Жаңалықтар

«Бос жатқан жер жау шақырады». Депутат шекара маңындағы аудандардың жағдайын айтты

«Бос жатқан жер жау шақырады». Депутат шекара маңындағы аудандардың жағдайын айтты
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 26.03.2025 13:07 989

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Үкіметке депутаттармен бірге «AMANAT» партиясы ұсынған шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдау бастамасын жан-жақты қарастыруды тапсырды. Депутат Ерлан Саиров бұл бастаманы қолдап, мәселе көтерді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтауда шекаралық аудандардың стратегиялық маңызы зор.

Қазіргі таңда Қазақстанның 14 облысы көршілес 5 елмен (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан) шектеседі. Шекаралық аймақтарда 65 аудан бар. Онда 3,5 млн адам тұрады. Ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн халық тұратын 1 283 елді мекен орналасқан. Алайда кезінде жүргізілген аудандарды біріктіру, климаттың қолайсыздығы, жұмыссыздық, көлік қатынасының нашарлығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның тозуы, Кеңес Одағы кезінде шекаралық аудандарда халық санын тұрақтандыру үшін қолданылған жеңілдіктердің жойылуы секілді көптеген себептен бүгінде 65 шекара маңындағы ауданның 40-ында халық саны азайып кеткен. Әсіресе, бұл ауа-райы қатаң Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анық байқалуда, - деді депутат.

Саировтың сөзінше, шекаралық аумақтарға қолдау көрсету шаралары құжаттарда көрсетілгенімен, елді мекендерге берілуі тиіс жеңілдіктер әлі де іс жүзіне аспады. Ол бұған қолдау тетіктерінің түрлі нормативтік актілерде шашырап кетуі, оларды үйлестіретін жауапты уәкілетті органның бекітілмеуі, мемлекеттік субсидияларды бөлуде және ұлттық жобаларды іске асыруда белгілі бір санаттарға нақты басымдықтардың белгіленбеуі себеп деп отыр.

Соның салдарынан шекаралық аудандардағы бірқатар елді мекендерден тұрғындардың жаппай көшуі толастамай тұр. Бұл өз кезегінде шекара маңындағы аумақтардың бос қалып, ұлттық, аумақтық қауіпсіздіктің әлсіреуіне алып келуде. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген. Сондықтан бұл маңызды мәселеге жіті назар аударып, оны тиімді шешу жолдарын шұғыл қарастырғанымыз жөн, - деді депутат.

Ол шекарадағы елді мекендерді дамытуда әлемдік тәжірибені ұмытпауға кеңес берді.

Мәселен, аумағы үлкен және халқы аз елдердің (Канада, Норвегия және Австралия) тәжірибесі шалғайдағы және шекара маңындағы аумақтарды дамыту үшін жергілікті тұрғындарға түрлі жеңілдіктер беру тиімді (салықтық, әлеуметтік, несиелік, энергетикалық және т.б.) екенін көрсетеді. Сондықтан еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді көздейтін «Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы»  арнайы заң қабылдау өте маңызды, - деді Саиров.

Мәжілісменнің айтуынша, бұл заң қабылданса, ел аумағын тиімді пайдалануға, шекаралық аудандарды мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халықтың шекаралық аумақтарда тұрақтануына, өңірдің дамуына және аумақтық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге зор серпін береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға