Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне бірқатар тапсырма берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысына Алматының биылғы қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары және қаланы өркендетудің перспективасы баяндалды. Ерболат Досаевтың айтуынша, аталған кезеңде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 7 пайызға дейін артқан, жыл қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім 6,4 пайызға өседі деп болжанып отыр.
Президент тапсырмасына сәйкес, Алматыда экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қала әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін құны 450 миллиард теңгеден астам қаражатқа 33 жаңа инвестициялық жоба іске асырылады. Биыл жалпы инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артады.
Алматы әкімі мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыратын «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы жайында мәлімет берді. Аулалар, көше-жол желілері мен жасыл аймақтарды кешенді түрде күтіп, баптау үшін үш жылдық келісімшарт тәсілі енгізілді.
Президент бұған дейін шаһардың экологиялық жағдайын жақсарту, жыл соңына дейін қаладағы қоғамдық көліктерді экологиялық талапқа толық сай ету, сондай-ақ Алматының көлік құрылымын қалыптастыру бойынша тапсырма берген болатын. Кездесуде осы жұмыстардың нәтижелері баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевқа экология мәселесіне ден қойып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, жыл соңына дейін сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Сондай-ақ Алматының орнықты дамуына қатысты берген тапсырмаларын мұқият орындау қажет екенін айтты.
