Артем Чурсинов

Air Astana Таяу Шығыстан репатриациялық рейс орындауы мүмкін

03.03.2026 10:20

Air Astana әуе компаниясы Сауд Арабиясы Корольдігі мен Мысыр Араб Республикасының авиациялық билік органдары рұқсат берсе, репатриациялық рейс орындауға дайын.

 Air Astana әуе компаниясы 3 наурызда Батыс Қазақстаннан Медина қаласына және кері бағытта 2 репатриациялық рейс, сондай-ақ Жидда қаласына және кері бағытта 2 репатриациялық рейс орындауды жоспарлап отыр.

Жолаушыларды тасымалдау тек бұрын сатып алынған билеттер бойынша жүзеге асырылады. Авиациялық билік органдары жағдайды дамуын мұқият бақылап отыр. Репатриациялық рейстердің орындалуына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.

Таяу Шығыста жүрген қазақтар

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шет елдердегі дипломаттар консулдық-құқықтық көмек көрсету мақсатында жергілікті билік органдары байланыс орнатып, ҚР азаматтарының жағдайынан хабардар. Әуежайларға жүйелі түрде барып, транзиттік аймақтардағы қазақстандықтардың тізімін тұрақты жаңартып отыр. Әзірге ешбірі зардап шеккен жоқ.

Кейінгі деректерге сәйкес, Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарының дені –танымал туристік бағытты таңдаған, қажылық сапарға аттанғандар. Соның ішінде  БАӘ-де шамамен 3 500 адам, Сауд Арабиясында – 3 000 адам, Қатарда 1 500 адам тіркелген. 

Дипломатиялық өкілдіктердің хабарлауынша, Иранда – 82, Бахрейнде – 168, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134, Израильде шамамен 100 қазақстандық азамат бар.

Сәйкесінше, әскери іс-қимыл басталған соң аталған елдердің әуе кеңістігі жабылды. Сондықтан елшілік өкілдері туристік компаниялармен бірлесіп, азаматтарды уақытша қонақүйге орналастырып жатыр. Соның ішінде БАӘ қонақүйлерінде жағдай тұрақталғанға дейін тұру және тамақтану қамтамасыз етілген.

Келіссөздер жүріп жатыр

Билік барынша эвакуациялық рейсті орындаудың амалын қарастырып жатыр. Егер жүзеге аса қалса, алдымен осал топқа – қарттарға, әйелдер мен балаларға басымдық беріледі.

Бұған дейін Тегераннан «Заркух» компаниясының өкілдерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметкерлерін және дипломатиялық өкілдік қызметкерлерін қоса алғанда Қазақстанның 50 азаматы шығарылды.

Осылайша, елшіліктердің мәмілесінің арқасында, көрші елдер арқылы Ираннан азаматтарымызды эвакуациялауға мүмкіндік туып отыр. Мысалы, армян тарапы ҚР азаматтарын  Иран – Армения шекарасынан кедергісіз өтетінін хабарлады. Әзербайжан тарапы да эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Елдің құрлықтағы шекара өткелдеріндегі өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.  Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.