көшіріп қойғанбыз. Санасын улайтын сапырылысқан дүниелерден сақ болу үшін үйге Wi-Fi орнатпадық. Телеарнадан тек «Балапанды» ғана қадағалап отырып көрсетеміз»,- деп күлді жеңгеміз.

Жеңгеміздің сөзінің жаны бар. Ақыт пен Айзеренің бір ауыз орысша араластырмай сөйлегеніне қарап, бүгінгі күні «балаларымыз орыс тілін балабақшадан үйреніп келеді» дейтін кей ата-ананың сөзі жай ғана сылтау сияқты болып көрінді.  

Біз үшін дайындалып жатқан наурыз көже мен сүрі еттің иісі Нұрбек екеуімізді фотоаппаратымызбен қоса ас үйге жетеледі. Наурыз көженің қалай жасалатынын көргіміз келіп, қазан-аяқ жаққа 77 жастағы апамызды да ертіп кірдік.

«Әз Наурыз – қазақ халқы үшін жылдың басы, бір жылдан аман-есен шыққан елдің қуаныш тойы, көңілге бүккен өкпе-реніш ұмытылатын берекелі күн. Наурыз көжеге соғымның сүрі еті асылады. Сорпасына бидай, тары, қатық қосылып, көже жеті түрлі дәнмен толығады. Біздің кезімізде наурыз көже тайқазанда дайындалып, одан бүкіл аймақ дәм тататын»,-деп Егеухан апамыз әңгімесін айта жүріп, келініне көжеге керекті дәмнің түрлерін көрсетіп берді.

Ұлыстың ұлы күні туралы сөз болғанда «ұлық мерекені өз мәнінде тойлап жүрміз бе?» деген сауал қай дәуірдің ұрпағының болмасын санасына оралатыны сөзсіз. Атамзаманнан келе жатқан тойдың озығын өрге сүйрей алдық па? Асқа отырып, ақ бата жасалғаннан кейінгі дастархан басындағы әңгімеміз осы төңіректе жалғасып жатты.

«Дәл осы күні алаңдарда ақ шаңқан үйлер тігіліп, кестелі шапан киіліп, көже ішісіп жатады. Ұлттық ойындар мен өнерден шоулар өтіп, көздің жауын алатын көрмелер көпшілікке ұсынылады. Құдайға шүкір, қазір ұлттық болмысымызды ұлықтау үшін мүмкіндіктер мол. Бұл үрдіс жақсы-ақ. Бірақ, наурыздың болмысы бұнымен шектелмегені дұрыс. Қаладағы қабат үйлерде төрт қабырғаға жабысып орналасқан отбасылар бір-бірімен араласқанды қойып, сәлемдеспейтін заманға жеттік. Тым болмағанда осы ұлыстың ұлы күнінде көршілерімізбен қауышып, дастарханнан өзара дәм татыссақ қандай жақсы болар еді?!»,-деген ақын апамыз «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген сөздің тегіннен-тегін айтылмағанын тілге тиек етті.

Егеухан апамыздың айтуынша, Наурыз – халықты қайырымдылық пен еңбекқорлыққа да үндеуі тиіс: «Біз бұл тойдың тағы бір ерекшелігін ұмытып бара жатқандаймыз. Наурыз ертеден қамқорлық пен мейірімнің айы болған. Наурызда айрандай ұйыған ұлыстың кем-кетігін толтырып, жетімді жебеп, жесірге қамқорлық көрсетуіміз керек. Бұдан бөлек, бабаларымыз бұл күні жиналып бастаудың көзін ашып, ұрпаққа сая болар тал отырғызған».

Кестелі кимешегі басынан түспейтін апамыз жастардың ұлттық киімдерді күнделікті тұрмысқа лайықтап кигенін де құп көреді екен. Жаһандануға жұтылып кетпеудің бір ғана жолы – салт-дәстүрімізге берік болу екенін айтқан ақ жаулықты анамыз астан кейін тігіп жатқан сырмағын көрсетті. Ешкінің түбіті мен түйенің шудасынан ұршықпен жіп иірді. Өз қолынан шыққан тері тонның да жасалу жолдарын таныстырды.

Ақын апамыздың өзі жырлағандай:

«Жайылып наурыз тойы дастарханы,

Жал-жая асып қартқа бас тартады.

Әз әже тайқазанмен көже жасап,

Тәмсіл ғып көпке жеткен асты айтады»,- десіп біз де киелі шаңырақтан татқан наурыз көжеміздің дәміне тамсанып, ақын отбасымен қимай қоштастық.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға