Жаңалықтар

Әкем өмірімнің соңына дейін жететін махаббат сыйлап кеткен секілді – әнші Биғазы Тұтқабековтің қызы

Әкем өмірімнің соңына дейін жететін махаббат сыйлап кеткен секілді – әнші Биғазы Тұтқабековтің қызы
Фото: Қарлығаш Биғазықының жеке мұрағатынан 17.11.2023 18:04 29545

Дәстүрлі әнші, «Серпер» тобының мүшесі Биғазы Тұтқабековті аға буын болмаса, жастар білмейді. «Аршын» тобы мен Баян Нұрмышеваның продюсері ретінде танылып келе жатқан ол 2006 жылы 30-дан асқан шағында жол апатынан қайтыс болды. Енді сол ұмытыла бастаған есімді оның қызы Қарлығаш Биғазықызы жаңғыртпақ. Жақында «Қазақстан дауысы» жобасында Қарлығаш төрт бірдей тәлімгерді қаратты. Бүгін біз Қарлығашпен үлкен сахнаға қадамы, әкесінің арманы мен махаббаты жайлы әңгімелестік.

– Қарлығаш, «Қазақстан дауысы» жобасының алғашқы кезеңінен сүрінбей өттіңіз, тіпті төрт бірдей тәлімгерді өзіңізге қараттыңыз. Төртеуі бірдей қарайды деген сенім болды ма?

– Шынымды айтсам, тым құрығанда біреуі қараса екен деп тіледім. Қуандық Рахым ағамды бұрыннан білемін, сол кісі дауысымды танып қалатын шығар деген үміт болды.

Өзіңіз көрген шығарсыз, әнді фортепианоның сүйемелдеуімен орындадым. Сондықтан тәлімгерлердің әрекетін соңына дейін көрген жоқпын. Бар ойым туындыны лайықты орындап шығу еді. Қатты қобалжығаным соншалық, ешқандай артық дыбыс естіген жоқпын. Іштей ешкім қарамаған екен деп топшыладым. Тек әнді орындап болған соң басымды көтергенде барып төртеуі де қарағанын түсіндім. Қуанғанымнан жылап жібердім.

– Қуандық Рахымның тобына қосылатыныңызды алдын ала білдіңіз бе? Әйтпесе ол жерде әлдеқайда тәжірибелі әншілер отырды...

– Жанар Дұғалова секілді әншілердің деңгейіне жету қайда (күліп – ред.). Ал Қуандық ағамның табиғаты жақындау. Өзі қазақы, дәстүрлі ән айтады. Іштей тартып тұрды.

– Бұған дейін де ән айтып жүргеніңізді білеміз. Ал бұл жобаға қалай дайындалдыңыз?

– Мынадай үлкен сахнаға алғаш шығып тұрмын. Маған бәрінен бұрын моральдық тұрғыда дайындық қажет болды. Өзге қатысушыларды білмеймін, бірақ өз басым мойныма үлкен жауапкершілік жүгін арқалап шықтым. Ең алдымен әкемнің атына кір келтірмеу деген мақсат болды. Өзімді таныстырғанда сол кісінің қызы екенімді, әкемнің атын жаңғыртқым келетінін айттым, сондықтан сахнада абыроймен өнер көрсету басты міндетім еді.

Әкем өмірімнің соңына дейін жететін махаббат сыйлап кеткен секілді – әнші Биғазы Тұтқабековтің қызы

Сурет: Қарлығаш Биғазықының жеке мұрағатынан 

– Көрмей тыңдау кезеңінде Естайдың «Құсни Қорлан» әнін айттыңыз. Күрделі туынды. Таңдауыңыз неліктен бұл әнге түсті?

– Бұл әнді талай әнші түрлі нақышта орындады. Ал менің құлағымда тек біреуі – әкемнің орындауындағы нұсқасы қалған. Тиісінше сол дәстүрлі нақышта орындап шықтым. Дүниеге келгелі сол нұсқаны тыңдап келдім. Құлағыма әбден сіңіп қалған ғой. Мен үшін ерекше жақын. Сондықтан таңдауым да осы туындыға түсті.

– Таңдаудан қателеспеген екенсіз, мақсатыңыз орындалып, келесі кезеңге өттіңіз. Білуімше, ағаңыз да шығармашылық адамы. Анаңыз бір сұхбатында «балаларымның өнер жолын таңдағанына қарсы емеспін» депті. Ал әкеңіз сіздердің әншілікке бет бұрғаныңызды қалады ма? Бұл туралы сөйлесіп пе едіңіздер?  

– Ағам туралы ештеңе айта алмаймын. Ол режиссер, композитор, біраз әннің авторы. «МузАРТ» тобы, Қуандық Рахымның әндерін жазған.

Бірінші сыныпқа барарда әкеме музыканы қатар алып жүрсем деген ниетімді жеткізгенім бар. Ол кісі қарсы болды. Ол кісінің бұл әрекетін енді түсініп жатырмын. Өмірде қыз балаға қиын ғой, ал өнерде тіпті ауыр. «Асханасын» біле бастағанда барып көріп жатырмыз ғой. Әкем мені соның бәрінен қорғағысы келген екен.

– Сіздің есіңізде әкеңіз жалпы қалай қалды? Сіз неше жаста едіңіз?

– Жеті жасқа да толмаған кезде әкемнен көз жасып қалдым. Сондықтан да болар, көзімді жұмғанда ол кісінің бет-әлпетін елестете алмаймын, дауысы да есімде жоқ. Бірақ махаббаты есімде. Екеуміздің арамызда шексіз махаббат болды. Әкем тойға барса да, концерттеріне не студиясына барса мені қасынан тастамайтын. Мен де таңнан қара кешке дейін қасында жүруге дайын болдым. Ол кісі шаршап тұрса да, көңілімді қимай өзімен бірге алып кететін.

Анамның айтуынша, әкемнің әкелік махаббаты мен туған кезде ашылыпты. Себебі ата-анам жастай үйленді, ағам дүниеге келгенде әлі өздері студент. Сондықтан ағамды ауылға апарып тастап, 4 жасына дейін ағам ата-әжеміздің қолында өсті де, әкем әке болудың не екенін аса түсінбеген тәрізді.

Оның үстіне өзі де сезген шығар, бәріне үлгеруге тырысты. Бізге бар махаббатын берді. Қанша жерден шаршап тұрса да бізге уақытын бөлетін, қыдыратын, еркелететін.

Қанша өмір сүретінімді білмеймін, бірақ әкем сол өмірімнің соңына дейін жететін махаббатты сыйлап кеткен тәрізді.

Әкем өмірімнің соңына дейін жететін махаббат сыйлап кеткен секілді – әнші Биғазы Тұтқабековтің қызы

Сурет: Қарлығаш Биғазықының жеке мұрағатынан 

– Өзіңіз ол кісінің қандай әндерін жақсы көресіз? Жалпы тыңдап тұрасыз ба?

– Шынымды айтсам, тыңдамағаныма біраз болыпты. Қанша айтқанмен қиындау екен. Тыңдап жатып кеудеңе өксік тығылады, жылап қаласың.

Эстрадалық әндеріне қарағанда, дәстүрлі әндерді орындағаны көбірек ұнайды. Дәстүрлі әндерден құралған альбомы бар, бұйыртса, соны музыкалық платформаларға жүктем қоямын деп жоспарлап жүрмін. Бәріне қолжетімді болса екен деймін.

– Бұрын әкеңіздің атында байқау ұйымдастырылып тұратын. Қазір ондай бар ма? Жаңаарқа өңірі әкеңізді қаншалықты жиі еске алып тұрады?

– Кезінде мұның бәрі анамның бастамасымен ұйымдастырылып жүрді. Бірақ жесір әйелге ондай үлкен іс-шараны өткізу оңай еместігін өзіңіз де түсінетін шығарсыз.

Шынын айтсам, әкемнің аты ұмытылып кеткен болатын. Бұл жайт ауыр батты. Концерт, мәдени іс-шараларға барғанда, әкемнің достарына барып: «Биғазының қызымын ғой» десем, басында таңырқап, жүзінен «ол кім еді?» деген сұрақты оқитынмын.

– Әкеңіздің туған-туыстарымен араласып тұрасыздар ма?

– Әжем бар, туған-туыстары бар, олардың көбісі Жаңаарқада тұрады. Байланыс ешқашан үзілген емес. Әкемнің көзін көрген жандар ғой, біздің жанашырымыз солар. Сонда барып сағынышымызды басамыз. Әкемнің өмір сүргенінің куәсі сол кісілер ғой.

– Әкеңіздің атын жаңғыртам деп ниеттеніп отырсыз. «Қарлығаш Биғазығызы» дегенді қашан брендке айналдырамын деп жоспарлап отырсыз?

– Жазда өзіме бір жыл уақыт бердім. Анда-мұнда ән айтып жүріп жеті жылдай уақыт өтіпті. Өз-өзіме «сен не істеп жүрсің?» деп сауал қойдым. Ойлана келе батыл қадам жасау керектігін түсіндім.

Әкем өмірімнің соңына дейін жететін махаббат сыйлап кеткен секілді – әнші Биғазы Тұтқабековтің қызы

Сурет: Қарлығаш Биғазықының жеке мұрағатынан 

– Музыкалық біліміңіз бар ғой?

– Күләш Байсейітова атындағы мектепте пианино бойынша білім алдым. Дирижер болдым, қазір Жүргенов атындағы өнер академиясында эстрада-вокал бағыты бойынша үшінші курста оқып жатырмын.

– Көзі тірісінде әкеңіз продюсер болды. «Серпер» тобында ән айтты, «Аршын» тобы, Баян Нұрмышева секілді жас әншілерге сахнаға жол көрсетті. Биғазы аға дүниеден өткеннен кейін әкеңіздің әріптес-достары сіздерге қаншалықты қолдау көрсетті?

– Қолдауды да әркім әртүрлі түсінеді ғой. Бірақ әкеміз өмірден өткен соң көбісімен байланыс үзілді. Ең жақын болғаны – «Аршын» тобының жігіттері. Анама – іні, бізге аға ретінде қолдау көрсетті, кейде қаржылай да көмектесіп тұратын. О бастан қол ұшын созып келе жатқан жанның бірі - Сәкен Майғазиев ағамыз. Ол кісі қашан да қамқорлығына алып жүреді. «Серпер» тобындағы ағаларымыз да көрінбей кетті. Ал Баян Нұрмышеваның бізге келгені есімде жоқ. Әкемнің барлығына бас-көз болып жүргеніне көзіміз жетті. Себебі бәрі жан-жаққа тарап кетті. 

– Мінезіңіз көбірек кімге ұқсаған – анаңызға ма, әкеңізге ме?

– Бала күнімнен тым сабырлы, аса көп сөйлемейтін болыппын. Сондықтан анам үйдегі ешкімге ұқсамайтынымды айтатын. Тілім ерте шығыпты, зерек болған екенмін. Бала болып бұзықтық та жасамаппын. Ұстамдымын, эмоциямды сыртқа шығара алмаймын. Әлі күнге дейін сондаймын.

– Болашаққа жоспарыңыз қандай?

– Жоспар өте көп деп айта алмаймын, бәрі өз ретімен болатын дүние ғой. Жуық арада ағам екеуміз әдемі бейнебаян түсірсек деп жүрміз. Халықтың жүрегінен орын алатын әндер жазсақ дейміз. Осы күнге дейін мені кері тартып жүрген – ол менің музыкалық білімім. Себебі мен классикалық жанрда оқыдым, бізді эстрада жеңіл жанр деп тәрбиеледі. Одан қалды әкемнің атына кір келмес үшін артық қадам жасай алмадым. Ағамда да солай болған екен. Осы дүниелер бізге шектеу болып келіпті. Мінсіздікке ұмтылғанбыз ғой.

– Анаңыз батасын берген шығар? Бір сұхбатында сіздердің «әкесінің жолын қуғанын қалаймын» деп айтыпты.

– Анам біздің басты қолдаушымыз ғой. Ол кісі өзі де өнер адамы. Анамның сахнаны бағындырмай жүргені жаныма қатты батады, әйтпесе өте дарынды адам. Әкем үшін, біз үшін өзінің мансабын құрбандыққа шалды. Анам – арманы орындалмай қалған адам. Сол үшін бұрын әкеме ренжитінмін. Неге өзімен бірге сахнаға алып шықпаған екен дейтінмін, жұлдызды жұптар көп қой.

– Әлі де кеш емес. Әсіресе бүгіндей әлеуметтік желінің ықпалы зор уақытта…

– Оныңыз рас. «Әдемілік – қарапайымдылықта» деп жатады, кейде соны түсінбей, бәрін күрделендіріп жібереміз.

Әкемнің өз жолы болды, ол кісі өзіне берілген жүктемені орындауға тырысты, бәрін айна-қатесіз қайталау маған міндет еместігін енді ғана түсініп келемін. Сондықтан «Қазақстан дауысы» – мен үшін үлкен қадам. Төрт тәлімгер бұрылып, сахнадан студияға оралған кезде бойымды кернеген сезімді бұрын-соңды бастан кешкен емеспін. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген адамдар маған бұрылғанда, өзімді ерекше бақытты сезіндім. Сол кезде арманыма, мақсатыма жете алатыныма, ең бастысы, өзіме бірінші рет сендім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға