Ағылшынша-қазақша Оксфорд сөздігі жарыққа шығады
60 мың сөзді қамтитын OXFORD QAZAQ DICTIONARY сөздігі жарыққа шығады. Бұл туралы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжехан Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«60 мың сөз қамтыған, жалпы көлемі 1300 беттік қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша ОКСФОРД сөздігінің тұңғыш басылымын Қазақстан Президенті Қ.К.ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен «Ұлттық аударма бюросы» дайындады.
Әлемге танымал Oxford University Press баспасы екі тілді OXFORD QAZAQ DICTIONARY сөздігін басып шығаруға ресми рұқсатын берді. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал OXFORD ENGLISH DICTIONARY сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды», - делінген хабарламада.
Сөздік құрастыру жұмысы төрт жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі тілші атсалысқан. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қатысып, сөздік институт ғылыми кеңесінің сараптамасынан өткен.