Тағы да төрт жылды артқа тастап, ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары таяп қалды. Бұл жылы қызыққа толы бәсекелер 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді. 80 елден 5 мыңға жуық спортшылар 102 жүлделер жиынтығын сарапқа салатын болады. Біздің елдің атынан 60-тан аса спортшы барады деп күтілуде. Лицензиялық жарыстар осы жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасатын болады.
Біздің елдің спортшылары бұған дейін Ақ Олимпиадада неше медаль алған екен? Тарих беттерін парақтап көрелік.
Лиллехамер – 1994
Алғаш Қазақстан тәуелсіз ел ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехамерінде өткен ойындарға қатысты. 8 спорт түрінен 29 спортшы бақтарын сынады. Бұл Олимпиадада жеткен жетістікті отандастарымыз әлі күнге дейін қайталай алмай келеді.
Жалпы командалық есепте Қазақстан 12 орынға тұрақтап, 1 алтын, 2 күміске қол жеткізген еді. Ал бұл үш медальді де шаңғышы Владимир Смирнов қанжығалады.
Нагано – 1998
Жапонияда жалауы желбіреген Ақ Олимпиадада біздің ел жалпы командалық есепте 21 орынға ие болды. 8 спорт түрінен 60 спортшы қатысып, 2 қола жеңіп алды.
Бір қола 15 шақырымды еркін стильде артқа тастаған Владимир Смирновқа тиесілі болса, келесісі конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваның еншісінде. Ол 5000 метрде үздік үштіктен көрінді.
Солт-Лейк-Сити – 2002
АҚШ жерінде өткен бұл жылғы қысқы Олимпиада ойындары қазақстандықтар үшін сәтсіз болды. 7 спорт түрінен 50 спортшымыз қатысқанына қарамастан, бірде-бір медаль жеңіп ала алмадық.
Турин – 2006
Италияда өткен бұл Олимпиада да Солт-Лейк-Ситидегі сәтсіздікті қайталадық. 4 спорт түрінен 67 спортшы бақтарын сынағанымен, үздік үштікке іліне алмады. Бұл ойындарда алтын алған спортшыға Қазақстан 200 мың доллар беруге дайын еді (дәл мұндай сыйақы басқа ешқандай мемлекетте берілмейтін), ал 2-ші орын үшін 150 мың доллар, 3-ші орынға 50 мың доллар табыс етілетін еді.
Ванкувер – 2010
Канада төрінде өткен Олимпиадада біздің елдің атынан 9 спорт түрінен 37 спортшы қатысты. Жалпы командалық есепте бір күміс жүлдемен 26 орынға тұрақтадық.
Биатлоншы Елена Хрусталева жеке жарыста мәреге екінші жетіп, Қазақстанға 12 жылдан кейінгі Олимпиада медалін тарту етті.
Сочи – 2014
Көрші Ресей елінде өткен қысқы Олимпиадаға біздің елдің спортшылары 11 спорт түрінен қатысты. 58 спортшының ішінен мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің бағы жанып, қолаға қол жеткізді.
Осылайша, Қазақстан командалық есепте 26 орынды қанағат тұтты. Бұл Олимпиадада үздік ондыққа кірген спортшыларымыз көп болды. Конькимен сырғанаушы Денис Кузин мен Роман Кречтер 7 орынға табан тіресе, шаңғышы Алексей Полторанин 9 шы болып мәре сызығын кесті. Фристайлшы қыз-жігіттеріміз де жүлде үшін барын салды, Дмитрий Рейхард үздік бестікті қорытындыласа, Юлия Галышева 7 орында қалды.
Пхенчхан – 2018?
Оңтүстік Кореяда өтетін Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстайтын болады.
Сонымен қатар, алғаш рет қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қыздар Олимпиадаға жолдама алды. Олар Айза Имамбек пен Элизабет Тұрсынбаева. Жүлдеге қол жеткізуі мүмкін спортшылардың қатарында Денис Тен, Денис Кузин, Дмитрий Рейхард, Юлия Галышева, Алексей Полторанин мен Абзал Әжғалиевтерді айтуға болады.
Ендігісі, спортшыларымыздың жолына үмітпен қарайтын боламыз.