Жаңалықтар

Әкім Таразидың балалық шағына саяхат

Мектепте қатты сотқар болдым...
Әкім Таразидың балалық шағына саяхат
Фото: Жарқынбек Жұмаділ 09.03.2017 11:10 9587

Бұл өмірдегі ең үлкен бақытыңыз – бақытты балалық шағыңыз.

Агата Кристи

Әр дүйсенбі сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағына саяхат жасайды. 

Ел алдында жүрген кесек тұлғалардың балалық шағына саяхат жасау арқылы, оқырмандардың бақытты балғын шақтарын есіне салуды мақсат еттік. Біздің алғашқы саяхатымыз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Әкім Тарази ағамыздың балалық шағына арналмақ. 

Әр адамның көңіл түкпірінде қалған мәңгілік сағынышы, қайта қайырылып соғар қауқары жоқ орындалмас арманы бар, ол ─ балалық шақ. Әкім ағаның естелігі үш бекеттен тұрады. 

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─  Аға, балалық шағыңызды жиі еске аласыз ба? 

─ Әлі көз алдымда, таудан ағып келіп жатқан үлкен арық болатын. Алатауда Қырғызстан жақтан келетін Шу өзені бар ғой, сол Шу өзеннен бөліп әкелген арық. Адамдар арықтан өту үшін көпір ретінде екі тақтай тастай салатын. Су арнасынан тасып сол тақтайдың үстімен ағып жататын. Бірде алдымен мен өте шықтым, менің артымнан өтпек болған қарындасым абайсызда суға құлап кетті. Шашы сап-сары, көзі көкпең-көк Күләш есімді қарындасым еді. Ол кезде құтқару дегеннің не екенін қайдан білейін, қарындасым су бетіне бір шығып, бір кіріп, жанталаса тырбанып ағып бара жатты. Артынан мен де арықты жағалай жүгіріп барамын, бір кезде қарындасым көрінбей кетті. Анамыз дүкенге кеткен болатын, жүгіріп барып болған жайды анама жылап тұрып айттым. Мамам шашын жұлып жылады. Бала кездегі осы қайғылы оқиға есімнен кетпейді...

Туған жеріме келер болсам, менің кіндік қаным тамған жер Алматы станциясы. Кіндік шешем татар әйелі болыпты. Әкем Шу ауданынан келіп, бірінші Алматы станциясында тұрдық. Ол өзі мұғалім болса да, қиын-қыстау күндері қойма бастығы болып жұмыс істеді. «Трудовая» деген көшеде дүниеге келген екенмін. Кейін анам сол мен дүниеге келген үйге арнайы ертіп барып «балам мынау сенің туған үйің, екінші қабатта бесінші үйде дүниеге келдің» деп көрсеткені бар. 

─ Тынымсыз тірлігі бітпес мынау қу дүниеден кейде қажығанда, риясыз бала кезді сағынасың. Сондағы ойнаған заттар, асыраған жануарлар есіңе оралады. Сіз қандай жануармен дос болдыңыз?

─  Негізі күшік, мысық, таймен ойнамаған қазақ баласы кемде-кем шығар. Менде де болды ондай достар. Бала кезімде күшік асырадым. Біздің жақта салт бойынша күшіктің құлағын кесіп тастайтын. Әкем сауатты адам болғандықтан кітап көп оқитын. Антон Чеховтың «Каштанка» деген әңгімесімен байланысытырып қойса керек, күшігімнің аты «Каштанка» болды. Сонымен қатар асыраған құстарым болды. Құстарды жақсы көруші едім...

─ Әр баланың азан шақырып қойған өз есімімен қатар жүретін, туған туыстары немесе жеңгелері қойған екінші аты болады. Сіздің еркелетіп қойған атыңыз кім болды?

─ Балаларға беретін екінші аттың жиі кездесетіні, баланың тынымсыздығына қарап «жүгірмек» дейді. Әр баланың іс әрекетіне, сөзіне қарап әртүрлі ат қояды. Мен кішкентай кезімде Алпамыс батыр мен Қобыланды батыр жырын судыратып жатқа айтатын едім. Соған қарап Бәти деген жеңешем «Молда бала» деп ат қойды. Қобыланды мен Алпамыс жырын айтқанда, кәдімгідей образға кіріп, ұмытып қалған жерлерін өз ойымнан өтірік қосып жіберетін едім. Жалпы әдебиет дегеннің өзі өтірік айта білу, қолдан тағдыр жасау ғой. Он адамның немесе жүз адамның образынан бір адамды шығарасың. Немесе өзің білетін мың адамның болмысынан бір кейіпкердің жинақ образын жасайтын кез болады.

Екінші бекет «Ана мектеп»

─ Ең алғашқы мектепке барудың өзі бір қызық. Бәріміз бар ынтамызбен ертең мектепке барамын, оқимын деп түнімен қуана дайындалсақ, енді біріміз соны уайым көріп, асыр салып ойнайтын қызық сәттерді қимай оқудан қашатын әдетіміз бар. Сізде қалай болды?

  ─ Оқуға деген ынтам ерекше болды. Оқу үлгірімі жағынан алдыңғы қатардағы балалардың бірі, өте белсенді активист болдым. Міндетті түрде сыныпта  «староста» болуға тырысатын едім, бала болсамда бастық болуға, басқарушылыққа қызығатынмын. Ұйымдастыру, командамен жұмыс жасауға білек сыбана кірісетінмін. Достарымды да соған қарай таңдадым. Өзіме бағынатын, мені қолдайтын тіл алғыш балаларды қасыма жақын тарттым. Әрине, ұдайы тәртіпті,үлгілі оқушы болдым демеймін, негізі ақылдылығым мен тентектігім қатар жүрді. Мектепте қатты сотқар болдым. Төбелескіш болғандықтан, балалар менен қорқатын еді. Мектептен қайтар жолда, жолдастарыма сөмкемді арқалатып қоятынмын. Сол содырлығымнан «Екі шаңырақшы» көшесінің атаманы атанып үлгірдім. Біз отыз жетінші мектепте оқыдық, елу бірінші мектеп Ленин атындағы орта мектеп болды. Сабақ аралық он бес минуттық үлкен демалыста «ура!» деп айғайлап, орыс мектебі балаларына шабуыл жасаймыз, олар бізге шабуыл жасайды. Аз-кем апыр-топыр жағаластан соң ентігіп сабаққа кіреміз. Бірақ бала мінез арамызда ешқандай өкпе-реніш болмайтын. Сабақтан тараған соң, қолтықтасып жаңағы елу бірінші мектептің балаларымен бір жарым шақырымдай алыстағы үйімізге бірге қайтатын едік. Ол кездегі төбелес спорт сияқты еді. Анау орыс, мынау неміс деп бөлінбейтінбіз. Қайта өмір бойы дос болуға тырыстық. Соның айғағы Мұсылманқұл деген досым болды, немістің баласы керемет жақсы араластық. Кейін сол жігіттің келіншегін қазақы салтпен алып қашып,  үйлендірдік.

─ Сол тентектігіңізден әкеңізден таяқ жеген кезіңіз болды ма?

─ Менің әкем де, шешем де мені қатты жақсы көрді. Еш уақытта қол көтерген емес. Бір-ақ рет әкем қамшымен тартып қалды. Кінә өзімнен болды, көп қиқарланған жоқпын, қателгімді мойындап екі күн өткен соң кешірім сұрадым. Әкемнің қамшы көтеруінің себебі былай болды. Көкпар десе есті қазақтың бәрі елеңдеп тұратын кез. Көкпар білмесем де, көкпарды қатты жақсы көретін едім. Әкемнің мініп жүретін айғыры болды, мінезі шәргездеу жылқы еді. Мен әкеме ескертпей, ат ағашта байлаулы тұрған жерінен мініп кетіп, көкпарға барып қатыстым. Қайта мені құдай сақтады. Егер мен сол көкпарда жүріп жығылсам, ат басып өлтіріп кетер қаупі бар еді. Әкем сол үшін қатты ренжіп, қол көтерді.

─ Қай пәнді ұнатып оқыдыңыз, қай пән көңіліңізге жақпайтын еді?

─ Барлық сабақтардан үлгерімім алда болатын. Мен керемет математик болдым. Соның пайдасы деп ойлаймын, менің жазған шығармаларымда бір ауыз артық сөз жоқ, барлғы есептеулі. Математиканы ең алғаш үйренген кезім былай болды. Жаңа жыл жақындап, желтоқсанның 20-да емтихан тапсырумыз керек болды. Не істерімді білмей басым қатты. Ақыры болмаған соң, математика деген кітапті алдым да, оқи бастадым. Түк түсінбеймін, бірақ төрт күн ішінде әлгі кітапті жаттап алдым. Емтихан болатын күн де жетті. Көзім бақырайып үлкен аудиторияның артқы қатарына жайғастым. Михайлович деген ұстаз болатын емтихан қабылдайтын, өте тәкәпар кісі еді. Алдына сыра қойып қойған, темекісін бұрқыратып тартып отыр. Қырық алтыншы жылдары Москвадан жер аударылып келгендердің бірі еді. Алдыңғы балалардан сұрап-сұрап бір кезде маған да кезек келді. «Сұрақ қандай?» - деді. Мен жаттап алғаным бойынша сыдыртып айтып бердім.

─ Сен қайда оқисың?

─ Осында оқимын, - дедім.

─ Мен сені көрген жоқпын ғой?

(Мен  қорқып артқы жақта  көрінбей отыратынмын)

─ Бес қоямын, мен сені көмекші етіп аламын, суды буға айналдыру және буды энергияға айналдыру тәжірибесін жасаймыз - деді. (Ол кезде су диірмені болғанымен  электр станциялары жоқ болатын.)

─ Соны тапсаң мен сені жаныма көмекші етіп аламын. Судың күйін жазшы?

─ Мен білмейтін едім,- деп, төмен қарадым.

─ Мен сені бағанадан бері мақтап отырсам... – деп, көзін бір алайтты да, екіні қойып кеп жіберді. Мен жылап жібердім. Ашуланғаным сонша, құжаттарымды шығарып алып, Шуға сол күнгі кешкі поезбен тартып отырдым. Егер ол кісі олай істемегенде мен мықты физик болар ма едім, кім білсін... Алайда "әр істің артында бір қайырлы іс бар" демекші, солай болғаны да жақсы болды деп ойлаймын, есесіне мықты жазушы болдым. 

Әкім ағаның балалық шағына саяхатының соңғы бекеті «Бала ғашық» деп аталады. Бірақ, кейіпкерміз ол бекетте есте қалған естеліктерін «Ақбердінің ауласы» атты шығармасында толық жазғанын ескертті. Біз де оқырмандармызға сол тамаша туындыны оқуға кеңес береміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға