Жаңалықтар

Аида Балаева ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пань Юэмен кездесті

Аида Балаева ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пань Юэмен кездесті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі 18.09.2023 21:35 980

Еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Пань Юэмен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары мен ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында іскерлік байланыстар орнату перспективалары талқыланды.

Аида Балаева қытайлық әріптесінің Қазақстанға алғашқы жұмыс сапарымен келгеніне алғыс білдіріп, Қытайдың алдағы басты мерекесі –  Қытай Халық Республикасының құрылу күнімен құттықтады. Сондай-ақ, екі мемлекет басшылары арасында қолжеткізілген өзара сенім мен стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті.

Аида Балаева екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, әріптестіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Ал Пань Юэ мырза қазақстандық әріптесіне шақырту үшін алғыс білдіріп, қазақ-қытай қарым-қатынастарының деңгейін жоғары бағалады және бұл сапар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар, Пань Юэ мырза министр Аида Балаеваның жаңа лауазымына табыс тілеп, оны ведомствоаралық әріптестік аясында ҚХР-ға жұмыс сапармен келуге шақырды.

Тараптар этносаралық қатынастарды реттеу саласындағы ынтымақтастықты арттыру перспективаларын талқылай отырып, екіжақты байланыстарды дамытуға назар аударды, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға