Жаңалықтар

Айдалада ән салған Алмат

Домбыра - сен бабамның үніндейсің...
Айдалада ән салған Алмат
10.08.2018 15:38 5549

Бұл күнде танымалдыққа ие болу бұрынғыға қарағанда әлдеқайда оңай. Қазір әр адамның қолында заманауи гаджеттер жүретіні еш жасырын емес.  Тойда  би билеп жүріп те, басыңа кастрюль киіп те танымал бола салу оп-оңай. Бастысы, сіз жасаған әрекет өзгелерден ерекше болса болғаны. Бұл сөзімізге өзі ғана түсінетін тілде ән салып, "жарқ" ете қалған МС Сайлаубектің өзі-ақ  дәлел. Тез  келген атақтың  тез кетуі де кетуі де заңдылық. Сол сәтті ұтымды пайдалана білсеңіз біраз жерге барарыңыз да анық.

Біз бүгін  бір-ақ сәтте көпшілікке танылып кеткен жігітт жайлы сөз қоз,амақпыз. Әрине, ол бұл әрекетін әдейі ұйымдастырмаған. Мүмкін, оның ән айтып отырған видеосы  табиғилықтың, еш қоспасыз ән салуының арқасында танылған болар? Ол жайлы айдалада іссапарда жүріп, "Молдабайды" нақышына келтіре орындаған Алмат Қордабаевтың өзі айтсын.

- Айтып отырғандарыңыз былтырғы, яғни,  2017 жылғы видео ғой. Мен ол кезде  "KEGOC"АҚ Балқаш қаласындағы бөлімінде  электромонтер қызметін атқаратынмын. Бізде жаз бойы 220, 500 000 вольттық желілерді жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай іссапардың бірінде 3 бригаданың жігіттерінің басы қосылып қалды. Кешкі тамақтан соң, жұрттың сұрауымен  ән салған едім. Арамыздағы жігіттердің бірі видеоға түсіріп, ватсап арқылы өзге де әріптестерімізге, туыстарына жіберген ғой. Осылай-осылай бұл видео тез тарап кеткен екен. Екі күннен соң өзімізге инстаграмм, фейсбуктың түрлі топтары арқылы айналып келді. Мен мұндай болады деп тіпті ойламаған да едім. Қазір екінің бірі ән салып, оны түрлі ӘЖ жүктеп жүр ғой. Менің видеомның елге тез таралуының бір себебі үстімдегі арнайы киімім мен дала жағдайында айтуым деп ойлаймын. Сол видео Ұлттық арнаның "Таңшолпан" бағдарламасынан көрсетіліп, маған  "іздеу салынады". Өзім қатты қалжыңдасып жүретін бір құрдасым "Сені "Қазақстан" арнасынан іздеп жатыр" деп хабарласқан кезде сенбедім. Сосын тағы бір ағатай осылай деді. Бір-бірін танымайтын екі адам бірдей қылжақты бір мезгілде айтуы мүмкін емес қой.  "Таңшолпанның" сайтқа шығуын күттім.  Сөйтсем, мені әлек болып іздеп жатқандары шын екен. "Мен ол хабарға баратындай кіммін? Тарайтын видео тарады. Осы жерден тоқтайын" деп оларға хабарласпадым. Ақжарқын атты немере інім бар. Мен хабарласпағаныммен сол інім хабарласып, ақыры "Таңшолпан" бағдарламасына түсуді де Алла  нәсіп етті. Бұл оқиғаның барлығы сол видео түсірілген күнен кейінгі бір ай көлемінде болған дүниелер. Биыл тағы бір қызық жайт болды. "Евразия" телеарнасындағы "Пендеміз ғой" бағдарламасына шақырту алдым. Шақырту алмас бұрын олар мені іздейді ғой. Іздеушілерім мені іздеп  "Самұрық Қазынаның" дирекциясына шығады. Самұрықтар біздің Астанадағы басқармаға шыққан. Ол басқарма өз кезегінде Қарағандыдағы біздің басшылыққа шыққан. Осылай-осылай шақырту өз құлағыма да жетті.

Жалпы, арнайы музыкалық білімім жоқ. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының баласымын. Ауданымызда, әуесқой күйші, агроном Мұқат Сыздықов деген ағамыз бар. Сол кісіден шамамен  3-4 сынып оқитын кезімде  сабақ алуды бастағанмын. Оның өзі әкемізді желкелеуімен болған дүние еді. Аса бір құлқым болмағандікі ме өзіммен бірге барған балалар 3-4 күй үйреніп алған кездерінде мен "Айжан қыз" деген күйді  пернеден көз алмай ірең тартатын дәрежеге жеттім. Күй үйреніп алған балалар бір жыл ішінде Мұқаңа баруды қойып кетті. Менің де тастағым келіп жүр. Тек, әкеміздің тәк-тәгімен тағы 2-3 жыл барып жүрдім. Ол кісі белгілі бір жағдайлармен сабақ беруін тоқтатқан кезде "Уф" дегенім бар еді. Қуанышым көпке ұзамады. Ләззат Бекхожина деген апамыздың алдын көру жазылып тұр екен маңдайыма. Сөйтіп, ол кісіден дәріс ала жүріп жаңадан ашылған музыка мектебінің үйірмесіне барып жүріп біраз дүние бойыма сіңе бастады. Облыстық "Күй қайнары" конкурсына қатысып ІІ орын алып, терме конкурсына қатысып жүлдеге ілініп дегендей жетістіктерге жете бастадым. Облыстық термешілер конкурсында мен екінші орын алғанда, бірінші орын алған бір бала (расы керек дәл қазір есімін есіме түсіре алмай отырмын) шатаспасам Ақтамбердінің толғауын орындады. Сол толғау қатты әсер етті. Бұған дейінгі талай ұстаздың алдына барғанымда алмаған әсерімді, ана баланың орындауынан бір-ақ сәтте алдым. "Әнді осылай да орындауға болады екен-ау" деген ой біразға дейін мазалап жүрді. Осылайша дәстүрлі ән өнеріне деген қызығушылығым оянды.

Әншілігім жұмысыма еш кедергісін келтірмейді. Қайта шыны керек, белгілі бір дәрежеде пайдасын тигізіп жүр. Әуелгіде "Наурыз" мейрамы секілді даталарда Балқаштан келген делегация өкілі ретінде ән салып жүрсем бұл күні осы қара домбырамның арқасында Қарағанды қаласындағы басқармаға ауыстым. Осылайша "Ақ жағалылар" қатарына қосылдым.

Жұрт секілді жұлқынып,  той аралау қасиеті менде жоқ екен. Туған-туыстың, дос-жаранның қызық, қуаныштарында ән саламын. Былайша, ақшаға тойға шығу әзірге ойымда жоқ.  Төтеден кіріп келіп,  біреулердің  нанына таласқым келмейді. Мен өз нанымды өз мамандығымнан тауып жүрмін.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға