Аида Балаева Орталық Азия креативті хабын құруды ұсынды

Астанада II Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға саясаткерлер, журналистер, медиакомпаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ беделді БАҚ сарапшылары қатысуда. Форумда алғаш болып Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, бүгінгі форум өзекті мәселелерді ашық талқылап қана қоймай, аймақтағы бірлескен ақпараттық жұмыстың ортақ тәсілдерін әзірлей алатын бірегей алаңға айналғанын атап өтті.
Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Былтыр Астанада өткен Консультативтік кездесуде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдер жасау туралы бастама көтерді. Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ біздің халықтарымыздың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радио бағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады, - деді Аида Балаева.
Мәдениет және ақпарат министрінің сөзінше, қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастыру үстінде.
Орталық Азия елдерінің медиа саласындағы ынтымақтастығы да жоспарлы түрде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстанның Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі арасында 2025 жылға дейінгі өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Жоспар медиаконтент алмасуды, журналистерге арналған тренингтер мен семинарлар өткізуді, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруды, жас мамандарды қолдауды және жалған ақпаратпен бірлесіп күресуді қамтиды, - деді ол.
Сонымен қатар Аида Балаева өзара тәжірибе алмасу және сала мамандарының біліктілігін арттыру үшін өңірлік форумдар, семинарлар, тренингтер, шеберлік кластарын, баспасөз турларын өткізуді ұсынды.
Біздің тарап осындай іс-шараларды ұйымдастыруға арналған алаңдарды ұсынуға дайын. Осы орайда келесі бастамаларды талқылауды ұсынамын. Елдердің ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіре отырып, Орталық Азия журналистика академиясын құру, жастардың дарынды өкілдері үшін шығармашылық орталығы болуды көздейтін Орталық Азия креативті хабын құру, үздік жұмыстарды атап өтуге және лайықты журналистер мен контентмейкерлердің еңбегін тануға мүмкіндік беретін журналистика саласындағы Орталық Азия сыйлығын тағайындау, «Біздің адамдар» тележобасын іске қосу, ол арқылы біз бір-бірімізге қоғамымыздың ең лайықты өкілдері, тұратын еліне және қарым-қатынас тіліне қарамастан, жастарды шабыттандыратын және оларға өнеге болатын тұлғалар туралы әңгімелейміз, - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ министрдің сөзінше, «Наурызға» арналған телекөпір ұйымдастыру, бұл біздің елдерімізге осы ортақ мереке күндері біріге түсуге мүмкіндік береді. Бауырлас елдеріміздің телеарналары үшін телеөнімдерді қолжетімді ету, сериалдар және өзге де өнімдер үшін ең төменгі төлемді белгілеу немесе оны мүлдем алып тастау, бірлескен туризм мен инвестицияны танымал етуге бағытталған бірлескен контенттің көлемін ұлғайту, осы жылдың күзінде «Мипком» (MIPCOM) телеөнімдерінің ең танымал көрмесінде «Central Asia» брендімен бірыңғай алаң ұсыну, телеарналар Орталық Азия елдеріндегі әріптестерінің өтінімдері бойынша түсірілімдерді өтеусіз негізде жүзеге асыратын алаң құру, бұл шетелдік тілшілер пункттерін ұстауға арналған шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді.
