Жаңалықтар

АЭС салу: «Ауыл» партиясы үндеу жасады

АЭС салу: «Ауыл» партиясы үндеу жасады
Фото: facebook.com/auylpartiasykz 27.08.2024 19:26 753

«Ауыл» партиясы саяси кеңесінің атом электр станциясы құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуге байланысты Қазақстан халқына және партия мүшелеріне үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Ауыл» партиясының үндеуі

Әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы, халықаралық нарықтардағы қатаң бәсекелестіктің артуы, геосаяси текетірестің күшеюі әрбір мемлекетке энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне баса көңіл бөлуді талап етеді. Бәсекеге қабілетті, әрі сапалы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру отандық энергетиканы қарқынды дамыту қажеттілігін туындатып отыр. ​​​​

Елімізде дәстүрлі және дәстүрлі емес көздерден энергия өндірудің өзіндік проблемалары бар екені белгілі. Мысалы, соңғы кездері су тапшылығының артуы бізді су электр энергиясын өндірудің болашағына күмәнмен қарауға мәжбүрлейді. Мұнай мен газ қорлары да шексіз емес. Сондықтан мұнай, газ қорларына негізделген ұзақ мерзімді пайдаланылатын энергетикалық жобаларды жоспарлау мүмкін емес.​​​​​​​​​​​

Көмір отынын пайдалану қазірдің өзінде күрделі экологиялық мәселелерді туындатуда. Аталмыш экологиялық мәселелердің ең бастысы – құрғақшылыққа, шөлейттенуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін айтарлықтай жоғалтуға алып келетін жаһандық климаттың өзгеруі. ​​

Қазақстанда күн және жел энергиясы секілді дәстүрлі емес қуат көздерінің айтарлықтай әлеуеті бар. Алайда мұның да энергия қорларын жинақтау және тұрақтандыру сияқты технологиялық мәселелердің шешілмеуі салдарынан көмір мен көмірсутектерді толықтай алмастыра алмайтыны белгілі болып отыр. Еліміз қазірдің өзінде электр қуатының тапшылығын сезінуде және оны айтарлықтай көлемде импорттауға мәжбүр. Электр қуатының тапшылығы орын алғанда оны ең алдымен ауылдар мен ауыл шаруашылығы саласы өткір сезінетінін кезінде жарықсыз қалған ауылдардың мысалынан жақсы білеміз. Қазіргі таңда атом электростанциялары әлемдегі көптеген елдер үшін ең тұрақты энергия көздерінің бір болып отыр.​​​​​​

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атом электр станциясын салу немесе салудан бас тарту еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе екенін атап өтіп, оны жалпыұлттық референдумда шешуді ұсынды. Өз кезегінде «Ауыл» Партиясы Қазақстанның экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігі, сондай-ақ келер ұрпақтың болашағы үшін қабылданатын шешімнің маңыздылығын ескере отырып, әрбір қазақстандықты референдумда өз көзқарасын білдіріп, атом электр станциясын салуды қолдауға шақырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға