Астанада көгалдандырылған орындар көптеп ашылады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында биыл жазда жүргізілетін абаттандыру жұмысы жайлы жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ауа райының жылынуымен қалада абаттандыру және көгалдандыру жұмысы басталды. Биыл миллионға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, барлық ауданда қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) мен аулаларды абаттандырамыз. Қаланы аралау барысында Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарындағы бірқатар орынға бардым. Мәселен, Уәлиханов көшесінің Бөгенбай батыр даңғылынан С.Сейфуллин көшесіне дейінгі аралығында ескі үйлер мен заңсыз сауда нысандарын бұзған соң орнына жаңа қоғамдық кеңістік салуды жоспарлап отырмыз. Алаңның жалпы көлемі 10,5 мың шаршы метрді құрайды. Онда біз ағаштар мен бұталар отырғызып, тротуарлар саламыз, - деп жазды қала әкімі.
Елорда әкімі өз жазбасында жазушылар аллеясында көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуді жоспарлап отырғанын атады. Онда ірі ағаштар (100 данадан астам) отырғызу жоспарға енген. Қазір бұл аллеяда жасыл желектер отырғызу үшін орындарды дайындау жұмысы белсенді жүріп жатыр.
Сарыарқа ауданындағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – вокзал маңындағы аумақты және оған іргелес көшелерді жаңарту. Осы жоба аясында Гете көшесін «Раиса ана» мешітіне дейін абаттандыру, яғни аумақты көгалдандыру, шағын сәулет нысандарын орнату, қосымша тұрақ аймағын салу жоспарланған. Сол сияқты қауіпсіздікті арттыру мақсатында арнайы көтерілген жаяу жүргіншілер өткелдері жабдықталып, стационарлық боллардтар орнатылады. 2024 жылы Біржан Сал мен Гете көшелерін есепке алғанда, вокзал маңы аумағының бір бөлігіне ауқымды жаңарту жүргізілді. Мұнда жаңа жаяу жүргіншілер тротуарлары орнатылып, қоғамдық кеңістіктер ашылды, жасыл желектер отырғызылды және т.б. Сол сияқты «Жастар» театрының алдындағы аумаққа айтарлықтай өзгерістер енгізілді, көгалдандыру жұмысы жүргізілді және жергілікті суару жүйесі енгізілді, - деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, абаттандыру жұмысы биыл да жалғасып жатыр. Ғұмар Қараш пен Мәмбетов атындағы тарихи көшелерді жаңарту аясында 5 га аумақ абаттандырылып, ағаштар отырғызылғаен.
Е.Рахмадиев атындағы филармонияның алдында жарықтандыру тіректерін жаңарту, заманауи көше жиһаздарын орнату және қолжетімділік қағидатын ескере отырып, жерасты өткелін реконструкциялау жоспарланып отыр. «Иллюзия паркін» реконструкциялауға ерекше көңіл бөлінді. Саябақ тұрғындар мен жастар үшін жаңа тартымды орталыққа айналады, мұнда демалу үшін және уақытты пайдалы өткізу үшін тиімді жағдай жасалады. Кез келген жастағы тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып, саябақта серуендеу аймағы, спорт және ойын алаңдары мен жүгіру жолдары үйлесімді түрде жасалады. Жаңартылған саябақтың басты ерекшелігі – заманауи скейт-алаң. Аумақтың жалпы ауданы 5,5 мың шаршы метрді құрайды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында көлік айрығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл инфрақұрылымдық нысан жүргізушілердің жүру уақытын едәуір қысқартады, сол сияқты сол жағалауды «Астана-1» вокзалымен ыңғайлы байланысты қамтамасыз етеді және күнделікті қалаға кіретін көлік ағынын азайтады, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
