Жаңалықтар

Шымкенттен мыңнан аса жігіт әскерге шақырылады

Шымкенттен мыңнан аса жігіт әскерге шақырылады
Фото: Қорғаныс министрлігі 27.03.2025 02:21 403

Елімізде әскерге көктемгі шақыру науқаны наурыз айының басында басталды. Бұл науқанда Шымкенттен Отан алдындағы борышын өтеуге мыңнан аса азаматты жіберу жоспарлануда. Күні бүгінге дейін  үшінші мегаполистен 18 мен 27 жас аралығындағы 120-дан астам жас әскерге алынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қорғаныс министрлігі бірінші кезекте ҚР ҰҚК Шекара қызметін жасақтау жүріп жатқанын атап өтті. Биыл  шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөлімшелерге республикалық маңызы бар қаладан 150-ден аса адам жіберіледі. 

Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, полковник Әжімұхан Шынтаев соңғы жылдары әскерге барғандарға заң жүзінде преференциялар енгізілгенін атап өтті. Әскери қызметке шақырылған азаматтар несиелік демалысты 14 ай мерзімде пайдалана алады. Бұдан бөлек, белгіленген борышын өтеген әскери қызметшілерге азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына түсу үшін қосымша жеңілдіктер беріледі. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықтың үздіктеріне білім беру гранттары да қарастырылған.

Шақыру науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Қазір жастар медициналық тексеруден, кәсіби-психологиялық іріктеуден өтіп, денсаулық жағдайына және дайындық деңгейіне қарай әскерлерге бөлінеді, – деді полковник Әжімұхан Шынтаев.

Іс-шаралар 30 маусымға дейін жалғасады. Шақыру қағаздары әскерге шақырылушыларға тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша, одан басқа 1414 сервисінен SMS-хабарлама арқылы жеткізіледі. Әскери қызметті кейінге қалдыруды немесе босатуды жергілікті атқарушы органдар не электрондық үкімет порталы арқылы ресімдеуге болады. Бұл үдеріс толығымен автоматтандырылған: Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесіне студенттер туралы мәліметтер тікелей Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің базаларында беріледі. Шетелде оқитын азаматтар да электрондық үкімет порталында студенттер ретінде тіркеле алады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға