«Әкесі кінәлі». Алматыда 7 жасар қыздың өліміне қатысты өгей анасы тың дерек айтты
Алматыда жеті жасар Каринаны асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деп айыпталған әйел бар кінәні қыздың әкесіне артып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сотта айыпталушы Балжан Тұрлыбекова өгей қызы туған әкесінің қолынан қаза тапқанын айтты. Атышулы іске қатысты кезекті сот отырысында күдікті әйел азаматтық некедегі күйеуін жамандаумен болды.
Карина дәретін жіберіп қойып әкесі оны жуындыруы керек болған. Мен оған "тек ұрма" дедім. Үй жинап жүріп ваннадан бір дыбыс шықты. Барып қарасам, Карина ваннаның ішінде ісініп, қорылдап жатыр. Жуындырып бөлмеге апарып жатқыздым. Мен тек оны талып қалған екен деп ойладым. Өліп қалады деген ой болмапты, – деді айыпталушы Балжан Тұрлыбекова.
Айыпталушы күйеуінің қылмысын жасырмай, әу баста шындықты айту керек еді деп налыды. Естеріңізге салсақ, оқиға былтыр шілдеде болды. Жеті жастағы қыз өгей шешесінен төрт ай бойы таяқ жеп, ақыр соңында миына қан құйылып көз жұмған. Қыздың өгей шешесі әрі өзін қоғам белсендісі ретінде көрсететін Балжан Тұрлыбекова қамауға алынған еді. Қайтыс болған Каринаның әжесі мен өзге де туыстары қыздың туған әкесін де жауапқа тартуды талап еткен.