Жаңалықтар

Әкімдікте елорданың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту туралы айтылды

Әкімдікте елорданың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту туралы айтылды
Фото: gov.kz 20.12.2022 20:21 1148

Елордадағы инвестициялық жобалардың басым бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт, АӨК саласындағы инфрақұрылымды дамытатын жобалар туралы онлайн-брифингте қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.

Инвесторларды білім беру саласы қызықтырады, деп атап өтті спикер. Осының арқасында үш ауысымды және тығыздалған режимі мәселесі шешіледі, бәсекелестік артады, бұл кейіннен білім сапасына оң әсер етеді. Соңғы 2 жылда мемлекеттік қолдау шараларының арқасында инвесторлар 7 мектеп салып, 6 мың оқушы орны құрылды.

«Білім беру нысандары МЖӘ тетігі бойынша да іске асырылуда, оның шеңберінде қалада 20 мың жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік берген 6 жалпы білім беретін мектеп салынды. Жеке инвесторлар есебінен денсаулық сақтау және спорт нысандары да салынуда. Басты мақсат – әрбір тұрғын үшін қолжетімділік және халыққа сапалы қызмет көрсету. Аталған инвестициялық жобаларды іске асыру елорда бюджеті үшін оң әсер етеді», - деп атап өтті Бекмурзаев.

2022 жылы елордада үстел теннисі орталығы іске қосылды, инвестор жобаны іске асыруға 2 млрд теңгеден астам қаражат салды. Келесі жылы жалпы инвестиция көлемі 5,5 млрд теңгені құрайтын көпфункционалды балалар мен жасөспірімдер спорт орталығының, сондай-ақ 600 млн теңгеге дзюдо орталығының құрылысы аяқталады.

Сондай-ақ қала тұрғындарының өтініші бойынша елорданың сол жағалауында жеке инвестор Оқушылар сарайының құрылысын жүргізуде, келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың жаттығуына жағдай жасау мақсатында паралимпиадалық жаттығу орталығы мен «Тарлан» Мұз аренасының қызметін ұйымдастыру бойынша МЖӘ шарты жасалды.

Нысандар ерекше физикалық мүмкіндіктері бар адамдарға толығымен бейімделген. Бүгінгі таңда спорт нысандарына 1, 2, 3 мүгедектік тобы бар 1 563 адам және 650 бала келеді», - деп толықтырды спикер.

Халық санының өсу қарқыны қаланың азық-түлікке деген қажеттілігін арттырады. Сондықтан қазір агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобалар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл салада жалпы инвестиция сомасы 86,9 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға