Жаңалықтар

АЭС салу үшін алғашқы жария тыңдау немен аяқталды?

АЭС салу үшін алғашқы жария тыңдау немен аяқталды?
Фото: © Pixabay.com 22.08.2023 15:03 1049

Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салу мәселесі бойынша жария тыңдау өтті. Оған осы елдімекеннің тұрғындарынан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен қоғам белсенділері жиналды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

АЭС салуға қатысты қоғамдық пікір о бастан кереғар екені құпия болмаса керек. Әлеуметтік желілерде де қарсылар мен жақтаушылар арасында қызыл-кеңірдек айтыс-тартыстарға талай куә болып жүрміз. Балқаш маңындағы Үлкен ауылында да осы жайт алдымыздан қайта шықты.  

Жария тыңдау – белгілі бір жерде атом электр стансасын салуға қатысты жергілікті халықтың көзқарасын білу және талқылау үшін ұйымдастырылатын шара. Модератор Бағдаулет Үстеновтің айтуынша, Қазақстан Республикасының атом электр энергиясын пайдалану туралы заңның 12 бабына сәйкес, атом электр стансасын салу бойынша жария тыңдау өткізілуі тиіс. Ал АЭС-ке қарсы топтың дені – Алматыдан ат арылтып келген қоғам белсенділері. Жергілікті тұрғындардың біразы қолдаса, екінші жартысы дауласушы тараптардың пікірлерін үнсіз тыңдап отырды.

Үлкен елдімекенінің басты бағыты – балық шаруашылығы. 1970 жылдардың аяғы мен 1980-дардың басында ЮКГРЭС салынады деп қаншама маман келді. Үлкендіктермен кездескен сайын атом стансасы қашан салынады деген мәселе көтеріліп жатыр. Осы ауданның тұрғыны әрі әкімі ретінде қуанышымды білдіргім келеді. Өйткені, ақыры сең қозғалды-ау. Жасырып қайтейін, әр кеңесіміз осыдан басталған, – деді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас. 

Бірақ залға жиналған халықтың бір бөлігі әкімнің қуанышымен ортақтаса қоймады. Жамырап, айғайға басып, сөзін бөле берді. У-шудың арасынан «Атом стансасының бізге керегі» жоқ деген пікірлер де естіліп қалды.

Негізгі сауал – атом электр стансасын салу. Бізге ол не береді? Қазақстанымыздың дамуына қандай үлесі тиеді? Тек қана Үлкенмен шектеліп қалмайық. Электр қуатының тапшылығынан құны 200 миллиардтан асатын жобалар іске аспай тоқтап тұр. Конструктивті әңгіме жүргізіп, бір тоқтамға келейік. Мамандар жиналып отыр. Жиналысымызды у-шуға айналдырмаңыздар, – деп басу айтты аудан әкімі.

Атом электр стансасын салуға түрткі болып отырған жайт – еліміздегі қуат тапшылығы. Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлнар Мұрсалова бұл түйткілдің бірден-бір оңтайлы шешімі осы екеніне көпшілікті сендірмек болды.

Ұлттық ядролық орталығының, ядролық физика институтының мамандары келіп отыр. Туындаған барлық сұрақтарға жауап беруге тырысамыз. Атом стансасы электр қуатын өндіреді. Елімізде электр қуатының тапшылығын болдырмау үшін атом стансасын салуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Зал тағы да спикердің сөзін бөліп, у-шуға басты. Жамыраған жұрт сөзін аяқтатпады.

Атом стансасын салу үшін көп зерттеу жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша, Үлкен ауылының аумағы таңдалды. Қазақстан Республикасының заңы бойынша, атом электр стансасын салу тек қана Қазақстан Үкіметінің  шешімімен қабылданады. Шешім жергілікті өкілетті органның келісімімен ғана бекітіледі. Сондықтан халықтың пікірін біліп, сұрақтарға жауап беру үшін жария тыңдау өткізіліп жатыр, – деді Гүлнар Мұрсалова зал біршама тынышталған сәтте.

Артынша тағы да гу-гу дауыс шығып, зал іші «халық қарсы» деген ұрандар айтылды. АЭС-ке қарсы азаматтар плакат көтеріп, ортаға шыға бастады.

Десе де, айғай-ұйқайдың арасында қазақстандық атом компаниясының жетекшісі Тимур Жантекин отандық атом компаниясы атом стансасын салу жобасын қарастырып жатқанын, бұл мақсатқа Қазақстанның шығысы мен оңтүстігінде екі жер таңдалғанын айтып үлгерді.

Сөз кезегі Үлкен ауылының тұрғындарына да тиді. Айталық, Рахима Қайырбекова АЭС салуды жақтайтынын айтты:

– Біз осы жерде 40 жыл тұрып келеміз. Атом стансасының салынуын қолдаймыз. Үлкенімізге, Қазақстанымызға керек. Қазақстанның болашағына керек. Үкіметке, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенемін. Біз уранның үстін басып жүрміз. Өркениетті ел болғанымызды қалаймыз, – деді ол.

Ауыл тұрғыны Руслан Тұрақов Үлкенде көп үйдің қаңырап бос тұрғанын, инфрақұрылым дамымай жатқанын алға тартып:

Атом стансасы дамуға серпін береді. Үлкен тұрғындары шу шығарып, арандатушылық жасап жатқан адамдарға ілеспеңіздер. Олар сізбен дауласу үшін келді. Сондықтан сабырлы болыңыздар, – деп түйіндеді.

Жиында наразы топқа да сөз берілді. Өзін Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі деп таныстырған Светлана Могелюк «атом стансасы зиынсыз» деген тұжырыммен келіспейтінін айтты:

Қоршаған ортамен тікелей айналысып жүрген адам ретінде өз пікірімді айтуға құқығым бар. Бұл жерде айтылған жайттарды мұқият тыңдадым. Бірақ ешқандай негізгі, шындық ақпарат берілмеді. Атом энергиясы денсаулыққа зиян келтірмейді деген зерттеулер бар. Бірақ денсаулыққа зиян келтіретіні жайында көптеген, нақты анықталған деректер де бар. Атом электр стансасының маңында балалар ауруы, лейкемия едеуір көбейеді. Бала өлімі 24 пайызға артық болады. Атом стансасы зиянды. Азаматтар, сіздерге шындықты айтып жатқан жоқ.

Экологтың пікірінше, атом стансасының орнына қуаты одан бір мысқал кем болмайтын басқа да энергия көздерін пайдалануға болады.

Экологтардың үні бір арнаға тоғысып жатты. Мәселен, Мэлс Елеусізов те ядролық қалдықтар мәселесін көтерді.  

Бізге ұдайы атом стансасын тықпалайды. Әлем ядролық қалдықтарды не істейтінін білмей отыр. Жанып кету үшін күнге жіберу идеясы да айтылды. Бұл – бүкіл жер шары үшін үлкен мәселе. Біз қазір атом стансасын емес, Балқашты сақтап қалуды ойлауымыз керек. Балқаштан айырылып қалуымыз мүмкін. Өйткені, мұздықтардың 44 пайызы еріп кетті. Іле өзені де тартылады. Бұл жай ғана ертегі емес, – деді Мэлс Елеусізов.

Азан-қазан болып өткен жария тыңдаудан кейін аңғарылған жайт, АЭС жайындағы жиынға кім қандай пікірмен келсе, сол пікірмен қайтқан тәрізді. Әрине, кесімді сөзді айтатын – үлкендіктер. Келісім берсе, алғашқы қазақстандық АЭС-тің іргетасы Үлкенде қалана бастамақ.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға