Жаңалықтар

Ағза доноры болу үшін өтінішті қалай рәсімдейді?

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті
Ағза доноры болу үшін өтінішті қалай рәсімдейді?
Фото: gov.kz 19.10.2022 19:57 1711

Қайтыс болғаннан кейін донор ретінде ағзаларын беруге келісетіні немесе одан бас тартатыны туралы өтінішті қазақстандықтар көзі тірі кезінде электронды түрде рәсімдей алады, деп хабарлайды El.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Көз жұмғаннан кейін трансплантация мақсатында ағзаларын алуға рұқсат беру «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 209-бабының 8-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

«Ниет білдірген азаматтар өтінішті тіркелген емханасы арқылы немесе «Электронды үкімет» веб-порталы көмегімен рәсімдей алады», - делінген министрлік хабарламасында.

Ол үшін:

- Еgov.kz» жүйесіне электронды цифрлық қолтаңба немесе бірреттік кілтсөз арқылы кіру;

- «Денсаулық сақтау» бөлімінен «Трансплантация мақсатында қайтыс болғаннан кейін ерікті ағза донорлығына көзі тірісінде келісімді тіркеу немесе келісімді қайтарып алу (яғни бас тарту)» қызметін таңдау;

- өтініш түрін таңдау: «келісімді қайтарып алуды тіркеу (бас тарту)» немесе «келісімді тіркеу».

Ведомоство ақпаратына сай, егер азаматтар өтінішті тікелей емханаға барып рәсімдейтін болса, онда жауапты тұлға әуелі жеке басты және тіркеу мәртебесін куәландыратын құжаттарды тексереді. Кейін қайтыс болғаннан соң ағза доноры болуға келісім беретінін немесе одан бас тартатын шешімін арнайы үлгі бойынша толтырады.

«Толтырылған үлгі тіркеледі. Ал сізге бірінші басшының қолы қойылған және медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымының мөрімен бекітілген тіркеу анықтамасы беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтарына ағзаларды транспланттау тегін жүзеге асырылады», - деп мәлім етті ведомстводан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға