Жаңалықтар

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалына – 27 жыл

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалына – 27 жыл
27.03.2019 03:54 5789

«Бөлінсең – жоқ боласың, бөліссең – тоқ боласың» 

(Түрік даналығы) 

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сонау 1990 жылдары Тәуелсіз Қазақ жерін мекендеген этномәдени орталықтардың барлығын бір ұйымға, бір шаңырақтың астына - Қазақстан халқы Ассамблеясына біріктіру идеясын ортаға салған еді.

Көп ұзамай Елбасының Жарлығы шығып, оған сәйкес жер-жерлерде Ассамблеяның жұмысын қамтамасыз ететін хатшылықтар құрыла бастады.

1995 жылдың сәуірінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Оған этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауым өкілдері кірді. Сол жылы ұзын саны 9 этномәдени бірлестік болса, бүгіндері олардың саны 73-тен артып жығылады. Олардың 26-сы облыстық, 47-сі аудандық. Барлығы дағы азаматтар арасында патриоттық сезімді, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайту жолында бірсыпыра жұмыс атқарып келеді.

Облыс аумағында жеке отау құрып, бірлестік болып тіркелген этномәдени бірлестіктердің бірі - «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы.

Жалпы, қасиетті Қазақ жерін өз Отаным деп санамайтын өзге ұлт өкілдері кем де кем. Олардың бірі Ахыска түріктері десек қателеспеспіз. Олар кезінде Грузияның Ахыска жерінен Қазақстанға жаппай жер аударылды. Айтпақшы, биыл сол қасіретке толы оқиғаға 75 жыл толып отыр.

Сонау 1944 жылы КСРО  Мемлекеттік қорғаныс комитетінің түрік-ахыска халқын Грузиядан Орта Азия мен Қазақстан жеріне  жедел қоныс аударту туралы қаулысына сәйкес түрік халқының өмірі бір мезете астан-кестен болды. Депортациялық саясаттың кесірінен Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген түрік халқының жан сақтауы тек қазақ халқының бауырмалдылығының арқасында ғана мүмкін болды.

Зорлықпен көшірілген халық қилы заманда қазақ өлкесінен пана ғана емес, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты. Олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, көпұлтты Қазақстан елінен өзіне лайықты орын тапты. 

Жыл сайын Ахыска түріктері Алғыс айту күні қарсаңында ата-бабаларына арнап ас беріп, Құран бағыштайды. Кең құшағын жайған қазақ бауырларына шексіз ризашылықтарын білдіреді.

Өткен 1 наурызда Алғыс күнінде «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі Тараз қаласының жалпы білім беретін №9 орта мектебінде осыған арнайы шара өткізді.

Оның барысында сонау зобалаң жылдары алыс жерден жер аударылып келген түрік ағайындарын жатсынбай, өзіндей көріп құшақ жая қарсы алып, паналаған қазақ халқына деген алғыстары мен рахметтерін көпшілік алдында айтты.

Жамбыл өңірінде 1992 жылдан бастап жұмыс істейтін «Ахыска» түрік этномәдени орталығының» құрылғанына сәуір айында 27 жыл толады екен.

Түріктердің бірлестігін соңғы 8 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстың белгілі азаматы, мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әркез дайын сыйлы меценат Давришев Махмұтжон Мирадинұлы ойдағыдай басқарып келеді. Ташкент облысында дүниеге келген. Музыка пәнінің мұғалімі болып білім алған ол кейін іскерлікпен айналысуға бел буады. Соңғы 27 жыл бойы табжылмай еңбек еткен Махмұтжон бүгінде еңбегінің зейнетін көруде.

Оның жетістіктері әкімшіліктердің, қоғамдық ұйымдар мен спорт федерацияларының бірнеше Алғыс хатттарымен, грамоталарымен, дипломдарымен аталып өтті. Ал ең басты да салмақты марапат – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» қоғамдық медалі болып саналады.

Айта кетейік, М. Давришев Жамбыл облысында соңғы 15 жыл бойы қайырымдылықпен айналысып келе жатқан мейірімді меценаттардың бірі және құрметті азаматы. Ол  облыста өткен «Қайырымды жан» акциясы барысында мүмкіндіктері шектеулі балаларға деп қомақты қаржылай көмек беріп тұрады.

Этномәдени бірлестік өкілдерінің бастамасымен облыстың балалар үйлері мен интернаттарында қайырымдылық акциялары әркез ұйымдастырылып тұрады.

«Жетім көрсең, жебей жүр» демекші, қаланың қақ ортасында орналасқан мейрамханалардың бірінде түрік ағайындар жетім балалар мен денсаулығы шектеулі бүлдіршіндерге, отбасылық жағдайы төмен, жартылай жетім, мүгедек балаларға арнап түскі ас ұйымдастырып, бүлдіршіндерге мерекелік концерттен шашу мен сыйлықтар үлестіруді жақсы дәстүрге айналдырған.

«Қайырымдылық жасаудағы басты мақсат – жандары жабырқап, еңселері түсіп, өмірден бір ерекше жақсылық, қуаныш күтіп жүрген балапандардың үмітін ақтап, көңілдерін көтеру. Әрине, біздің бұл көмегіміз жетім балалардың ата-анасының орнын толтыра алмасы хақ, денсаулығы шектеулі бүлдіршіндердің кем-кетігін толтыра алмайды. Дей тұрғанмен, уайым-қайғыларын, бір сәт болса да, ұмытып, көңілдерін шарықтатып, жүректеріне қуаныш-шаттық сезімін сыйласақ деген ынта-сезім бар», - деп өз ойымен бөлісті Махмуджон Мирадинұлы.

«Менің бір қуанатыным, осыдан 10 жылдай бұрын Жетім балалар үйінде 400-ге тарта тәрбиеленуші болатын. Қазір олардың саны күрт кеміп, 100-120 ғана қалды. Яғни, әрбір бала жетімсіремей, өз отбасын табуда. Бұл өте жағымды жаңалық. Соңғы кездері бірнеше балалар үйі жабылып, қысқарып, бірікті. Менің арманым – көзі жәутеңдеген бүлдіршіндер, жетім Үйлер болмаса, әр бала отбасында толыққанды тәрбиеленсе екен», - дейді сұхбаттасушы.  

«Ахыска» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан 42 мың түрік ағайынның басын бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып отыр. Сол арқылы елдегі этносаралық келісімді нығайтып, Қазақстан халқының этникалық мәдениетін жан-жақты өзара байытуға барынша атсалысып, өз дәстүрлерін, әдет-ғұрпы мен мәдениетін, тілін сақтау және дамыту, жастардың бойында қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи мәдени байланыстарды дамыту жолында аянбай еңбек етіп келеді.

«Мен өзім міндетті түрде түріктер көп шоғырланған аудандарға, көшелерге барып, есеп беремін, бауырлардың мұң-мұқтаждарын тыңдаймын. Мәселелерін шешуге атсалысамын. Бұл менің бірлестіктің басшысы ретіндегі тікелей міндетім», - дейді «Ахыска» бірлестігінің директоры.  

Этномәдени бірлестік белсенділері жылына бірнеше мәрте түрік ұлтының жоғары сынып оқушылары арасында этнос күндерін, қоғамдық-маңызды, мәдени іс-шараларды, спорттық турнирлерді, фестивальдерді, мемлекеттік тілге қатысты олимпиадаларды қалт жібермейді.

Бірлестік жанынан арнайы дербес Қоғамдық келісім, Ақсақалдар мен Аналар кеңестері және жастар қанаты құрылып, табысты қызмет етуде. Қоғамдық бірлестіктің облыстың барлық аудандарында өкілеттіктері бар, ал Байзақ, Меркі, Шу аудандарында ірі филиалдары құрылған.  

Өткен жылы Елбасының Жарлығымен белгіленген Домбыра күнінде Тараз қаласындағы перинаталдық орталықта дүниеге келген үш перзенттің аналарына дәл осы «Ахыска» этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев, бірлестік мүшелері Ибрагим Зуфаров және Зульфия Фарманова қазақтың ұлттық аспабы – киелі домбыраны сыйға тартып, шын жүректен құттықтаған болатын. Бұл да, қарап отырсақ, қазақ халқына, оның салтына деген түрік ағайындардың ерекше ілтипаты мен сый-құрметін аңғартса керек.  

Бірлестік соңғы жеті жыл бойы тұрақты түрде спорттың түрлерінен жарыстар өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Әсіресе еркін күрестен турнирлер жиі ұйымдастырылып тұрады.

Ақсақалдардың айтуынша, мұндай спорттық шаралар жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын арттырып қана қоймайды, олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дене тәрбиесі мен бұқаралық спорт жүйесін дамытуға ықпал етеді.

«Дені сау ұрпақты тәрбиелеп өсіреміз десек, кішкентайынан спортқа баулудың, денсаулыққа зияны келетін қасиеттерден алшақ болудың маңыздылығын күн сайын жастардың құлағына құя беру өте маңызды», - дейді «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ибрагим Зуфаров.

Түріктердің өз басылымдары да бар. «Ахыска» деген атпен 20 жылдан астам уақыт бойы Алматы қаласында басылып шығып келе жатқан газетте Қазақстанда тұратын түріктердің өмірінен қазақ, түрік, орыс тілдерінде толыққанды ақпарат пен мағлұмат береді.

Айтпақшы, бұл газет Қазақстаннан басқа түрік ағайындар көп шоғырланған сегіз мемлкетке – Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, АҚШ, Германия, Украина, Түркия, Қырғызстанға таралады. Одан да басқа журналдар мен басылымдар жетерлік.

«Бөлінсең – жоқ боласың, бөліссең – тоқ боласың» деген дана сөз бар. Сондағы айтпағым, Тарыдай бүкіл әлемге шашылған түрік ағайындармен байланысты үзбей, ара-қатынасымызды нығайтсақ деген арманымыз болған. Сол себеппен ғана мына газетті де шығаруды сонау жылдары қолға алдық», - дейді  Ибрагим ақсақал.

Тағы бір елең еткізетін жәйт бар. Осыдан 2,5 жыл бұрын «Ахыска» бірлестігіне 86 жыл бойы ешбір құжатсыз өмір сүріп келген әжей хабарласады. Осыншама уақыт қолында бірде-бір құжаты болмаған қарт әйел, сөйтсе, 1944 жылы сегіз жасында Грузиядан Қызылордаға ата-анасымен жер аударылған екен. Ата-анасы сол жерде жан тапсырады. Жетім қалған қызды көршілері бағып өсіреді. 18 жасқа толған шағында Өзбек азаматына күйеуге шыққан Жаннат әжей мектепте оқымаған, бала асырап үй шаруасымен отырып қалған. Құжаттарын солай реттемеген боп шығады. 1989 жылы Ферганада болған жағдайға байланысты Ресейдің Орлов облысына көшулеріне тура келеді. Қүдай қосқан жары қатты сырқаттанған соң, Жамбыл облысындағы туған-туыстары өздеріне алдыртып алады. Жұбайы көп ұзамай жан тапсырады. Еш амалы қалмаған екі қызы мен немерелерін арқалаған жалғыз қалған әжей көмек сұрап «Ахысқа» Бірлестігіне жүгінеді. Ибрагим Зуфаров ағамыз сол кісінің құжаттарын жасап беремін деп, үш жылдай әуре-сарсаңға түседі. Ақыры 90-ға келіп қалған әжейге түрік этномәдени бірлестігі өмірінде алғашқы төлқүжаты мен паспортын, банк карточкасын ашып, бәрін тап-тинақтай етіп жасап береді.

«Біз ол құжаттарды азаматтардың көзінше салтанатты түрде тапсырған болатынбыз. Сөйтсек, қолында құжаты жоқ 30-дан астам бауырлар тағы шыға бар боп шықты. Енді не істейміз? Мына жерде бір адамға жәрдемдесеміз деп, 3 жылдай уақыт жүрдік. Мыналардың барлығына қашан көмек көрсетіп боламыз деп жүргенімізде, облыстық Ішкі істер департаментінің жаңа басшысы танысуға шақырмасы барма. Сонда ресми түрде өтініш жасаған 30-дан астам түрік ағайындар бар еді, барлығының құжаттары дұрыс болмай шықты. Көмек керек дегенім сол еді, департамент басшысы жауапты қызметкерді белгілеп, мәселеміз шешеле кетті.

Яғни, дүйім жұрт Бірлестіктің нақты жұмыс жасап отырғанын, мұқтаж жандарға шынымен де қол ұшын беріп, көмектесіп отырғанын байқап, сезіп, аңғарып отыр», - дейді Ибрагим ақсақал.

«Ахыска» этномәдени бірлестігі жанында сонымен қатар жастар одағы жұмыс істейді. Оның қызметі әсіресе биыл Жастар жылы ерекше қарқын ала бастаған. Облыстағы түрік жастары қызығушылықтарына қарай түрлі үйірмелер құрып, сүйікті істерімен айналысады. Би, түрлі аспаптарда ойнау, тіл үйрену, қолданбалы өнермен айналысуды жақсы жолға қойған.

Түрік этномәдени орталығы жанында «Ядигер шоу» ансамблі құрылған. Он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан шығармашылық ұжым түрік жастарының басын біріктіріп, өнерге баулуға машықтайды. Қол жеткізген жетістіктері үшін өнер ұжымы түрлі алғыстар мен марапаттарға ие. Қолдары қалт еткенде 400-ге жуық жастың басы бір жерде шоғырланып, түрлі авторлардың шығармаларын сахналандырып, жаңа билер мен әндерді жаттап, көрермендер назарына ұсынуды жақсы дәстүрге айналдырған.

«Тіпті, керек десеңіз, облыста тұратын түрік бауырлар спутник антеннасы арқылы Түркияның кез-келген бағдарламасын, фильмдері мен концерттерін тамашалауға мүмкіндіктері бар. Сол арқылы жастарды ана тіліне баулып, тарихи отанымен байланысының үзілмеуін қамтамасыз етеміз. Бізде ана тілін жоғалтып алу қаупі жоқ. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап түрікше біледі. Салт-дәстүрлерімізді үлкен той болғанда, қыз ұзату кезінде дәріптеп, түсіндіріп отырамыз, жастар жағы бойларына сіңіріп отырады», - дейді Махмуджон Мирадинұлы.

«Ахыска» бірлестігі Түркияда білім аламын деген жастарға қол ұшын беріп, тұрмыстық жағдайы нашар отбасылардан шыққан студенттердің оқуын толық төлеуге көмектеседі. Өткен жылы Тұркияға 12 студент білім алуға кетсе, соның алтауының төлемақысын Жамбыл облысындағы түрік ағайынды кәсіпкерлер өз мойындарына алыпты.

Тағы бір айта кететін жайт, М. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде қазақ-түрік орталығы ойдағыдай жұмыс істеуде. Ол ТарМУ мен Түркияның Кастамону Университеті арасында қол жеткізілген еі жақты келісім шеңберінде мүмкін болып отыр. 5 жыл қатарынан екі елдің белді жоғарғы оқу орындары өзара тығыз байланыс орнатқан. Соның нәтижесі ретінде білім саласындағы қазақ-түрік қарым-қатынасын ілгерілету жолындағы бірлескен ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, толыққанды жұмыс істеуде.

ТарМу оқытушылары Кастамону университетінде дәріс оқыса, студенттер академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша оқу тәжірибесінен өту мүмкіндігіне ие болып отыр. Таразда ашылып, сәтті жұмыс істеп жатқан Орталық екі жоғарғы оқу орны ғана емес, жалпы екі бауырлас ел арасындағы достастықтың мызғымастағының айғағы іспеттес. Себебі, бұл орталықта  ғылыми-зерттеу жұмыстары ғана жүргізіліп қоймай, түрік тілін, мәдениеті мен өнерін, білімін ілгерілетуге, насихаттап, таратуға жағдай жасалып отыр.  

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Дін істері комитеті облыс аумағында тұратын түрік бауырлардың, соның ішінде жастардың теріс діни ағымға түсіп кетпеуін қадағалап, әркез кездесулер ұйымдастырып, оның барысында әңгіме, уағыз айтылады.

«Қазір ондай теріс ағымға түсіп жатқандар аз емес. Соның алдын алу үшін тиісті әдебиеттер шығарып, таратып, әңгіме өткіземіз, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады, мешіттерде имамдар тиісті жұмыс жасайды, ақсақалдар жиыны өтеді. Жастарға дұрыс діни білім негізін кішкентай кезінен қалаймыз. Соны жақсылап қолға алғанбыз. Сол қас қағым сәтті қолдан жіберіп алсақ, құрыды дей беріңіз. Облыс азаматтарын Меккеге қажылыққа дайындаймыз. Осының барлығы уақытты, қаржыны талап ететін, бірақ өте қажет шаралар», - дейді Ибрагим ақсақал.    

«Түсіне білетін адамға, Ассамблея мен үшін Қазақстанның үлкен отбасы. 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында қалай тату-тәтті өмір сүріп жатыр деп таң қалатындар, қала берді, осы бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымызды көре алмайтындар қаншама. Ассамблея біздің ұлт ретінде жоғалып кетпей, ары қарай дамып, өркендеуімізге сенім отын ұялатады, өзіңді Қазақ жерінде бөтенсімей, туған бауырыңдай емін-еркін сезініп, өмір сүруге мүмкіндік беретін алып достық институты.

Мен іскер адаммын, бірақ соңғы сегіз жылда Ассамблея менің екінші үйіме айналды, өміріме араласты. Ассамблеяға келгелі бері өзімнің шын мәніндегі қоғамдағы орнымды таба бастағаныма қуанамын. Ассамблея – елді біріктіруші күш десем, артық айтқандық болмас», - деп сөзін қорытты «Ахыска» Жамбыл облыстық түрік этномәдени бірлестгінің жетекшісі Махмұтжон Давришев.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Оқи отырыңыз:

ҚАЗАҚСТАН ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЕСІМІН АСТАНАҒА БЕРУ ШЕШІМІ – КӨРЕГЕНДІКТІҢ БЕЛГІСІ

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: АСТАНАҒА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЕСІМІ БЕРІЛУІ – ЕЛБАСЫНЫҢ ОРАСАН ЗОР ЕҢБЕГІН МОЙЫНДАУ

ТЕМІРТАУ – ПРЕЗИДЕНТТІ ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙТКЕН ШАҺАР

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға