Жаңалықтар

«Құстарды сақта!» акциясы: оқушылар игі іспен айналысты

«Құстарды сақта!» акциясы: оқушылар игі іспен айналысты
Фото: №79 мектеп-лицейі 28.03.2025 16:06 917

Астана қаласы әкімдігінің №79 мектеп-лицейінің оқушылары «Құстарды сақта!» қалалық акциясы аясында құстарға ұя жасап, оларды ағаштарға орнатты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған оқу орнында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Жақсылық жасайық» жобасы іске асырылып келеді. Бұл жоба оқушылардың бойында мейірімділік, жанашырлық және қамқорлық қасиеттерін дамытуға бағытталған.

Оқушылар ата-аналарымен бірге қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастырып, оған өз қолдарымен жасаған тәттілер мен қолөнер бұйымдарын шығарады. Жәрмеңкеден түскен қаражат мұқтаж жандарға көмек көрсетуге жұмсалады. Бұл іс-шара балалардың өз еңбектерінің игі іске жұмсалатынын түсініп, жауапкершілік пен жанашырлық қасиеттерін дамытуға септігін тигізеді.

Мектеп оқушылары мереке күндері қарсаңында қарттар үйіне барып, арнайы мерекелік кештер ұйымдастырады. Ән айтып, би билеп, қарттарға жылы лебіздерін білдіреді. Бұл игі іс-шара оқушыларды үлкендерді құрметтеуге, оларға қамқор болуға үйретеді.

«Құстарды сақта!» акциясы: оқушылар игі іспен айналысты

Сурет: №79 мектеп-лицейі

Жыл сайын мектеп оқушылары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып, өз үлесін қосады. Сонымен қатар «Құстарды сақта!» қалалық акциясы аясында құстарға ұя жасап, оларды ағаштарға орнатады. Бұл шара оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық сананы қалыптастыруға көмектеседі.

Осындай игі шаралар арқылы мектеп оқушылары тек білім алып қана қоймай, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіретін қайырымды әрі жанашыр азамат болып өседі. «Жақсылық жасайық» жобасы әр оқушының жүрегіне жылулық ұялататын маңызды бастама болып қала бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға