Жаңалықтар

Ақ қан ауруынан айыққан қыз

Лейкемия ауруынан 6 ай комада жатқан қыз жазылып кетті
Ақ қан ауруынан айыққан қыз
Фото: Суреттер Арина Максотованың жеке архивінен алынды. 02.07.2019 11:46 23201

Әлемде емі жоқ аурулардың салдарынан жылына 40 миллион адам көз жұмады. Олардың 13 пайызы онкологиялық ауруларға тиесілі. Демек, 365 күнде рак аурынан ажал құшатындар саны 5 млн 200 мың адамды құрайды. Ал Қазақстанда кейінгі 20 жылда онкологиялық ауру көрсеткіші 1,5 есеге көбейіп, 36 мыңға жуықтаса, олардың 15 мыңы дертіне дауа таппай көз жұмады. Медицина мүмкіндігі жетпейтін дерттің дендеп, күн өткен сайын ұлғайып бара жатуына көптеген факторлар себеп. Ал қатерлі аурулар қатарында бір жолмен емделетін дерт – лейкемия. Қазақтар «ақ қан» деп атап кеткен ауру жілік майын ауыстыру арқылы емделеді. Дегенмен, дүниежүзілік тәжірбиеге сүйенсек, емнің бұл түріне нақты кепілдік жоқ. Яғни, 100 адамның тек 50-і ғана сауығып кете алады. Негізінен, қан рагы радиация, өндiрiс ошақтарынан шығатын бензол, химикат, бояу қалдықтары, тамақ өнімдеріндегі концентраттардың көбеюі, сондай-ақ, химиялық тазалағыштар әсерінен пайда болады деген болжам бар. Алайда дәл осы дерт жайында толық зерттелген, нақтылы ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Осы ретте «Еl.kz» интернет-жобасы «ақ қан» ауруынан 6 ай комада жатып, құлан таза айыққан оралдық Арина Максотовамен болған сұхбатты ұсынады.

          «12 жасымда химиотерапия қабылдадым»

- Арина, сұқбат беруге келісім бергеніңізге рақмет. Көңіліңізге жақпайтын сұраққа жауап бермесеңіз болады.

- Келістік.

- Қаншалықты ауыр болса да, сол кезеңдерді, өткен уақытты еске түсірсек. Бұл дертке шалдыққаныңызды қалай және қашан білдіңіз?

- Ол кезде жасым 12-де болатын. «Ақ қан» деген аурудың не екенін білмейтін шағым. Оның қаншалықты қатерлі әрі салдары қандай болатыны ойыма кіріп шықпайтын. Алғашында суық тиіп, артынша ол асқынып кетті деп түсіндім. Негізінен, мен алғашында соқыршек ауруымен ауырды деген күдік те болған. Сөйтсем бұл мүлде басқа дерт екен. Күн санап әлсірей бастадым. Өздігімнен жүре алмайтын хәлге түсіп, сәл дүниеге шаршап қалатын болдым. Ойын баласы болғандықтан болар, бастапқыда дәрі ішіп, ем қабылдап жазылып кетемін деген ой болды. Бірақ олай болмай шықты. Диагнозды біле сала анам мені Оралдан Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына әкелді. Себебі, аймақта бұл ауруды емдейтін орталық болған жоқ. Бұл 2004 жылдың 13-і сәуірі болатын. Содан дәрігерлер маған ертесіне химиотерапия жасады. Артынша жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтым. Мен ол сәтте дерттің үшінші кезеңінде, яғни соңғыдан бір саты төмен стадияда екенмін. Білсеңіз ғой, бұл қаншалықты ауыр болды. Әр химияны алу, емнің ауыр түріне төтеп беру қиынның қиыны. Түнде ұйықтар алдында «таңда тірі тұра алам ба екен» деген үреймен өмір сүруді ешкімнің басына бермесін.

                   

Суретте: Арина Максотова.

Кейін бұл сырқаттың соңы не болатынын білгенде жүрегім қарс айрылғандай болды. Сол күн еске түссе жүрегім шымырлап кете барады. Бірақ мен өлгім келмеді, өмір сүргім келді. Сенесіз бе, күндіз-түні тек Құдайдан жазылуымды емес, анамды жылатып тастап кетпеуімді сұрадым. Себебі, менің жазылатыныма, бүгінгідей жетістікке жететініме анам ғана сенді. Қанша қиындық көрсе де бір рет болса да, «аһ»ұрып менің алдымда жасын төккен емес. Бірақ ағыл-тегіл жылап жүретінін көзінен, даусының дірілінен байқалып тұратын. Тиісінше мен де өзімнің әлсіздігімді байқатқым келмейтін. Көпшіліктен оқшау, жалғыз қалғанда ғана жабырқайтынмын. Себебі, анамның еңсесін түсірмей, сенімін ақтағым келді. Сондай мүмкіндік берген Аллаға мың да бір шүкір.

- Сіздің емделіп шығуыңызды «сәттілік» деп айтуға бола ма? Әлде, жүйелі жүргізілген ем-домның әсері ме?

- Біріншіден, маған жілік майын ауыстыру отасы жасалған жоқ. Ал лейкемиядан айығу тек осы әдіспен ғана жүзеге асырылады. Мен ұзақ емделдім. Бастапқы кезеңнің өзінде 3 химиотерапия жасалды. Мен 6 ай комаға түсіп кетіп, оянған кезімде өзімді-өзім танымай қалған сәттерім болған. Шашым түсіп, барынша азып кеткен екенмін. Денем боп-боз болып, сөйлеуге шамам жетпейтін. Дәрігерлер сол уақытта менің есімді жиюымды ғана күткен. Себебі, анама «Қызыңның санаулы күндері қалды. Есін жия сала Оралға жеткізіп ал» деп талай ұсыныс айтылады. Өздеріңіз білесіздер, табытты бір қаладан екінші қалаға жеткізу оңай шаруа емес. Бұл үлкен қаржы болмаса да, сол кездегі отбасы жағдайыма қомақты қаражат болар еді. Бірақ анам соңына дейін күресуді ғана ойлайды. «Не болса да, соңғы демі шыққанша осында ем алсын, мүмкін емделеді» деген үмітін жоғалтпай мені ауруханаға қалдырады. Бұдан соң мен екінші рет тағы да комаға түстім, ал үшінші рет дәл осы жағдай қайталанғанда менен дәрігерлер үзілді-кесілді бас тартты. Себебі, бүкіл ақза жұмыс істеуін тоқтатқан екен. Тек жүрегім ғана жұмыс істеп тұрады. Бірақ мені емдеген Дайыр Жубанұлы деген дәргер барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, аурухана басшылығына «қыз қайтыс болса, мәйітті жеткізуге көмектесемін» деп емді қайтадан жалғастарды. Сол кісінің де осы күнге жетуіме ықпалы зор болды деп санаймын. 

         «Тәулігіне 30 дәрі ішетінмін»

Арина, лейкемияға шалдыққан науқастарға сізден кеңес болсын. Нені жасап, нені істемеген дұрыс?

- Науқастарға тірі болуды емес, өмір сүруді үйрену керек. Жаныңыз қалаған іспен айналысыңыз, өзіңізді өзіңіз шектемеңіз. Көңіл күйіңізді түсірмей, алға ұмтылған жөн. Бірақ жаныңыз қалаған іспен айналысу ойыңа келгенді істеу деген сөз емес. Айта беретін, зиянды әдеттерден үзілді-кесілді бас тарту керек. Дәрігерлердің нұсқауымен, барлық ем-домды, дәрі-дәрмектерді ішу керек. Мысалы, мен тәулігіне 30 дәрі ішетінмін. Шынтуайтында, мен сәттілік пен сенімнің арқасында аман қалдым.   

- Сіздің жілік майыңызды ауыстырмаған болса, нақты қандай ем шаралары жасалды?

- Мен 7 жыл бойы осы дертпен күрестім. Кез-келген онкологиялық аурумен ауыратын адамға химиотерапия жасалады. Бірақ маған 4-ші химиотерапия жасау қауіпті болды. Денсаулығым көтермеді. Сондықтан сәулелі ем түрі жасалды. Одан кейін, күш беретін дәрілер мен жылқы етін жеу ұсынылды, сүт өнімдері мен балмұздақ көбірек көмектесті.  

          «Сіздің ертең өмір сүретініңізге қандай кепілдік бар?»

- Ішкі сенім барлық емнен күшті деп жатады ғой. Жалпы, сіз аурудан жазылатыныңызға сендіңіз бе?  

- Дұрыс айтасыз, бұл дертке шалдыққандар расында өзін-өзі тастап, өмірден баз кешеді. Бірақ өзіңіз ойланып қараңызшы, Сіздің ертең өмір сүретініңізге қандай кепілдік бар? Кеше көрген адам бүгін жоқ. Ажал оғы кімге, қашан, қай тұстан келетінін білмейсің. Әрине, күн санап, қай күні о дүниелік болам деп қауіппен өмір сүру де оңай емес. Айналаңдағылардың бәрі саған жау, мүсіркеп тұрғандай көрінеді. Күндіз-түні санаңда бір ғана ой. Тұла бойың ғана емес, миың да шаршайды. Әрине, мен сендім деп айтсам өтірік болып кетер. Түнімді жылаумен өткізген кездер көп болды. Күлкі дегенді ұмытып, бәріне қолды бір сілтеп кеткім келді. Түнде ұйықтауға қорқатынмын. Себебі, ертеңгі күн атпайтындай, көзімді жұмсам енді ешқашан ашпайтындай сезілетін. Жоғарыда айтып өттім ғой, мен анамды қимадым. Ол кісінің соншама жасаған еңбегі, өшпеген үміті үшін күресуім керек болды. Негізі, науқас адамдар көбінде осыны ойламайтындай көрінеді. Сіз үшін өмір сүріп, тек сіз деп тау қопаруға дайын жандар үшін неге кері шегіну керек?! Неге? Еш түсінбеймін...

          «Маған танымал әнші Мұқасан қан берген»

- Сіздің жілік майыңызды ауыстырмауға не себеп болды? Әлде донор табылмады ма?

- Жанға батқан дертпен күресуде маған күнделік жазу көп көмегін тигізгенін де айтып өткім келеді. Күн сайын арманымды, ішкі ойымды жазып отырдым. Қазір қойындәптерімді парақтап өмірлік сабақ алам, шабыттанамын. Негізі, күнделік жазу ойыңды бөлуге, ішіңдегі жаман негативті сыртқа шығаруға мүмкіндік береді. Жалпы, маған ота жасау әу бастан ұсынылған жоқ. Себебі, одан басқа да 6 рет ота жасалды. Оны денсаулығым көтере алмас еді. Бірақ көптеген адамының қаны құйылды. Әскерилер, танымал әнші Мұқасан да қан берген. Бұл да ағзаға, адамның психологиясына әсер етеді. Қанша адамнан қан алсаң, сонша адамға ұқсайтын боласың дейді ғой.        

- Барлық ем-домды қашан аяқтадыңыз? Қазір дәрі-дәрмек ішпейтін шығарсыз?

- Мен жоғарыда айтып өткендей, 2004 жылдан бері ауыра бастадым, содан араға 7 жыл салып айықтым. Осы аралықта 3 химиотерапия, 6 рет ота жасалды. Өмірімнің жеті жылы ауруханада өтті. Жоқ. Қазір ешқандай дәрі қабылдамаймын. Есесіне, салауатты өмір салтымен айналысамын. Мамандығым заңгер болғандықтан түрлі іспен айналысасың, сан мыңдаған жағдайлар орын алады. Міне, сондай сәтте «жүйкеңді жұқартпа, көп стресске түспе» деген дәрігерлер кеңесін естен шығарасың. Денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана білетініміз дұрыс емес. Негізі, бұл дертке шалдыққандар да, сау адамдар да салқынқанды болуға, кез-келген уақытта сабырлылық танытуға үйренуі керек.

                     

              «Кері шегінуге болмайды»

- Бұндай сынақ екінің біріне беріле бермейді. Өмірден не түйдіңіз? Аурудан айыққаннан кейін өміріңізде нендей өзгерістер болды?

- Әлемде лейкемиядан да ауыр дертке шалдыққандар бар. Соның өзі-ақ күресу үшін негіз бола алады. Ол былай тұрсын, көшеге шығыңыз, айналаңызда мүгедек адамдар сондай көп пе, бақылаңыз. Көп. Ал олардың қаншамасы үйінен шыға алмай, еркімен жүріп-тұра алмайтынын ескеріңіз. Бірақ олар бақытты. Қаншама соқыр, мылқау адам бар. Әсем табиғатты көзімен көре алмайды, ести алмайды. Олар сонда да бақытты. Қазір бұл сырқат жәй ғана өмірдің сынағы, бәлкім үлкен өмірге дайындық болған шығар деп ойлаймын. Өмірімде өзгеріс көп. Мектеп бітіріп, кәсіби мамандығымды иелендім. Қазір Оралда заңгер мамандығы бойынша қызмет етем. Әр күнімді бағалай алатын жанға айналдым десем болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға