gov.kz

Ахмет Байтұрсынұлының жоғалған кітаптары

30.07.2025 14:09

19–20-ғасырлардағы қазақтың саяси ой-танымын цензура дәуірлеп тұрған кезде сөзімен, ісімен ұлттық бірегейліктің негізін қалаған «Алаш» қозғалысынсыз, ондағы жазушылар, ғалымдар, публицистерсіз елестету мүмкін емес. Алаштанушы ғалым Айгүл Ісімақова Qalam-ға берген сұхбатында қазақ ағартушыларының жоғалған және тыйым салынған кітаптары және сол кітаптарды жанкештілікпен сақтап қалуға тырысқан жандар туралы айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

1923 жылы Байтұрсынұлының елу жылдығы аталып өтеді. Осыған орай өткен жиында Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов баяндама жасаған. Сонда Әуезов: «Аха, биыл «Мәдениет тарихы» деген кітабыңыз шықты. Қолымызға алдық. Үлкен қаракөк кітап екен. Мұқабасының ортасында «Мәдениет тарихы» деп төте жазумен беріліпті. Құтты болсын! Онда бүкіл көшпелі мұсылман жұртының, оның ішінде қазақтың Алтын Ордадан басталған тарихы мен мәдениеті тұр», – деп құттықтапты.

Сол кітап жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының өзі: «Сібірге айдауға кеткен соң кітаптың бір данасын жұбайым Бадрисафаның өзімен алып жүретін қызыл көрпесіне тықтым. Екіншісін айдалып бара жатқанда Мәскеуде кездескен Әлихан Бөкейханның қолына бердім», – дегені бар. Мұхтар Әуезов үшіншісін көрген. Біз Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінде Мұхтар Әуезов сипаттаған осы кітаптың макетін жасап қойдық. Ал 2023 жылы оның бес томдық академиялық жинағын шығарғанбыз. Соған Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінің бірнеше нөмірінде жарияланған «Шаруашылық мәдениеті» деген еңбегін «Мәдениет тарихының» алғысөзі деп бердік. Бұдан бөлек, екі-үш ахметтанушымен «Мәдениет тарихы» кітабының негізгі бөлімін таптық, – дейді ғалым Айгүл Ісімақова.

Айтуынша ол 60-жылдары Кеңес үкіметіне белсенді қызмет еткен, Алашқа қарсы болған адамның атынан жарық көрген.

Ол кісі туралы бәрі біледі. Жазушы. Тек бірде-бір ғылыми мақала жарияламаған. Ал ана кітапта Ахметтің сөзі тұр. Оның үстіне, жоғарыда айтқан «Шаруашылық мәдениетінің» келесі бөлімі ретінде де дәл келеді. Тура сол сөйлемдермен жалғасып кете береді. Бірақ мұндай ғылыми мәтін дәлелдеуді қажет етеді. Бұған бір тоқтаммен, сабырмен қарап, әлгі жазушыны кешіру керек. Кінә артудың қажеті жоқ. Мен де басында: «Алашты сатып, өз атынан шығарғаны — қандай оңбағандық», – деп ойлағанмын. Кейін қарасақ, Ахмет Байтұрсынұлы хаттарында: «Жариялансын. Мен мұны қазақ надан, сауатсыз, ғылымы жоқ дегенге қарсылық деп жаздым. Біз өлсек те, кейінгі ұрпақ ғалым болуы үшін осы кітаптар мектепте оқытылуы қажет», – деп аманат еткен көрінеді, – дейді алаштанушы.

Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір жоғалған кітабы — бүкіл түркі жұртының тіл сақтауы, тіл жазылуы, сөз жасамының тәртібі келтірілген «Тіл танытқыш». Күні бүгінге дейін табылмады.

Біреулер «қолжазбасын тыққан» дейді. Өкінішке қарай, бірде-бір ізі жоқ. Дегенмен біреулер: «Ол кітапты Бадрисафа Қостанайда, өзі тұрған үйдегі қораның артында, екі қазанның ішіне салып, жерге көмген», – деген дерек айтып, маған хабарласты. «Тіл танытқыш» табылып қалуы мүмкін деп ойлаймын, –  дейді ғалым Айгүл Ісімақова.