Жаңалықтар

Академик Ғарифолла Есімнің публицистикасы

Ғалым көбінесе қандай тақырыптарда жазды?
02.09.2017 10:27 7576

Публицистика – ақпараттық, сараптамалық, әдеби-көркем публицистика деп үшке бөлінеді. Ал ғалым Ғ.Есім шығармашылық жолында қазақ журналистикасына философиялық немесе дүниетанымдық публицистика жанрын қалыптастырды. Дәстүрлі публицистиканың қай қайсысында да өзіндік қол таңбасы бар екендігі анық.

Телевизиядағы сұхбаттары мен радиодағы жүргізген радиохабары һәм сұхбаттарынан тыс газет-журналдарда жарияланған соңғы жылдардағы соны публицистикасын талдап-таразылауды жөн көрдік.

Кез келген қоғамдық өмірдегі ситуациядан Ғ.Есім тыс қалған жоқ. Публицист ретінде  қоғамдық фактілерді тізіп қана шықпай, мәнінін (кез келген дүниеден Мән іздеуді филососфтар хакім деп бағалайды), ол жөнінде өз көзқарасын білдіріп, оған баға береді. Мұндай жағдайда автор тарапынан субъективті пікірлер айтылуы мүмкін, бірақ публицист өзінің жеке басының мүдесінен емес, мемлекеттік деңгейде және әрқашан партиялық тұрғыдан сөйлейді.

Сондықтан көпшілік онымен санасып отырған. Мемлекеттік идеология шеңберінен тысқары шыға қойған жоқ. Сараптама публицистикалық жанрдағы материалдарының өзі әр жылды қамтитын жылнама секілді. Айталық, барлық публицистикалық мақалаларының өзі ең кемінде төрт томдық кітапқа жүк боларлық, материалдары бар. Хал-қадерімізше әр бір сараптамалық публицистикалық мақалаларынның ішінде ең өзектілерін шолып, талдап шығалық.

Жалпы, Ғ.Есім публицистикасының өзекті деген тақырыптарына тоқталсақ:

• «Хакім Абай»

• «Данышпан Шәкәрім»

• «Кемеңгер Әуезов»

• Идеялогия

• Жаңаша ойлау

• «Абай жолы»

• «Мәңгі ел»

• «Қазақ елі»

• Отбасы, туыстық

Хакім Абай хақында «Хакім Абай» атты ғылыми дәрісінде кеңінен талқыланған соны жаңалықтарды айтуға болады. Мысалы: Абай – хакім.  Осы ұғым жөнінде бір әңгіме. Мен мақалаларды әртүрлі басылымдарға ұсынғанымда редакторлар «Хакім Абай» дегенімді «Хакім»-ді сызып, «Ұлы Абай» деп түзетіп қояды. Мен Абайды «Ұлы Абай» деуге болмайды десем, қайсыбірі реніш білдіреді, Абай неге ұлы емес дегендей. Мен айтам Абайды Ұлы деп атамайық. «Ұлы» деген Жаратушының эпитеті. Құранда айтылған «Алла туылмаған, оның теңдесі жоқ, ұлы – Алла! Ғарифолла Есімнің жоғардағы тұжырымдамасына қазақтың құдіретті ақыны Мағжан Жұмбайұлының «Шолпан» жорналына шыққан «Алтын хакім Абайға» деген өлеңі түрткі болса керек.  Және де осы дәріс барысында Ғ.Есім Абайдың өз сөздерінен мысал келтіре отырып «Хакім кім?» деген сұраққа мейілінше қанағатанарлық жауап іздеген. Сократ, Плотон, Аристотельдердің хакімдігін Абайдың сөздері арқылы бекіте түскен. Ғ.Есімнің бір сұхбатында айтқаны бар еді: «Біз қазақ халқы бақыттымыз деп өзімізді сезінуге тиіспіз. Себебі, Абайымыз бар. Әрине, Абайдан басқа да тұлғалар жеткілікті. Бірақ, әсіресе, осы Абайымыздың барлығы біздің халқымыздың құт-берекесіне, несібесіне, ырысына, ойлау мәдени кеңістігіне айналып отырғаны анық», -  деп.  Публицистикада либералдық көзқарас айқын көрініп тұрады және бұл – осы жанрдың стильдік ерекшелігі. Қарап отырсаңыз, кейбір ұғымдарға ғалым жеке көзқарасы бойынша да баға берген. Немесе А.Я.Гребенщиков былай деп тұжырымдайды: «Публицистика  автор мен оқырманның ашық әңгімесі, айтылып отырған оқиғаға байланысты автордың көзқарасы мен сезімі  ашуы, таңырқауы, қуанышы, реніші айқын білініп отыруы керек.  «Хакім Абай» хақындағы елеулі еңбектеріннің бірі 1994 жылы «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы» деген тақырыпқа дінтану, теология мамандығы бойынша докторлық диссертациясын  қорғады. «Хакім Абай» (1994), «Абайдың дүниетанымы мен философиясы» (1996) сияқты кітаптарынында бір шама сараптамалық сарындағы және ғылыми публицистикалық жанрдағы мақалалар бар. Одан кейінгі Ғ.Есімнің  Абай туралы философиялық трактатын айтуға болды.  «Қазақ философиясы мен өркениетінің мәселелері» атты жинағы шықты; «Абайдың хакімдігі телегей теңіз». Философ-ғалым Ғарифолла Есім Абайдың хакімдігі туралы тұжырымдамасын ұсынды. 

«Данышпан Шәкәрім» тақырыбы да Ғ.Есім шығармашылығындағы ғылыми публицистикасының ерекшеліктері мен Ғ.Есім шығармашылығының шыңы десе те болады. «Данышпан Шәкәрім» атты монографиясы кітап болып шықпас бұрын әр тақырып республикалық ұлттық басылымдарға шығып тұрды. Елді елең еткіздер ой толғақты мақалалар еліміздің сақа газеттерінің төрінен көрініп тұрды. Әсіресе, Шәкәрімнің Он екі сұрағына байланысты «Шәкәрімнің көкейкесті философиялық сұрақтарына ізденіс» атты мақаласын айырықша атуға болады.  «Кемеңгер Мұхтар». «Ақ арман ары азалы...» атты тамаша сұхбат барысында Ғ.Есім жазушы Мұхтар Әуезов жайлы алда жазылатын шығармашылығынан аңдатпа берген. «Менің Мұхаңа деген құрметімнің орыны бөлек. Кемеңгер жазушы Абай ақынның рухани мұрасының маңызын ашып, оның ағартушылық, гуманистік идеяларын тереңінен зерттеп, даналық ой өнегесін халыққа ұсына білді.  «Мен «Хакім Абай», «Данышпан Шәкәрім» деген екі еңбек жаздым. Енді «Кемеңгер Мұхтар» дегенді жазып жатырмын. Бұл шығармаларда менің негізгі айтар ойым қазақ кім дегенге жауап іздеу. «Абай жолын» он жыл сайын қайта-қайта оқуымыз керек. Он жылда адам толысады, түсінік те өзгереді». Идея және идеология. Ғарифолла Есімді сенатор ретінде халық жақсы біледі. Ал халық қалулысы ретінде ұлттық идеологияға қосқан үлесі және көтерген көземсөзінің пәрмені қалай болды, енді соған тоқталсақ. Ғ.Есімнің қазақ радиосына берген сұхбатында бір айтқан пікірін алып қарайық.

«Абайды идеологияға айналдыру керек пе?» деген сұраққа берген жауабы. Біз, қазақ халқы, өзімізді бақыттымыз деп сезінуге тиіспіз. Себебі, Абайымыз бар. Әрине, Абайдан басқа да тұлғалар жеткілікті. Бірақ, әсіресе, осы Абайымыздың барлығы біздің халқымыздың құт-берекесіне, несібесіне, ырысына, ойлау мәдени кеңістігіне айналып отырғаны анық. Сондықтан енді сіз айтып отырған идеологияға айналса, оның несі артық. Идеология дегенді ерте кезде кішкене біз әлгі кеңестік идеология деп, бір партияның идеологиясы деп идеологиядан шошынып қалған халықпыз», – дейді. Ұлттық идеологияны көркем насихаттай білген шығармаларының бірі «Қазақ ренессансы» атты еңбегін айтуға болады. (Ғ.Есім. «Қазақ ренессансы») Жерұйық және Асан қайғы турасындағы тақырыптар халықтық фольклорлық дүниетанымы ұлттық идеологиялық негізде жазылған деуге негіз бар. Мемлектеттіліктің тағандары ретінде көркем публицистикалық ой қозғаған еңбек деуге де болатын секілді. Ғ.Есім публицист ретінде қоғамдық өмірдің кез келген проблемаларына өзінше ат салыса білді. Мысалы, соңғы жылдардағы ел әлеуметін әлсіреткен дағдарыс жайлы былай деп толғанады:  «Қазір байқап отыратын болсақ, мынау әлемдік дағдарыс дейміз, қаржы дағдарысы дейміз, капитализм дағдарысы дейміз, жалпы дағдарыстар қатты болып жатыр. Парламентте де, Үкіметте де бір ортақ шешімдер жасалып жатыр, бәрі дұрыс. Бірақ мен ойлаймын, осы кезде бізге мемлекеттік идеология қажет. Президентіміз басында айтып еді, әуелі экономика, одан кейін саясат деп. Өте дұрыс. Енді мен айтқым келеді, экономиканың біршама басын қайырдық, саяси мәселелерде жақсы-жақсы үрдістерге нәтижелерге жеттік. Енді осы идеология мәселесінде, мәдени мәселеде бізге бір нақты-нақты шаралар керек. Ол шаралар бар нәрсемізді бекіту, жоқ нәрсемізді іздеу. Міне, осы жерде Абай бізге көмекке керек, Абай бізге көмекті осы жерде береді».

Сонымен қатар сенатор Ғ.Есімнің «Егемен Қазақстан» газетінде «Елбасының ең ерекше еңбегі» атты мақаласы шықты. Бұл материалды да Президенттің саясатына қосқан үні ретінде Президент Н.Назарбаевтың мақаласына деген оң пікірі білдірген. Ол өз сөзінде: «Нұрекең айтады, қайда барамыз, кіммен барамыз, кімдер апарады. Нұқ кемесі дегенді айтады сол кезде. Нұқ кемесі ойларыңызда бар ма, дүниежүзін топан су қаптаған кезде, Нұқ пайғамбар әрбір жәндіктерден, әрбір аңдардан бір-бірден алып-алып, содан барып кемесіне салып, сақтап қаламын дейді ғой, сонда мына шайтанның жүрмейтін жері жоқ, шайтанның ісі, қазір де шатанның ісі ғой мынау. Сонда есек тұрып қалыпты былай, жүрмей, есекті тартып тұрған ана шайтан екен. Антұрған, жүр дегенде, антұрған деген шайтанның аты ғой, сені де шақырып жатыр деп кіріп кеткен ғой. Сол Нұқ кемесіне шайтан орналасып алып, рахаттанған деседі. Содан тірі қалып, бізге жетіп, біздің ішімізге кіріп алып, қазір міне неше түрлі іс жасап отыр, шайтанның әлегі. Енді бұл аңыз ғой, бірақ солай. Сол Нұқ кемесі деген идея. Енді Президенттің айтып отырғаны, сол Нұқ кемесі деген идея ғой, идея, адамзатты алып қалу. Енді осы адамзатты алып қалудың Нұқ кемесі, Ноев ковчег, ол қандай болуы керек, идея, дегенде бұл кісі айтады. «Біз қазіргі жағдайда ары қарай бара алмаймыз. Бара алмайтынына мен жеті қарапайым сұрақ берейін, жеті қарапайым сұрақ. Бәрімізге түсінікті болуы керек дейді: Бірінші, қазіргі дефакты бар әлемдік валюта заңды болып табылады ма? Заң жоқ қой енді. Осы валюта заңды болды деген заң жасалған жоқ қой, ешкім жасаған жоқ қой», – дейді.

Шығармаларындағы көнеге деген аңсарды түсіндірген қаламгер бір сөзінде: «Ескіліктегі және қазіргі заманғы адамның рухында ортақ нәрселер көп. Маңыздылық та осында»  деген жапон жазушы Акутагава Рюноскэ. Әрине, осы екі орталықтан жаңаша ойлау дегенді меңзегелі отырған ойына таң қалмасыңа болмайды. Бірақ, бұл дүниетанымнан бізде кенде қала қоймаған секілдіміз. Айталық, Ғарифолла публицист әрі философ ретінде де ең тартымыдылығы һәм ерекшелігі сол – ол жаңаша ойлау туралы көп айтып келді. Ол жаңаша ойлауды жақсы ой қозғап қана қоймай оны ғылыми теориялық негізбен талдап түсіндіріп береді. Жаңаша ойлау керек, ескіше теориялардың бәрінен кету керек, ескі теория жұмыс істетпейді, ескіден кету керек, жаңа теория керек, жаңа теория жоқ. Жаңа теорияны міне-міне жасап отырмыз, сіздермен бүгін міне, соған кірісіп отырмыз. Қандай теория? Жаңа теория. Мына жаңаша ойлаудың үш этапы болған. Бірінші этапы, Бертран Рассел деген, тағы да басқа адамдар 1957 жылы Англияда қимыл бастаған, жаңаша ойлау. Неге? Өйткені, атом пайда болғаннан кейін бір уақытта дүние жүзін құртып жіберетін қару шыққан кезде айтқан олар, бұл масқара болды ғой, енді адамдар бір-біріне араб болу, үндіс болу, негр болу деген дұрыс емес қой, біздің тағдырымыз бір болды, бірақ күнде біз атом қаруымен жойылып кетеміз ғой. Демек, бәрімізде бір адамзаттық қана сана болуы керек деп жаңаша ойлаудың бірінші қадамы сол болатын. Жаңаша ойлаудың екінші қадамы, мынау СССР лагерінің күйреуі. Сөйтіп дүниеге жаңа тәртіптің келуі, ол екінші қадам. Бұл Ғ.Есімнің сөзі, соны сөз. Ол публицист ретінде де, философ ретінде де тосын ой айтты деп аттан салудан аулақпыз, бірақ белгілі бір қоғамдағы таптауырын түсініктерден арылып жаңаша ойлау дегенді айтады. Жалпы жаңашылдық бұл Алаш арыстарың ұстанымы. Ал, жаңаша пәлсапалық ойлау болса: «Мені Гегельден Періште қақты. Гегель философиясымен әдеттеніп «ауырған» жоқпын. Сірә, одан мені қорғаған екі нәрсе:

1. отбасы тәрбиесі, исламдық, халықтық тәрбие;

2. көркем әдебиет.

Мен әлемдік классиктерді көп оқыдым, жәй емес, зерттей оқыдым. Гегель философиясын білім деп қабылдадым, ілім ретінде қабылдамадым. Оның жолына түскендер шыға алмауда. Ілімнен қайғы деген сол. Гегель өзінше «дін» жасағысы келген ғалым: Міне, осы тұста ғалымның залымдығы деген мәселе бой көтереді. Айтарым, ол сананы улады. Әрине, философиялық білім ретінде, оның деңгейі бары дау туғызбайды. Олай болмағанда бұл тақырып болмас та еді. логика, таным, диалектика дегендер туралы көп айтылды, жазылды, бірақ олардың адамзат тәжірибесіндегі орны залалды болды. Оның басты себебі, Гегель ілімінде, оның диалектикасында (логикасында дей беріңіз) ізгілік, адам болмысы, оның экзистенциясына орын қалмаған. Гегель ілімін өзінің саяси істерінде шеберлікпен қолданған Владимир Ленин - дейді. 

«Менің жолым – Абай жолы. Кешегі коммунизм жолы, Ленин жолы күйреп, еліміздің егемендігі беки түсіп келе жатқанда баршамыздың жолымыз да Абай жолы болуы тиіс» - депті Ғ.Есім кезекті сұхбатарының бірінде. Кезінде «Абай жолын» академик Қаныш Сәтбаев: «Бұл қазақ халқының он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы энциклопедиясы» деген керемет пікір айтқан. «Дидар» газетінде журналист Дәулет Сейсенұлымен болған сұхбатында да бір шама «Абай жолы» төңірегінде көптеген мәселелерге тоқталған. «Мұхтардың даналығы, кемеңгерлігі сонда екен. Қазақтар қай жолмен жүруі керек, қазақтардың жүретін жолы қайсысы? Мұхтар ешқандай күмәнданбай, басқа ойға түсіп ой құрамай, ана жақтан, мына жақтан үлгі аламыз деп жанталаспай, не батысшыл болғысы келмейді, не орысшыл болғысы келмейді, ол айтады: «Абай бар, Абайдың жолы, қазақтардың жүретін жолы – Абайдың жолы». Ал Абайдың жолы дегенде жолда бір шамшырақтар тұрады жанып. Абай жолында қандай шамшырақ тұрды. Абай былай дейді, шамшырақ: Үш сүю бар – дейді, бүкіл адамзаттың баласын сүй, өйткені адамзатты Алла Тағала махаббатпен жаратты. Сондықтан махаббатпен жаратқан Жаратушыны сүю керек, Жаратушыны сүймесең болмайды, ол сенің парызың дейді. Жаратушысыз өмір жоқ. Осы өмірімізге жарық нұр беріп тұрған, жылу беріп тұрған Жаратушы дейді. Бір. Міне, имандылық деген осыдан басталады. Екінші айтады, адамзаттың бәрін сүй бауырым деп. Ол айтпайды, неміс, қазақ, орыс демейді. Бәрін сүй. Неге? Неге дегенде Абай бар адамды Жаратушы махаббатпен жаратты. Сені де, қазақ, махаббатпен жаратса, немісті де солай жаратты, ағылшынды да солай жаратты, орысты да солай жаратты. Бәрін бауырым деп сүй. Енді үшінші сүюді айтады, әділеттілікті сүй, ол хақ жолы дейді. Әділеттілік. Осы қаншама қоғам, қаншама революция болғанда бәрінің ту қылып ұстағаны осы әділеттілік мәселесі. Ту қылып ұстайды, аяғына шейін шеше алмайды. Сонда Абай жолы дегенде Абай  жолында үш шамшырақ жанып тұр: Жаратушыны сүю, адамзатты сүю, әділеттілікті сүю. Одан артық не қыл дейсіз? Осындай ойды айтқан адамды Еуропаның ойшылдарының ішінен тауып беріңізші маған. Әлемдік деңгейдегі ойшылдар деп жүрміз, солардың ішінен тауып беріңізші маған. Жолдар көп. Сол жолдардың тоғысатын жері – ол Абайдың жолында тоғысады бәрі де. Өйткені бұлардың бәрі сол бір бағыттағы жолдар» («Дидар» газетінде журналист Дәулет Сейсенұлымен). Мәңгілік ел тақырыбында идеологияға қаттысты тақырып екені рас. Бірақ, бөлек алып қарастырып жатқан себеміз, Мәңгілік ел тақырыбы аясында Ғ.Есім көптеген іс атқарды деуге болады. Алматыда конференция, Астанада универцитеттерде көптеген дәріс оқыды. Қазақстаның барлық аймақтарында осы тақырып жөнінінде сөйлеген сөздері бүкіл БАҚ-ның барлығына жарияланды.

Публицистикалық материалдарың есебінен жаңылуға болатындықтан барлық мақалаларын осында тізбектей беруді жөн санамадық. Сондықтан да Ғ.Есімның осынау қырауар еңбегіне деген және «Мәңгі ел» идеясына деген пікірін білдірген белгілі, демогоф-ғалым Мақаш Тәтімовтің сөзін кітістіре кетуді дұрыс деп ұйғардық. «Философия ғылымының докторы Ғарифолла Есімнің қазақ елі туралы концепциясы маған өте ұнайды. Ел деген мәңгілік нәрсе. Ел болу деген ұлт болу сияқты, ол мемлекет пен ұлттың екеуінің қосындысы деп санаймын. Ел деген қазақта ең көптен бері келе жатқан сөз. Мысалы, тайпаң кім деп сұрамайды, елің кім деп сұрайды, рудан кейінгі ең үлкен тұрған сол Ел. Біз қазір сол ел деген мағынаға үлкен, былайша айтқанда, үлкен сөзге үлкен мағына беруіміз керек. Ал, тіптен, кейбір елдерде угрофин елдерінде ел деген сөзді біздегі -стан сияқты пайдаланамыз. Мысалы, мардвель, мариель, комиел, сахаел, шубашель деп айтылып жатады. Сондықтан бұл сөз не түркі халықтарынан угор халықтарына, не угор халықтарының сөзінен біздің түркі халықтарының сөзіне еніп отыр. Мен енді, былайша айтқанда, осы концепцияның дамуын, ары қарай күшеюін мен өзім қалаймын. Осы концепцияның авторы соны жалғастырушы, жасаушы Ғарифолла Есім ініме үлкен, ұзақ ғұмыр тілеймін. «Мәңгілік ел философиясы» атты дәрісі ғаламтор бетінде жарияланып, «Академик Ғарифолла Есім, 2013 ж»  кітабында шықты. Бұл дәрісінде Мәңгілік ел идеясын философиялық оймен нақтылай түскен. «Қазақ елін мәңгілік ететін – жақсы қазақ!» атты мақаласы шықты. «Қазақ елі» Президент Н.Назарбаевтің бір сөзінде «Қазақ елі» деген бір сөз  шыққалы БАҚ-тің барлық саласы жарыса осы мәселені талқылауға кірісті. Осынау әлеуметтік дауға Ғ.Есімде жүйірік ой-пікірін бәйгеге қосып бақты. Бірақ, ғалым нақты дәрістер мен жүйелі түрде Үкіметке пән ретінде мектепте оқуын мәселе ғып көтерді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға