Жаңалықтар

Айжан Табаракқызы: Өлең менің тағдырымның көшірмесі

«Нағыз өмір сол жақта болса кете берген дұрыс шығар...»
Айжан Табаракқызы: Өлең менің тағдырымның көшірмесі
27.02.2017 15:46 16528

Айжан Табаракқызы 1986 жылы сәуiрдің 18-ші жұлдызында Моңғолияның Баян Өлгей аймағындағы Ақкөл елді мекенінде дүниеге келген. Ол Астана қаласындағы Еуразия Гуманитарлық Институтын «Құқық және экономика негiздерi» мамандығы бойынша тәмамдаған. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Республикалық жас ақындар жыр мүшәйраларының лауреаты. Өлеңдерi «Азаттық таңындағы азат жыр», «Жаңа ғасыр жырлайды» топтамаларына енген.

— Өлеңдеріңізден туған ауылыңыз Ақкөл жайлы жазғанда:

«Кеше жасын сүрткенін қайдан білсін,

Дәл қазір бұрымымен ойнаған жел» – дейтін өлең жолдарын оқып қалдым. Бұл жолдардың астарында бір сырдың жатқаны анық...

— Араға 10 жылдан астам уақыт салып, өткен жылы байырғы жұртқа барып қайттым. Ол жақта бақытсыз болса да балалығым өтті. Сіз айтып отырған өлең жолдары сол кезде жазылған болатын. Ешқандай сыр да, астар да жоқ. Бәрін сол «Туған жерден төрт өлең» деген топтамада жаздым...

— Неге «қуыршақсыз балалығыңыз ерте жерленді»?

— Бұның бәрін айта беру дұыс па өзі?... Мені адамдардың  жеке өмірі

қызықтырмайды. Сол сияқты бұл сұрақтың да жауабы өзгелерге қызық емес шығар... «Өткенімді өткенімде қалдырдым...» деп жазғаным бар еді...

— Қай мінездеріңіз әкеңізден аумай қалған?

— Көбі менің жүрісімді «әкеңе ұқсайды» деп жатады. Ал мінезімді білмеймін... Әкем туралы да есімде көп нәрсе қалмапты. Білетінім: әкем суретші еді. Кітап жинайтын сөрелерде, қабырғаларда ол кісінің салған суреттері тұратын. Кейін көшкенде үй бұзылып, әкемнің туындыларын құнттап жинап алатын адам болмады. Жалпы, ол кісі мектепте биология және сызу пәндерінен сабақ берген. Шәкірттері үнемі айтып жүреді... Әлі күнге дейін әкеме бір өлең жаза алмадым...

— Әкеңіз туралы көп нәрсе есіңізде қалмады дейсіз бе?

— Әкем өмірден озғанда мен 7 жаста болдым. Одан бері көп дүние өзгерді. Менің бір нәрсеге анық көзім жетті. Қиянат жасаған адамдарды Алла ешқашан жазасыз қалдырмайды екен...

— Анаңыз оралмаған ақпан туралы жазасыз...

— Жалпы, ақпан менің өмірімнен кімдерді әкетпеді... Анам дәрігер болған. Алты бала-шағасын асырау үшін өзін сарқыды. Денсаулығы да нашарлады. Әкем өмірден өткен соң, 4 жыл араға салып анам да кетті. Ауруынан бұрын сөз бен тіршілік қажытты-ау...  Мен  тым ерте кеткен әкем мен анамның, ағамның орындалмаған армандары үшін дұрыс өмір сүргім келеді. 

— Өзіңізді ақын ретінде сезіндірген алғашқы өлеңіңіз қайсы?

— Өлеңді өзім үшін жазам. Содан шығар ондай сезім кешіп көрмеппін.

— Сіздіңше, өлең жазатындардың бәрі ақын емес қой...?

— Бәрін айта алмаймын. Өзімді айтып отырмын.

— «Неге олай жасадың?» деген сұрақтың не үшін қойылмағанын қалайсыз?

— Күнәні еске түсіре бергеннің не жақсысы болсын.

— «Нағыз өмір о дүниеде болса егер,

Ертеректеу кете берсе болмай ма?..  Өлімге неге сонша асықтыңыз?

— Адамдардың әрекеттері өлімді жиі есіме салады. Шынымен, егер нағыз өмір сол жақта болса кете берген дұрыс шығар.

— «Жаныңызды қай сағынышыңыз жаралайды»?

— Бәрі емес. Кейбір сағыныштар тәтті болады, білетін шығарсыз...

— Айтыңызшы, ақындардың соры басым ба, әлде бағы ма?

— Оны ақындардан сұрау керек...

— Ал мен мен сізден сұрағым келіп отыр?...

— Ақындықты білмеймін, өлең маған көп көмектесті. Мен өлеңде жылаймын. Мен өлеңде мұңаям. Мен өлеңде жақсы көрем. Сонда бақ па, сор ма? Бұны бір білсе Индира Кереева жақсы біледі...

— «Жалғыздықты жар қылған күндеріңізден» құтылдыңыз ба?

— Адамның бәрінде ішкі жалғыздық болады. Тәннің екеу болуы жан жалғыздығынан құтылудың жолы емес екенін өзіңіз де білесіз. Әйтпесе, өмір жақсы ғой...

— Ендігі «жүрегіңіздің қалауы» не?

— Тыныш өмір.

— Тыныш өмірге жету үшін не керек?

— Оған да тыныш өмір керек.

— «Өлең жазбай кетсеңіз, тыныш өмір сүремін» деп ойлайсыз ба?

— Жо-жоқ, тыныш өмір сүрсем, өлең жазбаймын деп ойлаймын. Ол үшін баю керек шығар, иә?

— Қай жағынан баюды айтасыз? Байлық шын мәнінде сіз қалаған өмірге жетелей ме?

— Жалпы, «рухани бай болсаң болды» деген пафос сөздер маған ұнамайды.  Сізді пәтерден-пәтерге көшу, біріне жетсе біріне жетпейтін айлық деген дүниелер шаршатпай ма? Тіпті өзіңізде ондай проблема жоқ деген күннің өзінде, сондай адамдардың сыртынан қарап тұрудың өзі миға салмақ салмай ма? Өлең жазып жүр екенсің деп ешкім саған пәтерін, ешкім саған дүкенге барғанда ақын екенсің деп нан бермейді. Сіз «ақынсыз ба?» деп қайта-қайта сұрап отырсыз ғой... Ақын өлеңнің соңына түсіп, әдебиетке қызмет ету керек. Өзін тұтас арнау қажет. Маған өз қазанында ғана қайнап жатқан әдебиеттің де онша қызығы жоқ. Бізге тіл үйреніп, өзге елдің әдебиетін түпнұсқада оқып, мәдениетімен барып танысуымыз керек.  Мен осыны армандаймын. Материалдық жағдай болмай тұрып ондай мүмкіндік те жоқ.  Негізі осы сұраққа сәл қиялдап жауап беруге болатын еді. Сіз менен бір сондай жауап күтіп отырған сияқтысыз...

— Ал Айжан Табарак өлеңде қандай? Өмірде қандай?

— Өлең менің тағдырымның көшірмесі.  Өлеңім сияқты мінезім ауырлау. Бірақ, өмірде өлең-өлең болып жүрмеймін. Өмір сүру керек қой.

— «Періште қосқан достарыңыз» қанша?

— Мен достыққа адалмын. Бірнеше достарым бар деп ойлаймын. Олар қалай ойлайтынын өздері білер...

— Жалғыздық туралы жиі жырлайсыз. Ол сезім бе, дерт пе?

— Дер те емес, сезім де емес. Бұл – шаршау.

— «Сіз жылап жазған ғазалдарыңыздың иесі» кім?

— Мен жиынтық образға жазам. Алда-жалда біреу ұнап қалса ол адамға арнаған өлеңімді көрсете берем. Біреуді жақсы көрсең айту керек деген өзімнің өмірден үйренген жалғыз дүнием бар. Өзіме де ұнайды.

— «Қанша бақыт уысыңыздан сырғыды»?

— Соны айтам...

— Уысыңыздан сырғыған бақыттарды есептеудің қажеті жоқ деп ойлайсыз ғой, сонда?

— Солай шығар. Негізі әркімнің өз түсінігіндегі бақыт бар.  Сол өлеңді жазған кезде қандай бақытты ойлағанымды кім білсін...

— Қай ақынның өлеңдері сіздік шабытқа қуат сыйлайды және несімен?

— Ақындарды көп оқимын. Бірақ, олар маған шабыт сыйламайды енді...

— Неге енді?

— Біреуді оқып алып шабыттанып өлең жазу дегенді білмеймін.. Талғамыма келетін лирик ақындарды үнемі оқимын.

— Қазіргі қазақ поэзиясының халі қалай? Не жетіспейді?

— Қазір қазақ поэзиясында бәрі бар. Тек оқитын адам болса...

— Сіз айтқан «сөз бен сезімнің қайсысы қазір тым арзандап» кетті?

— Екеуі де оңып тұрған жоқ... Қадірсіздік.

— Жыр жинағыңызға «Сен жыламашы» деп ат қоюыңыздың не сыры бар? Кімнің жыламағанын қалайсыз?

— Бәрінің... Жалпы, осы кітапқа тек лирикалық өлеңдерім кірді. Оның үстіне мені үлкендер оқиды деп ойламаймын. Кейінгілер оқиды. Солардың жүрегіне жұбату болсыншы деген ниет қой. Біреуге кітап сыйласам да бірдеңе айту керек болған соң осылай атадым. Өзім тым сирек жылаймын.  Бірақ, ол адамның бақытты екенін білдірмейді деп түсінем...

— Маған бір құрбым «ақындар неге қуанғанда өлең жазбайды, шабыт тек қайғырғанда ғана туа ма?» деп сұрап еді, сіз қалай жауап берер едіңіз? Өлең сіз үшін жан жарасын жазар ем ғана ма?

— Менің қуанышымды бөлісетіндер көп. Ал қайғыны өлең ғана бөліседі.

— Шабыт тек қайғырғанда туа ма?

— Бір күй болады. Кешесің. Жазасың. Шабыт деген сол болса онда сол болғаны. Қайғы жалқы емес. Оың ішінде жауапсыз сезім, сағыныш, торығу, шаршаудың бәрі бар.

— Ақындар тек бас қайғысының маңында қалмай, халық жыршысы болу керек сияқты... Өзіңізден бастап, ақындар қаншалықты халық мұңын жырлап жүр?

— Халыққа өлең қажет емес. Оларға әлеуметтік жағдайының жақсы болғаны керек. Аш отырған адам сенің «Қайран елім-ай» деген сандырағыңды оқымайды...

— Рухани қажеттілігімізді толықтыратын кітаптың бүгінгі абыройы неге төмендеп бара жатыр? Кітап жазушылардың қарқыны бұрыңғыдай болмай қалған ба?

— Осы  мені де ойлантады. Жақында өзім жақсы көретін жазушым Сағадат Ордашеваға осы сұрақты қойған едім. Берген жауабы көңілімнен шықты.  Сол сұхбатты алдағы уақытта Әдебиет порталынан оқи аласыздар.

— Барлық өлеңдеріңізде өз өміріңіз бейнелене ме?

— Иә!

— Сіздің келесі жыр жинағыңызды күтетіндер көп. Оларды қашан қуантпақсыз?

— Абайдың өзінде екі-ақ томдық қой.  Қайта-қайта кітап шығаруды өзім құптамаймын. Шығарып жатқандарға қарсы да емеспін. Негізі мемекеттік тапсырыспен «Сен жыламашыны» толықтырып қайта шығарғым келеді. Өйткені, жеке демеушілердің шығарып берген кітабы Республикалық кітапханалар жүйесіне таратылмайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға