Жаңалықтар

Агрожобаларды қаржыландыруға 182 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді

Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады
Агрожобаларды қаржыландыруға 182 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді
Фото: agrocredit.kz 07.07.2022 14:22 2144

Аграрлық несие корпорациясы 2022 жылдың алғашқы жарты жылдығында аграрлық салаға 182 млрд теңгеден астам сома бағыттады, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында корпорацияның желісі бойынша 7900-ден астам жобаны қаржыландыруға 182,5 млрд теңге бөлінді. Жалпы биыл агробизнесті дамытудың басым бағыттары бойынша 330 млрд теңгенің несиесін беру көзделген.
Корпорация несиелеуді «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» атты үш бағдарлама бойынша жүргізеді. «Кең дала» бағдарламасы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына несие береді. Биылғы жартыжылдықта аталған бағдарлама аясында 2,5 мыңнан астам диқанға жалпы сомасы 70 млрд теңгеге тең қаржы бөлініп, 3,7 млн гектардан астам егістік алқап игерілді.
Ісін жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Іскер» бағдарламасы аясында 861 жобаны жүзеге асыруға 5,6 млрд теңге бөлінді.

– Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі түбегейлі шешілуі тиістігін және көктемгі егіс науқанын қатаң бақылауда ұстау керектігін тапсырған еді. Біз бұл бағытта талмай еңбек етіп келеміз. 2022 жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінге 88,8 млрд теңге бөлінген. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қаржыландыру сомасы екі есе өсті, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Қарыз алушы корпорацияның аймақтық филиалдарына немесе орталық аппараттағы менеджердің кеңесіне жүгіну керек. Егер клиент несие алуға шешім қабылдаса, несие менеджері қажетті құжаттар тізімін жинап, өтініш қабылдайды. Несие алуға өтінімді қабылдау мерзімі – 30 күн.
Ірі жобалармен қатар, корпорация шағын және орта бизнеске де несие береді. Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданы, Үштөбе ауылындағы «Úshtóbe Qus» ЖШС айналым қаражатын толтыруға қаржы алған. 2021 жылы ашылған кәсіпорын күніне 7 мың бройлер сояды. Әзірге, жергілікті нарыққа салқындатылған құс етін шығарып отыр. Атыраулық Байғали Сақып корпорация қаржысына ауданы 600 шаршы метр шағын жылыжай салуға арналған құрал-жабдықты және тамшылатып суару жүйесін сатып алды. Бүгінде «Ақниет» ЖК қала тұрғындарын қиярмен қамтамасыз етуде.

– Жалпы, корпорация тікелей несие беру арқылы іске асырылатын несиелеу бағдарламалары шеңберінде 57,9 млрд теңге берілді, қаржы институттарын қорландыру арқылы (несие серіктестіктері, шағын қаржы ұйымдары, екінші деңгейлі банктер мен лизингтік компаниялар) 124,6 млрд теңге берілді. 2022 жылдың алғашқы жарты жылында ең көп несие алған өңірлер – Ақмола (36 млрд тг), Қостанай (31,2 млрд тг) және Солтүстік Қазақстан (25,3 млрд тг) облыстары, – дейді корпорацияның Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Сонымен қатар, 2020 жылғы желтоқсан айынан бастап корпорация АӨК саласында агросақтандыру бойынша агенттік қызметті атқаруда. Соңғы 3 жылда агросақтандыруға деген қызығушылықтың артқан. Мәселен, 2020 жылы 93 келісім жасалса, биылғы жарты жылда 184 сақтандыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Міне, осылайша небәрі 6 айда 308 мың га алқап пен 60 мыңнан астам төрт түлік сақтандырылды. Әрі биылғы жарты жылда төленген субсидия көлемі 500 млн теңгеден асты. Бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, сақтандыру шартын Qoldau.kz платформасы арқылы онлайн жасауға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға